Төретайұлы Қабылбек

Туындылары


КІНӘЛІМІІЗ

Кінәліміз...
Арды таптағанымыз,
Жауызды мақтағанымыз,
Жазықтыны жақтағанымыз,
Айлалыны ақтағанымыз,
Сатқын ойды сақтағанымыз
ҮШІН
Кінәлі — Біз! Кінәліміз!
Тазалықты ластағанымыз,
Даңғазалықты қостағанымыз,
Өсиетті ойдан аластағанымыз,
Тарих тағлымын тастағанымыз,
Тағылықты бастағанымыз
ҮШІН
Кінәлі — Біз!
Кінәлі — Біз!
Кінәліміз...
Жақсылыққа жол бастамағанымыз,
Мәңгүрттікке майдан ашпағанымыз,
Қиянаттан қашпағанымыз,
Санасыздықтан «саспағанымыз»,
Таланттар туындысын тірісінде баспағанымыз
ҮШІН
Кінәлі — Біз!
Кінәліміз...
Келеңсіздікке көлденең тұрмағанымыз,
Мейірімге мойын бұрмағанымыз,
Бетсіздікті бетке ұрмағанымыз,
Балаң ел бақытын ұрлағанымыз,
Жағымпаздықты жырлағанымыз,
Қараны ақпен сырлағанымыз
ҮШІН
Кінәлі — Біз!
Кінәліміз!