Төретайұлы Қабылбек

Асыл сөз


Қарға бағы жанса да,
Екі шоқыр бір қарап.


***


Науқастық – күйгендіктен,
Селқостық – күйбеңдіктен.


***


Төзімді серіппедей сыға берсең,
Кері теуіп, дүлей күш жай атады.


***


Шарықтан шығар жоқ үнім,
Кез болдым Заман – обырға.
Өрекпіп өлең оқыдым,
Өз тілін ұқпас тобырға.



Ұлылық ұялаған Қазақтың кез-келген өңірі зиялылыққа толы ғой. Дегенмен, әдебиеттің әдепті әлемін, мәдениеттің мәнді мәйегін сақтап, ұлттың ұйытқысына айналған біздің Оңтүстік өңірінен өнер иелері, әсіресе, қаламгерлер көптеп шығатыны күллі жұртқа аян.




Шер ілер қос жол егізің,

Көмілер шаңмен көп ізің,

Егіз жол қалар елжіреп,

Ақын еді ғой...дегізіп.

«Егіз жол жыр» өлеңіндегі осы ойлар өмірдегі және өнердегі кредом.



Өлең жүлдені жеңу үшін емес, жүрекке ем іздеу, жандас жақының мен қан дас қимасыңның жанына жалау, көңіліне медеу, бүгілген беліне тіреу болу үшін керек деп ойлаймын.



Бүгінгі ұран «Халық – билік үшін» емес, «Билік – халық үшін» болуға тиіс және бола да бермек.



«Мен көбіне өлең жазғанда Абай мен Шәкәрімді, Ілиясты, Мұқағалиды, Төлегенді көп оқимын. Олардан үлгі аламын.»



Үлкен істі үндемей бітірген – ақылдылық та, аз ғана тірлікті айқайға айналдыру – адырлық екендігі есте болса, шіркін! Сөз бен істің бірлігі, тірлік пен тілдің сәйкестігі ләзім.



Шындық – күн іспеттес қой. Оның жүзін уақытша қара бұлт торлап, көлегейлегенімен күн тіптің түбінде өз шуағын шашпай тұрмайды. Шырқа, шындық, тұғырлы бол, туралық, алдыңнан жарылқасын, ақиқат пен әділдік!



Еңбек – бақыт, еңбек – абырой, еңбек – даңқ, еңбек – адам өмірінің мән-маңызы, мазмұны. Осыған орай, еңбек жеңісіне ұмтылу, бақытқа қол созу әрбір жанның игі арманы, өмірлік мұраты.



Тіл мәселесінде солқылдақтық пен мәймөңкелікке, көңілжықпастыққа, жалпақшешейлікке орын болмасқа керек. Дәл осы мәәселеде бұрынғы еткен еңбек, төккен тер, атақ, лауазым есепке жүрмеуге, құндылыққа тұрмауға тиіс. Кешегі аты дардай, өзі зордай ақиық ақын бүгін қияметтің қыл көпіріндей алмағайып заманда ана тілге арашашы азамат емес, «алды-артыңды абайла, арандап қалма» дегенсіп, «бағар малыңды, егер егініңді, қарныңның тоқтығын ойла» десе, оны асқан ақылдылыққа балауға бола қояр ма екен.



Туған тілімізге деген ыстық ықыласты барынша қуаттап, қолдай отырып, оның мейілінше өркендеп, өрістеуіне барлық жағдайлар мен алғышарттар жасау – ендігі ұлы міндет.



Тіл дегеніміз – үлкен болсын, кіші болсын кез келген халықтың тарихи терең тамыры. Тамыр солса, дарақтың өмірі де сөнеді. Тілдің өсіп, өркендеп, шешек ата беруіне аянбай ат салысу халқын қадірлейтін, туған елін сүйетін әрбір саналы азаматтың абзал борышы деп білемін.



Тіл – халықтың ең басты ділі,  ең соңғы қорғаны. Осы соңғы «тас қамал» алынса ұлттың құрығаны.



Сезбеген екем мен бұрын,

Қалмады тіптен дегбірім.

Өткеніме салауат,

Не болады ендігім?



Күні ертең-ақ екшеленіп есімдер,

Айтылар нақ алғыс, қарғыс, кесімдер...



Сөзі өлгеннің өзі өлер,

Көмер бірге салтыңды.



Халық боп, тілсіз балық боп,

Көрген бір күнің құрысын!



Бүгінгі бала шақ –

Ертеңгі болашақ.



Қасиет мол нұр ойда,

Қасірет көп кір ойда.