Тұтқабай Иманбеков

Туындылары


ЕМ


       Серік ауруханаға қалжырап түсті. Денесі өртеніп барады. Шеке тамыры білеуленіп бүлк-бүлк етеді. Жанарына қайта-қайта жас толып, төңіректің бәрі бір түрлі бұлыңғыр көрінеді.
       Кейде безгек ұстағандай тұла бойы қалтырайды. Дене қозға көмген құмандай қайнап жатса да жаурайтын секілді. Табандары көрікке салған темірдей қызу. Іштен шыға алмаған жалынның әсері ме, әлде өзімен -өзі сөйлесіп жатыр ма, әйтеуір, отқа-текте ерні қыбырлайды. Кезерген ерін кермек татып, сыбырлап «су,су»дейді. Жауын тамшысындай ерніне тиген су жұтындырып барады. Өмірдің ендігі тірегі осы суға кеп тірелгендей ұмтыла береді. Бірақ сараң қол санаулы тамшыдан артық татырар емес. Аппақ қардай киінген біреу қасында тапжылмай тұр.Неге көбірек ұсынып, көңілімді қандырмайды. Жарымастың асындай жалақтатып қойғаны несі. Суға да сараңдық жасай ма», -деп ойлады Серік. Жүрегі қайта ауырып кетеді де, қалжырай түседі. Көз алдына адам емес Алатаудың аппақ қары елестейді. «Уыстап алып қарпып-қарпып жіберер ме еді. Осынша қар тұрғанда қаным кеуіп нағып жатырмын» .Ол екі қолын ербеңдетеді: әне ілікті қолына. «Неге қатқыл соншалық. Қар емес, қатып қалған мұз ба екен. Серік қабағын сәл қыймылдатып қарап еді-ақ халатты қыздың білегінен шеңгелдеп ұстап жатыр екен. Бір ышқынғанын біледі. Бірақ қозғала алмады. Ес жиып, көз ашақанда ақ халатты сол сары қыз білек тамырының бүлкілін тыңдап тапжылмай отыр екен. «Мына қыз алауланып алдымнан неге кетпейді. Денемді күйдірген жалын осы отты жүзден түспеді ме екен маған. Жо-жоқ, онда менің қызуым қалай басылды. Ал мына қыз батар күннің шапағындай неге қызарып барады. Өн бойымды өртеген қызуды тамырымнан тапжылмай ұстап, өзіне тартып алып отырғаннан сау ма. Иә, иә дәл солай. Әйтпесе неге терлейді. Бұл қыз да қиналып отыр екен-ау. Мені азаптан арылту үшін өзі азапқа түскен қандай жан бұл». Серіктің сапырылысқан ойы сандырақ үстінде осылай ауытқып жатты. Көз алды қайта мұнартып, қарауытып кетті де:
       - Жо-жоқ. Болмайды. Қаш, қаш! Құтыл!-деп қатты айқайлап жіберді. Қайтадан сұлқ түсті. Қыз теңселіп барып, Серіктің маңдайын қайта сүйеді. -Тынышталыңызшы. Көзіңізді ашыңыз. Қызуыңыз басылып келеді ғой. Жақсы боласыз. Қиналмаңыз. –Қыз әрең езу тартты. Серік қызды қатты аяды. Сестра екеніне енді-енді көзі жеткен соң мейірлене қарады. Жаңа өзінің сандырақтап жатқанын аңғара бастады. Әйтеуір, бір жылы сөзбен оның көңілін жібіткісі келді. -Азапқа салдым-ау, сізді. Азырақ дем алсаңызшы. Мен енді қыйналмаймын ғой. -Ол әр сөзді бөліп-бөліп әрең айтты.-Жо-жоқ үндемеңіз. Сізге көп сөйлесуге болмайды. Шаршап қаласыз. -Сестра қамқорлығына қайта көшті. «Не деген мейірімді жандар еді. Ақ халатты неге киеді десем-бүкіл жан дүниесі кіршіксіз адам болған соң киеді екен ғой». Серік «рақмет қарындасым» дегеннен басқа еш нәрсе айта алмады. Көз жасын көрсеткісі келмей аунап түсті. Қатты шаршағанын енді ғана аңғарды... Күндер өтіп жатыр. Серіктің келгеніне де айдан асып барады. Күнде таңертеңмен тұрады да алақандай календарьдың бетіне ұзақ үңіледі. Қабағы салбырап маңдайының қыртыстары да көбейіп кетеді мұндайда. Бар кінә осы бір жапырақ қағазда тұрғандай календарьды жыртып тастауға барып қалады. Сонан соң қарындашын алады да өткен күннің үстін бір сызып тастайды. Масайраған май айының әр күнінің бетіне осылайша белгі түсіп таусылды. Босқа кеткен күннің бәрін айқыш сызықпен аямай сызатын әдеті еді Серіктің. «Япырмау, шынымен-ақ, ай толды ма. Не бітірдім? Түк те жоқ Әр жамбасқа бір аударылып түскеннен басқа түк жоқ. Айыққан соң алға кеткен уақыттың бәрін қуып жете алам ба.»! Ол шар айнаға қарады. Аздап өңі кірейін деген бе, қалай.? Құрғап қалған көлмектің орнындай үңірейген екі ұрты шыға бастапты. Жүзіне қан жүгіріп, бет құбылысы да жанданып келеді екен. Бірақ сонда да көңілсіз.Терезеден телміреді де жатады. Осынау қызықты өмірге шымылдықтан сығалағандай болады. Мына аурухана терезесі дүниені екіге бөліп тастап, оларға тек көңілсіз көлеңкелі, мұнартқан мұңды бөлігі қалдырған сияқты. Бүкіл өмір өзінің бар қызығымен, бар көркімен ақтарылып кеп,терезеден ішке ене алмай тоқтап қалғандай болып көрінеді. Алыстан қол бұлғап: «енді өзің кел» деп шақырғандай болады. Серік соларға қызбен қоштасардағы мұңлы жігіт жүзімен қарап жатыр. Дәл қәзір Алатау келбеті кемеліне келген шақ. Бұл кезде бүкіл Алматы Алатаудың әр қойнауына көшіп барады десе де болады. Балағыңа оралатын балғын шөптің арасымен адымдап, гүл терген қандай тамаша. Май гүлінің иісі де ерекше ғой. Бір шоғын танауыңа апарғанда жұпар көліне шомылғандай мас боласың. Мас боласың да мамық кілемдей шалғынға шалқаңнан түсіп жатасың. Көк жасыл сені көрсетпей көміп жібереді де әрқайсысы сыбырлағандай болады. Бәрі де «мен Сұлумын, мен сұлумын» дейтін сияқты. Сен соның бәріне кәміл сенесің. Қуанғаннан көзіңді тас жұмасың да рақаттанып қиялға батасың. Самал тербеген жасыл желектің әр талы тамағыңды қытықтайды. Ерке қыздың қолындай майда да мамық. Жасыл шалғын бетіңе жабыла кеп төнеді. «Қалай шыдап жатырсың .Аш көзіңді. Аспанға қарашы» деп сыбырлайды сонда бір гүл. Сен еркелеп жатып жанарыңды әрең ашасың. төбеңнен көк шатырдай төніп аспан тұрады сонда. Алақандай бұлт жоқ. Кіршіксіз көңілдің көрінісіндей қандай таза еді. Ашық аспанда көздің қарашағындай боп бір нәрсе қалықтайды. Бұл-қыран құс. Шырқау биікке көтеріліп ап дүниенің бар көркіне рахаттанып тұрған сияқты. Тапжылмай қарайды. Сондай биіккке самғап барып сен де қарар ма едің. Жоқ, бұл қыран емес, қиялың боп көрінеді сонда. Сен де шырқау биікте жүргендей сезінесің. Албыраған дала гүлінің бір шоғын үзіп аласың да тағы иіскелейсің. Тағы мас боласың... Серік өзін-өзі ұмытып, гүл үзгендей қармана берді. Қолына іліккенді иіскеп қалғанда бір таныс иіс танауын өртеп жіберді.Ұстап тұрғаны жаңа ғана сестра құйып кеткен дәрі екен. Айналаның бәрі де дәрі сасығандай. Мынау тар қабырға да, терезенің жақтауы да, әйнектің өзі де, аурухананы қоршаған шарбақ та дәрі саситын сияқты. «Осы үйдің әр кірпіші, әр жапсарына дәрі сіңген шығар-ау». Серік тітіркеніп отырып, дәріден көз тайдырғанда тағы да Алатауды көрді. Алматының бар жемісін алдына жинап алып, дастархан басында дандайсып отырған көлпал қарттай көрінеді. Баурайындағы сыңсыған шыршалар сол маңғыз атаның көңілінен қалай шығамыз деп қарсы алдында дамылсыз тағзым еткен ізетті келіндердей иіледі. Қызғалтақтар қыздары сияқты. Қызды ауылдың қызығы көп. -Дәріңізді ішпепсіз ғой, ағасы. Болмайды, болмайды. Уақытылы ішкен, дәрінің шипасы мол.
       Сестра тұр екен. Тәтті ойдан табанда айырылып қалғанына өкінгендей Серік көңілсіз сөйледі...
       - А-а. Қазір ішемін.
       Серіктің көз алдынан қызыл гүл кетер емес. Барлығы бұрылып билейтін сияқты. Махаббат биі, өмірге деген құштарлық биі. Солардың ортасында Серік тербеліп жүрген сияқты. Құлшына билейді. Енді ол дөңгелене береді, дөңгелене береді. Сонан соң құлап түседі де бауырлап жатып алады. Гүлдерді құшырлана иіскейді.
       Ол селк ете қалды. Дәрі құйған оймақтай шыны қолынан ыршып кетті.
       - Қап бекер болды-ау, ағасы. -Сестра қыз екен. – Көп ойламаңыз.
       Тіптен теңселіп кеттіңіз ғой. Басыңыз айналды білем.
       Жата қойыңыз.
       - Жо-жоқ... Абайсызда аңдамай қалыппын.
       Серік өзін-өзі осылай ақтамақ болды. Ол енді терезеге қарамай бүркеніп жатқысы келеді. Бірақ бір сиқыр күш мойын сол жаққа бұра берді.
       Анау алаңда да ақша гүл алаулайды. Таудан арнайы түсіп, Серікті қызық ортасына қаумалап ертіп кетуге келе жатқан қыздар сияқты.
       Енді гүлден назарын аударды.Терезеге қарады. Көшеден ерсілі- қарсылы ентелеген машиналар өтіп жатыр. Қасына немересін ерткен қарт әже дүкеннен сүт әкеледі. Бір топ қыз асыға басып көлденең көшені қиып өтті. Студент болса керек. Қоңыр күшік құйрығын бұлаңдатып, қайта-қайта ұмтылып, жас баланың жанынан шығар емес. Баланың лақтырған нанын қағып жеп тұр...
       «бұрын аңғармайды екенбіз. Осынау қарбаластың өзінде қанша қызық жатыр».
       Аурухананың ар жағында дүбірлі үлкен той өтіп жатқан сияқты. Серік сол тойға шақырылмаған жандай жаутаңдайды. Мұнда базарлы күннің бәрі бас сауғамен өте ме, қалай? Дәрі аңдып бұйығы жатқан жандар. Дәрі сіңген халат, дәрі тұнған шыны, дәрі жұтқан адам, дәрі ұсынған қол. Осындағы дүниенің бәрі дәрі. Соңғы кезде өзін дәрі истеніп бара жатқандай сезінеді.
       Бәрі қатып қалған тәртіп. Күнде таңертең дәрігер келеді. Көрген сайын айтатыны: «Мына аурудың аты-жөні былай. Пәлен күні келіп түсті. Өзі пәлен жердікі. Мына жері ауырады.Түген уақыттан бері ауырады. Берген дәріміз мынау. Бұрынғы жайы мынадай еді, қазіргі халі осы» деп тақпақтайды да тұрады. Пленкаға жазып алған сөздей өзгерсейші бір. Бұдан кейін «Халің қалай? Ұйқың тыныш па? Тамаққа тәбетің жақсы ма? Өзгерісің жоқ па? Айтатын шағымың бар ма?» деп тәптіштей жөнеледі. «Не деген бірсарынды өмір. Бәрі де аурудың әлегі ғой».
       Алғашқы кездерде Серік кітап оқудан бас алмады. Уақытты қалай өткізерін білмей сарғайғанда кітап үлкен серігі болды. Көңіл сұрай келген жолдастарына алдыратыны-кітап. Енді одан да тасырқай бастапты. Әр кітап бір өмірді алдына көп өмір жайнап келіп, жанын түрткілейді.
       Серік болса шынында өскен бір тал өсімдіктей өзге дүниеден бөлек жатыр. Тамыр жайып, талпынайын десе шытынаған шыны жібермейді. Тоқтау судай тоқырап жатқаны.
       Бұдан кейінгі ермегі ұйқы. Серік көп ұйқыны жау санайтын еді. Аз ұйқтап, көп армандайтын. Аз мызғып, көп тіршілік ететін. Қалағы күнге жалтылдап тас қалаудан жалықпайтын. Бір кірпіш қаланса, бір қарыс биіктеп, көңілі де өсе беретін. Үйдің ақырғы қабатын қалап жатып, қалаға көз тастағанда ол рақат теңізінде жүзіп кеткендей болатын. Осы сәтте ол барлық адамнан да алып барлығынан да қуатты сезінетін.
       Қаланың батысында қаз тізіліп өсіп келе жатқан үйлердің көбінде Серік қолының табы, сіңірген еңбегі бар еді. Сондықтан да бұл жақ бәрінен де ыстық көрінетін. Төсекте жатып бір сәтке соны сағынады.
       Ал мұнда дәрігерлер ұйқыны үлкен серік дейді. Айтатындары «ұйқының өзі үлкен ем». Сондықтан мейлі ұйқың келсін, мейлі сергек бол, бәрібір қөз жұмып жат. Ұйқтай алмасаң өзіңді-өзің қинап ұйқтат. «Ұйқы дұшпан» дейтіні қайда халықтың.
       Іші пысқан адам әркімге соқтыққыш келеді екен. Болмашы әңгіменің өзіне қарқ боп күліп жатқаны. Сымға қонған торғайдай аурухана терезесінің алдына қаз тізіліп алады да, бәрі көшеден өткендерге қарайды. Қыздар өтсе біреуінің жүрісіне, біреуінің күлкісіне, біреуінің балтырына, бойына қызығады.
       ...Аурулар қырғи тиген шымшықтай шыр ете қалды... «Қараңдаршы, қараңдаршы» деп қалбалақтап жүр. Серік те көшеге көз тастады. Алыстан сағымша тербеліп бір қыз келеді. Қолында гүл. Қынай тіккен жұқа көйлегі жұмыр денесіне жабыса түсіпті. Мойыл қара бұрымы қыз жүрісімен тербетіліп, қос иығына алма-кезек сырғанап түсе береді. Қыз бұрымды оқыс сілкіп тастайды. Сол кезде ақ тамағы қараңғыны қақ жарған сәуледей жалт ете қалады. Жақындаған сайын жүзі де айқындала берді. Аққұбаның әдемісі. Күлімдеген жанарында өзіне ғана тән жарастық бар сияқты.
       Серік қызды көргеннен-ақ көз тайдыра алмады.
       - Қайырыла кетіңіз, қарындас, -деп қалғанын өзі де аңғармады.
       Қыздың денесі жел соққан қайындай дер ете қалды. Онсыз да көп көзден қысылып келе жатқанда әлгі сөз алдынан арқан кергендей бөгей берді. Жайлап қана жүре беріп еді. Бір ой өзін Алаңдатқандай болды.
       «Аурудың көңілі жарым болады. Жағдайын сұрасаң жазылғандай көреді» дейтінді апасынан көп еститін қыз. «Қарамай өтсем жандарын жаралай түсем ғой. Қайырылғанда не тұр». Қыз ойы осыған кеп тіреледі де бері бұрылады. Ентелеген көп көзден қысылғандай. Қоянның көжегіндей дір-дір етеді.
       «Қайсысы екен тіл қатқан».
       - Гүліңіз қандай жақсы еді, қарындас! Серік енді батылдана түсті. Қыздың жүзінен көз алар емес. Өзінің қылығына ұялды ма, әлде қыз жалынына жанып бара ма, беті дуылдап кетті. «Енді не демекпін».
       - А... Гүл дедіңіз бе, жақсы гүл, ала қойыңыз, аға –Қыз қымсынып келіп жігіттің алақанына гүлді ұстата берді. Серік гүл емес, шоқ уыстағандай сезінді. Бұрын-соңды өзі сезіп-білмеген қош иіс лап етіп кеудесін кернеп алған сияқты.
       - Айығып кетіңіздер, ағатай!- Қыз осыны айтты да жүгіре жөнелді.
       Серік енді ғана есін жиды. Гүл ұстаған қолын соза түсіп, дауыстап жіберді.
       - Кідіре тұршы, қарындас... Қайда асықтың. А-а-тың кім е-еді, қарындас? - Қыз қайта бұрылмады. Серік ентігін баса алмай:
       - Мен Се-рік, -деп дауыстап қалды.
       Бұдан ары шыдай алмады. Төсегіне құлап түсті де, балқыған сезім құшағында гүлді бауырына қысып ұзақ жатты.
       Кешке қарай Серіктің қызуы тағы да көтерілді. Денесі дел-сал болып қалжырап жатыр. Төңірек бұлыңғыр сезіледі. Еміс-еміс түс көргендей болады. Міне, қала ортасындағы гүл сататын алаңда жүр. Қаптаған гүл ішінен бір шоғын алмақ. Кенет манағы қыз алаңдағы барлық гүлді жиып алып жүре берді.
       Бірін де қалдырған жоқ.
       - Тоқта, қарындас, гүл-гүл! -деп айқайлап жіберді. Қайтадан талықсып кетті.
       Өзіне-өзі сөз қашан келгенін біле алмады. Әйтеуір, ес жиғанда Серіктің жанында алаулаған гүл тұр еді. Ол аң-таң. Дірілдеген қолын созып, гүл шоғын сипалады. Айналасындағы ауруларға көз тастап еді, олар да мұның қимылын бақылап жатыр екен.
       - Кім әкелді?
       - Қыз әкелді.
       - Кімге әкелді?
       - Саған.
       - Қай қыз? Алаңдағы ма?
       - Қайдағы алаң? Әлгі гүл сұрап алған қызды айтамыз. -
       Серік сандырақтап арыла алмай жатқанын сезді. Бір түрлі іші жылып, жеңіл күрсінді.
       Бірақ беті бері қараған сайын ойы да көбейді.Терезеге қадалады да жатады. Көретіні – жалғыз ғана Алатаудың баурайы мен басы.
       «Гүл әкелген қыз да Алатаудың баурайында жүрген шығар. Мына гүлді де сол жақтан терді ме екен? Неге келді? Қалайша мейрімі түсті? Жоқ, әлде таныс біреу жұмсап отыр ма? Аты-жөнін де білмеймін. Өткен жолы өлермендік жасағандай тіленіп алып едік. Бұл жолы ше? Әлде көз түскенге көңілшектік жасайтын біреу ме?»
       Ол ойдан арыла алмайтынды шығарады. Қайта-қайта еске түседі. Кейде қиялдайды Қызды есіне ал