Зылиха Жантасова

Туындылары


ӨМІР – АЛДАНЫШ...


      Айсара бала кезінен ертегі жаттап өскен. «Баяғыда бай бопты, бір перзентке зар бопты» деп бастай жөнелетін. Ертегі, батырлар жырынан үзінді айтқанда тыңдарманның шексіз ықыласына бөленіп, қайталаудан жалықпайтын. Ертегінің сол алғашқы екі жолы болашақ өмірінің ұзақ жылғы мазмұнын құрайтынын бала көңілі қайдан сезсін?
      Күйеуі екеуі де кейіпкерлерше әулие-әнбиелерге тәу етіп, бір перзент сұрайтын. Қалжырап келіп құлап, шарапатын түсінен күтетін. Бірақ, ақ сәлделі шал аян бере қоймайды. Үміттері де үзіліп, қайғылары да көнеріп кеткендей. Бұйрығы тіршілігінің ырғағын ауыстыра алмай жаны ауыратын. Бір жолы ауылына кеткен күйеуі кішкене қазақы күшік көтеріп келді. Айсара күйеуінің бұл әрекетін іштей ұғып тұр. Күшік те бүйірі бұлтиып алып, иесінің шексіз мейіріміне ие болғанына риза кейіпте аула ішінде жүгіре жөнелетін. Мұның көйлегінің етегіне оратылып, тартқылайды. Айсара да иттің бұл қылығын ерексіз тамашалап қалатын.
      Ажырасқан сәтте күшік күйеуінің еншісіне бұйырды. «Күшікті өзім әкетем. Бір күшікке зар қылған тағдырымды қайтейін...» Күйеуінің дауысы қимастықтан тарғылдана шықты. Жолайрықта тұрған ерлі-зайыптылар қимай қоштасты. Алма ағашына сүйеніп тұрған келіншек кенет ойын жинақтап алды да:
      - Бақытжан, итті маған тастап кетші. Жаныма серік болмаса да қорғаным болар. Қорғансызбын ғой, - деген.
      Аңырып қалған күйеуі кілт бұрылды да кап ішінде бұлқынып жатқан күшікті босатып жүре берген. Еркіндік алған адамның досы үйшігіне жүгіріп кіріп кетті де әлдеқандай жамандықты сезгендей ұзақ ұлыды. Дала күңгірт тартып барады. Айсара бұл түні иттің үйшігіне жақындап келіп: «Енді екеуміз ғана қалдық», - деді булығып.
      Иесінің дірілге толы сөздерін ұққандай күшік еркелей Айсараның мойнына асылғанда амалсыз көзінің жасына ерік берді. Күміс тамшылар ботадай жанарынан сырғып барады.
      Бірыңғай мазмұнсыз тіршілігі жалғасын тауып жатты. Келіншекті бір дерт меңдеп барады. Қанында қант құрамы көбейіп кеткен. Бұрын тек адамдарға сенетін басы Алламен жұмысы жоқ-ты. Дәрігерлер шарасыздық танытқанда дүниені түгел теңгеріп отыратын жоғарыда үлкен құдіретті күштің барына ішкі түйсігімен иланды. Иманға ден қойып, намазға жығылды. Түнімен аяғы сырқырап, денесінен бөлініп жатқандай ауырсынып, сілкіп-сілкіп қояды. Шолпан жұлдызы жарқырап келе жатқанда мезет орнынан тұрып, дәрет алды. Тәспі аударды. Сүрелерді күбірлеп оқыды. Кенет ойына әлдене оралғандай жатқан иттің үстіне ауру аяғын қойып күбірледі:
      «Ей, құдіреті күшті Алла тағалам. Көрсеткеніне шүкірлік етемін. Меңдеп бара жатқан дертіме дауа іздеп сенделдім. Ауруын берген жаратқан ием шипасын да бере гөр. Менің кеселімді мына жатқан хайуанға өткізе гөр. Қиналып кеттім, азабымды сейілте гөр, Жаратушы ием. Он сегіз мың ғаламды жаратқанда дүниені адамға қызмет етуді бұйырған Аллам-ай. Дертімді итке аудара гөр», - деп жалбарынды.
      Иті болса мұның күбіірн тыңдап,иесіне адал көңілмен телміре қарайды. Адамдардың өзімшілдігінен, қатыгездігінен хабарсыз кейіпте.
      Күбірлеп жатып ұйықтап кетіпті. Таң ата сергек оянды. Бойы да жеңіл тартыпты. Ауруын сылып тастағандай. Бұл кереметке таңқалды. Шүкіршілік етіп тұрғанда құлағына қыңсылаған үн келді. Ақсаңдай басып артынан иті ілесіп келеді. Бұдан жәрдем күткендей аянышты ыңырсиды.Жалт бұрылды да итін құшақтай алды.
      - Алда ғана пақырым-ай, ақсаңдап қалыпсың ғой. Қайтейін енді, мен бұл қадамға амалсыз бардым ғой. Қасиеттім-ау, кеселімді алып қалып, ауырсынып жатыр екенсің ғой.Қайтейін енді, мені кеш. Шарасыз қалпыңды көру маған да оңай емес. Менен көмек күтіп телміресің. Кішкене күшігім-ау, мен пақырдан не көмек күтесің? Ауруымды саған арқалатып жібердім ғой. Сенің аурыңды төзімі мықты қара жер алсын. Қара жерді баса бер, баса бер. Жер көтереді.
      Итінің көзіне қарап тұруға дәті бармады да жалма-жан жалт бұрылды. Жазықсыз жануарға қиянат жасағандай қашып келеді. Қашып келеді. Дүние пішіндес, тағдыры кейіптес иті де қалар емес, ақсандай басып еріп келеді. Еріп келеді.