Төретайұлы Қабылбек

Туындылары


ҰҚҚАНҒА БҰЛ ЖАЛҒАНДА АҚЫН ЖҰМБАҚ
«Қатыбас өмірден мен пайда алмадым...»
М. Мақатаев


Ештеңе жасамаппын, сенесің бе,
Түсерлік те, аларлық ел есіне.
Шықсам-дағы бес биік белесіне,
Жүрдім жырдың жылынып елесіне.

Алар ма ертең жырқұмар ел есіне,
Жеткен шақта өмірім мәресіне?!
Мінгенімде келместің кемесіне,
Алармысың, Оқырман, сен өсіңе?

Жетер ме жұрт оиымның өресіне,
Алғаным аз, мардымсыз бересі де.
Жүрегім мен жанымның жыр-мәуесі,
Кітабымның жарасар сөресіне.
Өкпелеттім өлшеусіз өлең-жырды,
Қатырам деп келесі, келесіде.
Қара өлең кез болғай егесінө,
Дана өлең кез болғай егесіне.
Менен кетіп, өзіңө жеткеннен соң,
Өзің жұртым қазы да, төреші де.
Жаным бір сәт тыншымай, маза көрмей,
Қойсам ба екен, шіркінді жаза бермей.

Бос өткен көп күндерге жазықтымын,
Өтей алман өткеннің жазып құнын.
Мұртымды балта шаппай жүрөр ме едім,
Біткенде мақсат атты «қазық» мығым.

Алдыма қоя алмастан жарқын мақсат,
Қалдым ба айдалада атым ақсап.
Із-түзсіз ит-ыржыңмен өте шықты,
Жас кезең, жасыл көктем, жарқылды шақ,

Жүріппін бірде тоқсап, бірде ақсап,
Болыппын бірде тым пәс, бірде асқақ.
Талай сыр аңғарарсың абайларсың,
Кір жасырмай жүреккө бәрін жазсақ.

Мәңгілік тот баспайтын алтынға ұқсап,
Басыма қондың ба шын ақындық бақ.
Жеті қат Көк, алты қат Жер анадай,
Үққанға бұл жалғанда ақын жұмбақ.

Зерттемей ақын жанын кім біледі,
Ақынның келер ұқсас гүлге реңі.
Екеуін де ұрады шұнақ аяз,
Екеуі жайраң қақса — КҮН күледі.

ГҮЛ мен Ақын... Парығын кім біледі?
Екеуі де шуаққа ділгір еді.
Екеуін де ызғырық бүлдіреді,
Ғадауат КҮШ екеуін тілгіледі.

Жалғанда не көрмейді ғазиз басың,
Атақ-мансап — бәрі ҮШ ПҰЛ КӨЗ жұмғасын.
Тірліктен бақилыққа көзің кетсе,
Ұрпаққа үлгі болар сөзің қалсын,
Сол айтар кермек көңіл, көздің жасын.