Нұрғиса Төремұратов

Туындылары


МАҢДАЙЫНДА ТӘҢІРІ

Болмысым бекзат, білемін,
Айтамын бүкпей жатқа нық.
Күнге қарап күлемін,
Қазақтығыма мақтанып.

Өткен тарих – бір елес,
Оқта, отта жаныппыз.
Сойқандарға сыр бермес,
Сырттан текті халықпыз.

Өскен елміз салып ән,
Дархан дала иесі.
Қанымызға дарыған,
Көкбөрінің киесі.

Үмітті алға жалғадық,
Тек тағдырға жүк артып.
Қыран сынды самғадық,
Құзар шыға құмартып.

Серігі оның ізгі арман,
Жақсылыққа жаны ұлы.
Таңдайында сөз-маржан,
Маңдайыңда тәңірі.

Тасқа салам жыр мүсін,
Ұлтын сүю – ерге сын.
Баянын тапсын тұрмысың,
Бармақтай бақ бергесің.
О, қазағым,
жұлдызың
Күн сөнгенше сөнбесін!