Төретайұлы Қабылбек

Туындылары


БІЗ ҚАЗАҚПЫЗ!

Уланбаса санамыз,
Арлы болса баламыз.
Ғаламдастыру дейді ме,
Келсін, көріп аламыз.

Су болмаса миыңыз,
Саруайымды тиыңыз.
Жас түрік, көк түріктің,
Боламыз ең сойы біз.

Қан бар қалған бабадан,
Жау алса да жағадан.
Ар кетпесін — жан кетсін,
Деп туғанбыз анадан.

Мекен еткен сан ағам,
Колыма мен Магадан —
Қорлық, құлдық таңбасы
Өшсін мәңгі санадан!

Көктей солып жас үміт,
Елден ерек ашынып.
Сар далада ақ сүйек,
Қалған біздің шашылып.

Татулыққа жарымай,
Ауызбірлік дарымай.
Шашылған да біз едік,
Жер жаһанға тарыдай.

«Отыз жеті» жеткенде,
Тажал уын сепкенде.
Қынадайын қырылып,
Біз көп кеттік көптен де.

Тірілгендей көрден біз,
Талай сұмдық көргенбіз.
Ұлы Отандық соғысқа,
Бестен бірді бергенбіз.

Даладағы күзді көр,
Адыр мінез түзді көр.
11 мыңдай батырдың,
Жүзден бірі біздің Ер.

Ашып-тасқан — боза біз,
Озбас жерден озамыз.
Қызбас жерден қызамыз,
Тозбас жерде тозамыз.

Шел мен шөлейт қонысың,
Іштен шалу — «зор ісің»,
«Жынды суды» жұтудан,
Жолда қалды орысың.

Біз қазақпыз, қазақпыз,
Келіскенде ғажаппыз.
Керіскенде азаппыз,
Көрінгенге мазақпыз.

Біз қазақпыз, қазақпыз,
Ақ қардан да таза ақпыз.
Жақсылықты көп беріп,
Рахатты аз аппыз,

Дос-жаранға жұмақпыз,
Қас дұшпанға тозақпыз.
Арың ҮШІН жан беріп,
Ар атынан сөз аппыз,
Біз қазақпыз, қазақпыз!



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу