Төретайұлы Қабылбек

Туындылары


Әр кәллада бір-бір қиял

Әр кәллада бір-бір қиял, Әр жүректе бір-бір дерт.
Әрбір жырдан бір-бір сый ал
Өлең деген — құдірет.

Қумағанмын жаным сала,
Байлық-сайқал түлкіңді.
Кеуіл шіркін — балғын бала
Нұрландырған күлкіңді.

Жанды ұтпай айламенен,
Жүрмей өмір ығымен
Сауғашыға байлап өлең,
Биіктерге шығып ем.

Қоңсы қонбай пайдаменен,
Ісім болмай даңқпенен.
Өлең өріп «қайламенен»
Адалдықты бақ, деп ем.

Бақай есеп атақ, алды,
Жүлделенді жарамсақ
Бағасыз боп бата қалды —
Адырнасыз ақ садақ.

«Қалың қалта» ғұламасып
Көсемсініп көк мылжың.
Жылдар жылжып, айлар асып,
Өтуде өмір — ит қыржың.