Шілтерханов Әдіһам

Шығармашылығы




Қалмахан Анарбеков, Қазақстан Жорналшылар одағының мүшесі.

ҰЛАҒАТТЫ СӨЗ ЗЕРГЕРІ

Әдіһам Шілтерханов ағаны 1952- жылдан білемін. Әдекең ол кезде Алғабас ауданындағы «Алғабас» кеңшарының орталығында ауыл мұғалімі болып жұмыс істейтін. Біз осы қоныстың батыс жағындағы ара қашықтығы 10-15 шақырымдай Жүзімдік деген жерде тұратынбыз. Мен сол ауылда мұғаліммін. Шақпақтағы бастауыш мектеп «Жүзімдік» жеті жылдық мектебіне қарайтын. Әдекеңді жақсы білетінім сондықтан.
Зейнеткерлікке шыққан соң баз біреулердей жан тыныштығын жасап, қол қусырып қарап отырып қалған жоқ. Шығармашылықпен айналысты. Көргенін көңілге түйіп, естігенін есінде сақтай білетін зерек де зейінді Әдекең қолына қалам алған алғашқы жылдың өзінде заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы, құйрықты жұлдыздай жарқырай көрініп, өмірден ерте өткен Саттар Ерубаев жәйлі «Үш бәйтерек» атты естелік-эссе жазып, бастырды. Осы алғашқы кітаптан-ақ Әдекеңнің шығармашылыққа мол дайындықпен келген қарымды қаламгер екені байқалды.
Әдекең өзі айтқандай сонау жас шағынан «әр кезіккен ерден, әр жер, әр елден, аққан су, ескен желден, айдын көл, асқар белден күніне ғибрат алып» отырған. Біз мұны, әсіресе, жазушының 1994-жылы жарық көрген «Аталы сөздер» атты нақыл, өсиет, толғамдар кітабынан анық аңғардық. Кітаптың алғашқы бетін ашып, бас тақырыптан төменгі бірінші жолға көз салсаңыз, әуелі «Он ақылдан, бір мейірімді адам артық» деген қағиданы оқисыз. Ойлап қарасаңыз, шынында да әрекетсіз бос айтылған он ақылдан адам жанын жадыратар, шапағаты мол бір мейірімнің артықтығына көңіліңіз күмәнсіз сенеді. «Аталы сөздерді» одан әрі оқимыз. Әдекең кітаптың алғашқы беттерінің бірінде:
Бұл өмірдің жүгі көп,
Ауыр ғой деп мұңайма.
Жеңіл ғой деп қуанба,
Жіңішкеге шіреніп,
Иілмегін жуанға,- деп, өмір туралы толғанса, енді қасиетті Жер-ана құдіреті туралы шумақта:
Жерге қылған жақсылық-
Қайың болып көгеріп,
Райхан болып гүл,
Аңыз болып айтылып,
Ұрпақтарға ұласар,-деп, оқырманға ұлағатты ой тастайды. Кітаптың қай бетін ашып, ондағы қай шумақты оқысаңыз да, Әдекеңнің қоғамдық құбылысты, өмір-тұрмысты, адамның жан-дүниесін, жағымды-жағымсыз мінез-құлқын, іс-әрекетін,өзара қарым-қатынасын зерделей білетін ойшыл жан екенін аңғаруға болады. Дәлел ретінде тағы да бірнеше нақылын келтірейін:
Дауыл көбейсе-
Құмнан көз ашпайсың.
Дау көбейсе-
Сұмнан көз ашпайсың.

* * *

Тар жерде ақыл берген,
Жаяуға ат бергендей.
Тар үйде орын берген,
Мерейлеп тақ бергендей.
Әдекеңнің нақыл, өсиет, толғамдары ілгеріде өткен, дәлірек айтқанда Х1 ғасырда Жетісу өлкесіндегі Шу өзенінің жалғасында, Баласағұн(Құз Орда) шаһарында өмір сүрген Жүсіп Баласағүни (1015-1016-жылдары Барысқан ауылында, қазіргі Қырғыз Ыстықкөлінің маңында туылған, өлген жылы мәлімсіз), 1040-жылдар шамасында Нышапурда туылып, 1123-жылы сонда қайтыс болған Омар Һаям, Қамысты деген жерде туылған Саиф Эс Сараий (1321-1396), Х11 ғасырдың басында Иүгінеки деген жерде өмір сүрген А. Иүгінеки, Ә.Науаи (1441-1501), т.б. ұлы ойшыл, данышпан бабаларымыздың бүгінге дейін мән-мағынасын, құнын жоймай, ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келе жатқан ұлағатты сөздерімен бара-бар. Мысалы, Ж. Баласағұни «Құтты білік» деген ұлы шығармасында:
Аралас жүр,ішінде боп ізгінің,
Сонда ұстайсың кісіліктің тізгінін, - десе, Әдекең жоғарыда аталған «Аталы сөздерінде»:
Надандық – түнек,
Ақыл – нұр.
Теңелем десең жақсыға,
Ақылдыға жақын жүр, - дейді.
Тағы бір мысал. Данышпан ақын Ахмет Иүгінеки: «Арам малдың азап келер артынан» деген өлеңінде:
Ей, малқұмар, жиған малың қайда осы?
Бүгін – қайғы, ертең жоқ қой пайдасы!
Арам малдың азап келер артынан,
Адал малға бір есеп бар жайда осы, - деген екен.
Ал, енді біздің Әдекең бұл ойды:
Желпіндірген дәулеттің,
Желге ұшатын кезі бар,
Менменсіген жігіттің,
Жер құшатын кезі бар, - деп түйіндейді.
Ұлы ойшыл, философ Омар Һаям өзінің рубайларының бірінде:
Сұм тағдыр сұмырайларға нан бересің,
Сумен жер, үй, салтанат-сән бересің.
Бір түйір нанға зар боп жүргендер көп,
Алмаған адал жанда бар ма өшің? – десе, Әдекең бұл ойды былайша толғайды:
Табанының бүрі жоқ,
Тап бергенін қайтерсің.
Қасиеттің бірі жоқ,
Бақ бергенін қайтерсің.
Оқыған адамның сезімін қозғап, терең де тебіреністі ой салатын мұндай ұлағатты сөздер Әдіһам ағаның «Аталы сөзінде» көптеп кездеседі.
Әдекеңнің 1988-жылғы «Үш бәйтерек» кітабына енген Саттар жайындағы еңбегі толықтырылып, 1995-жылы республикалық «Рауан» баспасынан «Сенің сүйікті жазушың» сериясымен өз алдына жеке кітап болып шықты. Кітапта біртума талант Саттар Ерубаевтың балалық, бозбала шақтарының бұрын белгісіз тұстарын, тың да жарқын бейнесін анық ашып бере білген.
Ал, енді осы жылы жарық көрген «Ақжалдың ақыры» атты бір повесть, екі әңгімеден тұратын кітабында ауыл адамдарының бір қараған адамға қырсықтау көрінетін, бірақ, турашылдығы мен батылдығы мол, барынша бейнеткер Әмірдің мал күйін, жер жағдайын мамандардан кем білмейтін аға шопан Әсемнің, ертелі-кеш ойлайтыны төрт түлік мал қамы, малшы жағдайын күйттейтін білікті маман –кеңшардың бас зоотехнигі Таңаттың, туған жер табиғатын,оның қыр-сырын, көрініс-құбылысын айқын аңғаратын сезімтал жас Қанаттың, майталман малшы Әміртайдың, тағы басқа жағымды-жағымсыз кейіпкерлердің күнделікті тыныс-тіршілігін, үміт-арманын, өмірдің қым-қуат қақтығыстарын ұмытылмастай етіп әсерлі әңгімелейді.
Жуық арада «Атамұра»баспасынан Әдекеңнің жаңа жинағы – лирикалық өлең-балладалары шыққалы жатыр. Сондай-ақ, «Жібек жолы» баспасында «Қаратау Ата», «Сыр-ана» зерттеулері де әзір тұр. Жазушының М. Әуезовтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында әзірлеп қойған дүниелері өз алдына бір төбе.
Ұлы Абай атамыз өзінің қырқыншы ғақылия сөзінде: «Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны несі?» - деп сұрақ қоя отырып, ұлтымыздың ертеден қанына сіңген жарамсыз әдетін өлтіре сынайды. Шынында да осы бір айтуға ұят, адамшылыққа жат жиіркенішті әдет сонау ерте кезден ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, қалмай келеді ғой. Неге олай болады?
Дүниедегі ең ардақты атқа ие адам болған соң, әр затты өз атымен атап, әрине, қажет болған жағдайда жақсыны жақсы, жаманды жаман деп, әр адамның өз бағасын көзі тірі кезінде неге ашып айтпасқа? Халық даналығының өзінде: «Жақсының жақсылығын айт- нұры тасысын, жаманның жамандығын айт-құты қашсын!» демей ме? Ендеше, ұлы Абай біздегі етектен тартар ескі, жаман әдетті ашына сөз ете отырып, ендігі жерде одан тез арылудың керек екенін айтқан екен ғой.
Олай болса, Әдекеңнің айрықша «Аталы сөздерін»- нақыл, өсиет, толғамдарын оқып, ойшыл, философ ақын екеніне анық көз жетіп, көңіл сенген соң, неге ол еңбекті қазір ел болып жан-жақты насихаттамасқа?!
Қарымды қаламгерге сөз соңында лайым да ақыл-ой, күш-қайратыңыз сарқылмасын, шығармашылық жолда самғай беріңіз, ең бастысы – заманнан өтер ұлағатты сөздеріңізді сүйіп оқып, сүйсініп ұғар, қадір білер қасиетті халқың болсын, - деген тілек айтқымыз келеді.

(«Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1996-жылғы
3-сәуірдегі нөмірінде жарияланған).

Құлбек Ергөбек,
әдебиетші, ғалым.

БАҒБАН БАҒЫ

Сөмке сүйретіп мектепте жүрген кезіміз. «Ауылға жаңа басшы келіпті. Ауылды көгалдандыруға кірісіпті. Жаппай ағаш отырғызуға шақырады екен» - десті жұрт. Айтқанындай ақ, ұзамай күллі мектеп оқушылары тайлы-таяғымыз қалмай, ағаш отырғызуға кірісіп кеттік. Беті қабрып, сорланып жатқан көне Отырар жерін ұзамай бақшалық қаптады да кетті. Ауыл ақсақалдары: «Өркенің өссін, Әдіһам!» - десті.
Біз мектеп бітіріп, Алматыға аттандық.. Дәм бұйырып Алматыда қалып қойдық.. Уақыт шіркін дегенін істейді. Отырар жерін бақшалыққа айналдырып жіберген, сырттан келген жігіт аудан басшысының бірі, совхоз директоры дегендей бірсыпыра қызмет атқарып, ауылда із қалдырып, құрметті демалысқа шығып, «сыртқа» қайтып кетіпті.
Зейнеткерлікке шыққан кісі әр түрлі іспен айналысады ғой. Бір күні қолыма «Үш бәйтерек» аталатын проза кітабы тиді. Авторына көз жіберсем – баяғы ауылды гүлдендірген агроном кісі. Газетте қызмет істеген кездері зейнеткерлердің «өлеңін» көп оқып, жүрекшайлықты болған басым: «Е-е,бұл да жазуды ермек еткен еріккен шалдың бірі болды ғой» -деп ойладым. Кітапты марғау парақтадым. Жо-жоқ. Сақал сатқандар өзімен кетсін: мынау қара сөздің қадірін білетін, қазақ сөзін қастерлейтін кісінің қалам сілтесі. Әдіһам Шілтерхановпен екінші рет осылай кездестім.
Әрі қарай іздеп бардым, ағалы-інілі болып араласып кеттік. Бірсыпыра уақыт көріспесек, сағынатын әдет таптық.
Шығармашылық қадірі кеткен қазіргі күнде кімді-кім қадағалап, кім нендей туынды берді? – деп іздеп оқитын жан қалмады-ау. Әйтпесе, Әдіһам Шілтерхановты оқырман көпшілік білсе керек еді. Әдіһам Шілтерханов санаулы жыл ішінде «Үш бәйтерек», «Аталы сөздер», «Саттар Ерубаев», «Ақжалдың ақыры» аталатын көлемі де, көркемдігі де көңілдегідей төрт кітап, «Қамбар батыр», «Мұңлық Зарлық» эпостары жөнінде, Мұхтар Әуезов хақында, ел-жер тарихына қатысты жүздеген мақала жазып, жариялатты. Аяулы аға қолынан шыққан осынау үлкенді-кішілі еңбектердің қай-қайсысын да қолжазбасынан оқып келемін. Аға еңбегіне ықыласты болып жүрген бір мен емес, қолжазбасын оқып, «Жалын»жорналына қуана-қуана жариялаған жақсы інісінің бірі – ақын-қайраткер Мұх-тар Шаханов екенін айта кету әділдік болмақ.
Егер, Ә. Шілтерханов жазған дүниелер шын шығармашылық еңбек болмай, қиюы қашқан, зорланған бірдеңелер болса, біз бүгін қолға қалам алып, жақсы ағаның «шотын» шаппай-ақ, үндемей қала берер едік. М. Шахановтан бастап бәрімізді иіп жүрген мәселе- Әдіһәм ағайдың шын жазушылығы. Ә. Шілтерханов шығармалары өзінің табиғи болмысымен; ішкі ағым-иірімдерімен әдебиетке қоятын талаптардың қандайына да толық жауап бере алады. Мәселеге нақтырақ келейік.
«Үш бәйтерек» - Қажымұқан, Мұхтар Әуезов, Саттар Ерубаев жөніндегі деректі толға-ныстардан тұрады. Оңтүстік өңірінде агроном болып қызмет атқарған автор ерінбей-жалықпай, көнекөз қариялардан естелік -әңгімелерді жазып ала беріпті. Олардың бірі-күш атасы Қажекеңнің ат арбасын айдаған, бірі қоңсы отырған, бірі-қыршын классик Саттар Ерубаевтың туысы, мектепте бірге оқыған сыныптасы дегендей, жақын жүрген жандар.
Ал, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовты «Өскен өңірі» романын жазу үшін Оңтүстік өңіріне келген сәтінде өз көзімен көріп, қасында болып, ұзақ әңгімелескен, алған әсерін қойын кітабына түсіре қойған. Көп кісі ескере бермейтін ұқыптылық, өнерге деген ықыласты жүректің ыждағаты. Нәтижесінде әдебиетке ырыс, ғылымға тыныс берерлік көптеген жаңа дерек келіп қосылды. Жәй дерек қана ма? Жоқ. Әдекеңде көрген-білгенін, естігенін ой домнасында балқытып, қиялымен жебелеп, тілін әрлеп жазатын әп-әдемі әдет бар. «Үш бәйтеректегі» қай туындыны оқысаңыз да өмірлік дерек пен өнерліліктің, қиял-өрнектің жымы білінбес, шындыққа нұқсан келмес әдемі жарасымын көресіз. Бірін-бірі қайталамайтын үш аяулы тұлғаны Әдіһам Шілтерханов туындылары қазақ әдебиетінде ешкім айтпаған, жазбаған тың қырынан ашты. Қазақ деректі прозасында туындыгердің бұл шығармаларының алар орны бөлек.
Шілтерханов – «Аталы сөздер» аталатын өлең жинағын шығарды. Әуелі қолжазбасынан оқыған сәтте бұл өлеңдерге « мақұл екен» дегенім болмаса, оның прозасын оқығандай құлай қоймадым. Өмір бойы өлең жазып келе жатқан, бірақ ұсынбаған ақынжанды ақылды кісі тым елпілдемегенімді аңғарып, өзіне-өзі сын көзбен қарап, ол өлеңдерге қайта оралды.Жылдар бойы бауырына басып жатып, жан беріп жылытты, нәр беріп қайта туғандай етті. Өлеңдердің кітаптық қалпын оқып, тағы да елпілдеп, тағы да қуанып отырған жайым бар.
«Жалын» баспасы арқылы соңғы кезде жарыққа шығарған кітабы – «Ақжалдың ақыры» /1995/ аталады. Бұл – көркем проза кітабы. Өмір бойы шаруашылықта істеп, әдебиетке кеш келген Әдекеңдей жанның деректі прозаға шамасы келгенімен, көркем прозаға келгенде қиналар –ау, босқа арамтер болады ғой деп ойланып, күдіктеніп оқып едім қолжазбасын. Жоқ.. Күдігім бекер болып шықты. «Атақоныс» повесі, «Ақжалдың ақыры», «Қабылдың әңгелегі» әңгімелері кәнігі қаламгердің кәдімгі прозасындай әсер етті.
«Атақоныс» Әмір, Әсем, Таңат, Қанат, Сұраншы секілді өз өмірлерін елмен, жермен етене бауырластырған, Жер-Ананың қиналыс-күрсінісін өзгеден терең түсінетін ауыл азаматының бейнесін даралай тұлғалауымен, Сыр өңіріндегі экологиялық қасіретті характерлер арқылы ашынып айта алуымен талғамнан шығады. Автордың: «Ол кезде дария таситын. Бура тасу, тайлақ тасу дейтін неше түрлі тасулар болады» /22-бет/ деген бір-екі сөйлемнің сөзінен күрсініс, Сырдарияға деген сағыныш аңғарылады.
«Ақжалдың ақыры» - Тәкен Әлімқұловтай тәлімді шебердің атақты «Ақбоз ат» романы- мен іштей үндесіп жатқан хиқаят. Қылқұйрықты қатты қадірлеген, тұлпарын қадір тұтқан қазақ кемелдерінің өзін «Кетпен тұяқ кемеңгерлерім», «Ат басындай алыптарым» деп бағалаған, тұлпардың басы ғана емес, тұяғына дейін ардақтаған. Ақжал арқылы автор қазақ халқы бастан кешкен бір кезең шындығын оңтайын тауып ашыпты.
Ал, «Қабылдың әңгелегі» - өмір бойы қауын еккен диқанның дүние-жиһан, ұрпақтар сабақтастығы жәйлі толғанысы. -«Ә, бәлем, алақанат, қанша қу болсаң да, саған менің әңгелектерімнің шопағын/ұрығын -Қ. Е./біржолата құртып жіберу қайда?! – деп ойлады. Сәлден соң басына бір ауыр соққы тигендей болды ма, дүние шыр көбелек айналып сала берді...»/172-бет/ - деп сипаттайды кейіпкердің ақтық сәтін. Әңгелек ұрығы жайында әңгімелеп отырып та жазушы өмір сырына бойлап, ұрпақтар сабақтастығы жайында толғап, оқушысын дүние тереңіне үйіріп алып бара жатады.
Ә. Шілтерханов – табиғат сырын терең зерттеген, тарих, этнографияға жетік жазушы.
Оның шығармаларынан әлдеқашан ұмыт болған табиғат құбылыстарын, саятшылық сырлары, тұрмыс-салт жоралғыларын табасыз. Сусора, алабота, ақсары, қарабарқын секілді шөптің неше атасы, басыбалды, әміркен, шытырлақ, торлама дегендей қауынның түрлі атауларын кездестіресіз. Мұның бәрі кейіпкер тіршілік ететін ортаны жасайтын материал байлығы, жазушының өмір көрегендігінің белгісі. Ә. Шілтерхановты өзге жазушылардан ерекшелеп тұратын да осындай өмір сырына жетіктігі.
Автордың ағымдағы баспасөзде жариялаған көптеген мақаласы тарих, этнография, шежірені байланыстыра әңгімелеуімен, тың ұтымды шешім жасауымен назар аударарлық.
Өзін не жазушы, не ғалыммын деп есептей бермеген Әдіһам Шілтерхановтың деректі, көркем туындылары - әдебиетте, мақалалары – ғылымда салмақты, қаламгерлікті толық ақтайтын дүниелер екеніне еш күмән жоқ. Әдебиетке біреу кеш келеді, біреу ерте келеді. Алайда, мәселе-үзер жемісте. Ә. Шілтерханов әдебиетке кеш келді деп біз көкірегінен итермеспіз, өзі де өкінбес.
Ә. Шілтерхановтың шығармаларын оқып отырғанда, менің көз алдыма Құдайдың рақымы түскенімен, құдайсыған басшылар рақымсыздығынан тозып кеткен тарихи Отырар жерін бақшалыққа айналдырсам деп армандай келген ақсары жігіт ағасы келе қалды. Жақында елге бардым: Әдекең алпысыншы-жетпісінші жылдары еккізген бау қурап кетіпті. Ұқыпсыздық. Енді Әдекеңнің әдебиеттегі бақшасы жемісті болсын деп тілейміз...

( «Оңтүстік Қазақстан» газетінің
2002-жылғы 18-мамырдағы нөмірінде жарияланған).

Сарсен Бек Сахабат

ҚЫЛАУСЫЗ СЕЗІМ - МЕЙІРІММЕН

Шығармашылық тағдыры бір бұралаң. Анық ғанибет – шырайына шымырын жамаған еңбектің жанғанында. Шынайылық, әлбетте, әдеби категория.
Оқырманын тапқысы, сұхбат жарастырғысы келгеннің бұл есінде мықтап тұтынатын қағидасы. Жазу әліппесі. Жасы зейнетке жеткенінше партия-шаруашылық қызметінде абыройлы жүріп-тұрған ағамыз әдебиетке құлшынғанда осыны ұмытпапты.
Әдіһам Шілтерхановтың қос томдығындағы он екі әңгімесі мен төрт Һиқаятын бас-басына жіліктеуді мұрат тұтпадық. Мұғдарға алғанымыз әңгімелеу машығы қарапайым құнарға бейім болмыс болды. Байырғы қазақ әңгімесі қашаннан ауылға ақпейіл етене. Ауылмен біте қайнасқан әңгімеші Әдекең кәдімгі шындыққа жанасты. Болмысты боямалауға, бойқыздырмаға мүлдем қырсыз.
Жалықтырмайтын әңгімеші Һәм һиқаятшы Әдекеңнің қарадүрсіндікке аяқ шалдырмайтын кісілікті сүйкімі бар. Осыған тәшін қалдық. Күнделікті тыныс-тіршілікті шашпай-төкпей, шып-шырғасыз шүйіркелеседі. Көргенінен көкірегіне көптеу түйген.
Қарапайым өресіне иландырғаны, көңіл жықтырғаны – жазушының анық шеберлігі.
«Ақжалдың ақыры» - осының бір мысалы. Тағдырдың талқысы, пенделердің тартысы – бәрі-баршасы қанық. Кейіпкер түптұлғасын - өзі дей алмаймын, алайда, Бәкір Сапаровты, неге екенін, шығармагерге көбірек ұқсаттым.Өйткені, мінез-құлқы үйлескен сыралғы, таным-көзқарасы ұқсас, кейіпкеріне шығармагер кәдімгідей іш тартады.
Кейіпкер Сапаров Үстел тоқпақтайтынға, номенклатураға іліккеніне қарадай мәз бүлікқұмарға мүлде келмейді, керісінше, күнделікті араласып жүрген кеңсе қызметіндегі келеңсіздіктерге жаны ауырады. Кеңестік кеңсе қызметкерін ілгеріде жалаң мақтап, төбесімен көк тіреттік. Кейіншелік қаралап, жерге тықтық. Әдекең ұстанымы бұл екеуінен мүлдем бөлек. Ақ-қараға ежіктемей, ысырапқа шашпай, бірсыдырғы баяндап берген. Қаз-қалпындағы сезімталға жуық мақам.
Сапаров жоғарыдан жетіп келетін уәкілдерден мезі шығып,бүгінгі жұмыс күнінің тым тырыс өте бастағанына таңырқап үлгермеді... Тыныштықты тулаған телефон даусы түлендетті;
-Жоғарғы Совет Президиумынан баратын адамды жөндеп қабылдап,келген жұмысының бітуіне жағдай жасауға өзің бірге еріп жүресің!
Арыз жазбаса асы сіңетін қазақы ауыл бар ма ? Арыз тексеруші Алматының өзінен келіп тұрса, қайдан осал түссін.Қылтықтай қадалғаннан қан алмай тынбайтын алакөздер жетер лік.Жазым қайда демеңіз- бассақ аяқ астында.Жаман ойларын жамап,жөндем пікір түйе алмаған Сапаров қарадай миын шаншытып шаршады.
Мұса қарияның мінездемесіне сенсек,бұл өмірде (кеңес тұсындағы) үш түрлі белсенді көрген; Бірі -20-30- жылдардың тырнағына ілінсең тірі қалуың қиын кәззап белсендісі. екіншісі – кешегі Отан соғысында елде есебін тауып қалған есер белсенді. Қазіргісі-көбі оқыған,сыпайы,ұр да жық емес белсенді.
Енді мақтауға іліккен соңғы белсенді ауылының уәкілі Қаражалдың мінез-құлқына ауы-салық..
Дөкей Қаражал ауатком төрағасының орнындағы Сапаровтың апшысын қуыра келді. Жөнін айтпастан, сұрақты қараша боратқанынан секем алдық. Оның айтуынша, арыз мемлекеттік жоспар орындалмаған жерден жазылатындықтан, бұл саяси мәні бар нәрсе.
Ақыры түске қарай арыздың мазмұны белгілі болды. Сөйтсе, екі арыздың әуелгісінде «Күләйім кемпірдің төрт жылқысы (біреуі айғыр), бес сиыры, толып жатқан уақ-тұяғы қоғамдық малдың жем-шөбіне ортақтас екен». Екіншісінде: «Құмның тереңінде тұратын аға шопан Қоңыратпайдың жүзге тарта қойы бар. Соның арқасында жоспарын үнемі артығымен орындайды. Озат болса, байлығымен емес, еңбегімен озат болсын!-делініпті.
Әдебиеттің қашан да адам баласының көңіл-күйіне, жан әлегіне қарайлауымен құны артқан. Өйткені, қоғамды қалыптастыратын да, Құрайтын да сол адамдар. Жеке мүшесінің көңілі пәс түсіп, өмірі сұрқай тартысымен қоғамның да берекеті қашса керек.
Сапаров Қаражал дөкейге ғадетінше ойындағысын бүкпесіз айтып, бәрібір жақпады.Қойшының қолындағы малынан қоғам әсте зардап шекпейтінін, керісінше кем-кетігіне жапсыруға аянып қалмасын түсіндіре алмаған. Дөкей қайта өзіне бас салды:
- Капитализмді қайта тудыратын жекеменшіктік пиғылдан ел басқарып отырған өзіңіз арылмапсыз. Басқаларға өкпелеуге болмас, - деп сызданды, нықтап сөйледі.
Мұндайда ләм-лим уәж айтылмасы екібастан...
Кеңшар директоры да, ауылсәбет те білмейтін Күләйім кемпірді табу әжептеуір әуреге түсірді. Кеңсе маңындағылар да білмейді екен өзін. Ақыры заманында ауылсәбет хатшысы болған, бүгінде зейнеткер һәм ауыл молдасы Әмзе біледі деп сілтеген кеңсе қарауылының ақылымен әлгі шалды ат шаптыртып алдырады. Түнімен әбігер кешіп, Сырдың арғы бетіне кеткен мілиса бастығын да, құдалықта жүрген кеңшардың бас есепшісін де таптыртып, топ құрайды.
Түнерген тексерушілер түске таяу Торышаның (Күләйім кемпірді осылай атап кетіпті) ауылына жетеді.
Әсерлі әңгіме ауылдың алты ауызындай жеңіл, мұңлы ырғақпен оқылады. Алайда мұң еңсені езіп кетпейтін есті,сезімтал. Сонысымен есте ұзақ сақталады.Қайбір қоғамда да адамшылықтың жөні бөлек, Пәлсапа түйгенге айтыларының өзі де осы...
Сыр бойының салаһиятты бір ұлы Саттар Ерубаев – қазақ әдебиетінің романтикалық лебі бетке ұрған жастық дәуірі. Ойшыл жастың Петербор-Ленинградтағы тарих-философия, лингвистика институтында санасы ашылып, сары уызын жұқтырғаны мәуелі жемісін бере алмай, мезгілсіз қазаға ұрынды. Өкініште қалдырғаны - өрелі жастың өткір өзегінен өре тұрған өжеттігі. Өжет Саттар - өре теңестірмек өр оғылан.
Жақсының жаттығы жоқ. әркім өз бауырынан өргенге иісініп тұрады. Бәрібір, Саттардың туған жерін, тіпті дүниенің есігін ашқан жылын шатастыра беру жүйелі ғылымға жараспайтын қылық.Саттар танушы Шілтерханов ешкімнің шамына ши жүгірт-келі отырған жоқ. Шырылы –шындықтың шылбырына шақталмақ ниетінде. Әлбетте, ша- мамен сөйлеп тұрған жоқ,, әдебиет пен өнердің Ленинградтағы мемлекеттік мұрағатының мөр таңбалы құжатын көлденең тартып отыр.
Қазақта кім көп осы, шал мен кемпірдің енші басындағы сүткенжелер көп. Саттархан-Саттар да Ерубайдың емес, оның ұлы Асқардың баласы екен. Шілтерханов ағамыз мұны да шегелей айтқан.
Шежіреқұмар Шілтерханов әулеттің арғы-бергі тауарихнамасынан шаңын сілкіп, Ерубай мен молда Мұсаның құдандалғанына ой жібереді. Саттардың бауыры Әбекең екеуі саусағын бүгіп, мүшел қайырысады. Бақара жылы фәниге келген Саттардың ғұмырдерегі 1913-жылға тіреле береді екен. Шенеуніктер Шілтерхановты көзіне қалай ілсін, әліге 1914-жылдан жылжымай қойдық.
Саттардың тәлім-тәрбие алған текті ортасын дөп саралаған Әдіһам Шілтерхановтың ыждағаты шәк-шүбһәсіз.
Телқоңыр Саттардың айналасын түгендеуге әсте ерінбеген. Тәуірі сол, жаттанды схемадан жоғары тұра білген. Әсіресе, Саттардың анасы Бапаның бейнесін дөп көрсете білген. Сүйікті ұлының қазасын көтере алмаған, көзден жазылмайтын дертке ұшыраған ананың қылаусыз сезім-мейіріміне қанықтық.
Ұзынсақал, яки «Плановый комиссар» - Михайл Яковлевтің Асқармен тату достығы бөлек әуезе.
Жасынғұмыр Саттардың тәлімі – ғылымның азығы. Профессор Т. Кәкішев Саттартанудың негізін қаласа, Ә. Шілтерханов оны тың деректермен байытты. Бұл – жалғастығын табатын өміршең шаруа екендігі даусыз. Өйткені, Саттар феномені әр заманның өзіндік бағамына сұранулы қайталанбас біртума үлгі.

АЯН НЫСАНАЛЫ, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты.

ДАРЫН ДАРАҒЫ

Пау, деген-ай! ... Таң атпайтындай, Күн батпайтындай көрінетін еді. Боз мұнар жапқан қасқа жол көкжиекпен астасып, сонау жырақтарда сиқыр бардай, сол жақтан құдайы қо- нақ келетіндей ұзақ-ұзақ тесіле қараумен көктегі алтын шар оттай лаулап, қызарып батыс кенереге сүңгитін. Жалбыздың нәзік жұпары мен жусанның ақшылтым дәмі ауада араласып, кеңсірік жарады. Әліге дейін Күн мен әңгелек исі әлдеқайдан келіп жатқандай. Қырда қызғалдақ теңізін кешіп, тау күнесінен жабайы шие теріп, қозы-лақ қайырған кездер ойға оралады.Қайран қасиетті Қаратаудың бір бүйіріндегі Жетімтаудағы кішкене ауыл үлкен әлеммен жалғасып кете береді екен. Алдымен адам алыбы – күш атасы Қажымұқанның қолынан ет асап, сарқытын жеп, жас келін Розаның / Бағланова/ сандуғаштай сыңғыраған үнін естіп, таң қалғанымыз қандай! Ауылдың ақжаймасында Аманкелді туралы фильмнің алғаш жүргені де сол кез екен ғой.
Одан кейін әсер мен сезімдер араласып кетті. Шаян, Байжансай, Шымкент, Алматы, Ташкент, Мәскеу, Варшава, Берлин, Дели, Тегеран және... Адамдар, тағдырлар, елдер мен құрылықтар.
Бірақ кіммен қай жағдайда кездессем де, көз алдымда Әдіһам Шілтерханов тұрады. Онда біз баламыз. Жұмсақ мінезді жігіт ағасы жымиып жүріп, елдің мұң зарына құлағы түрік, жансарайы кең, көзі көреген болып қалыптасыпты. Жер мен мал жайын ғана емес, қарапайым тіршілік иелерінің жүрек лүпіліне дең қойып, халық аузындағы аңыз-әңгімелер мен әпсаналарды зердеге тоқып жүреді екен. Әдекең ендікпен де, бойлықпен де аралаған өлкені: ШақпақҮсіктас, Көбетай, Төрткүл, Арыстанды-Қарабас жазирасы мен Сыр бойын біз де бір кісідей білетініміздің құпиясы жоқ. Ал, оған бұл өңірдің тау-тасы, орман-тоғайы мен адыр-қыраттары бес саусақтай жақсы таныс. Адам жанының қат-қабат сырлары мен қырларына ұңілуден жалықпапты.
Ә. Шілтерханов армансыз ел басқарды. Үлкен ауылға партия ұйымының хатшысы, кеңшардың төрағасы болып ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Басынан әдебиетке бейім адам жан-жақты дала дарыны ретінде өркен жайды. «Дарақ бір жерде тұрып көгереді». Бұдан артық халық даналығы бар ма?!
«Өткенін ұмытқан, оған зер салуды қажет деп білмейтін халықтың болашағы да жоқ екенін бұрын сезетінмін, ал, халқымыздың тарихының денін бүркеп жатқан осы құмдар екені соңғы кезде ғана ойыма оралып жүр» - дейді ол бір зертеуінде. Бұны оның бүкіл шығармашылығының түп қазығы десе де болғандай. Мен Әдіһам Шілтерхановтың хиқаяттары мен әңгімелерін тәппіштеп көп оқыдым. Өмір-өнер өзегі, ол соның қайнаған ортасында жүрді. Күйінді, сүйінді. Оның көп кейіпкерінің арамызда бар екеніне имандай кәміл сенемін. Бұл туындылар ауызекі қызықты әңгіме айтып отырғандай, бір оқиғадан бір оқиғаға, бір тағдырдан бір тағдырға жеңіл ауысып, ортақтастырып, бірге ғұмыр кештіріп , мұңайтады, тыңайтады. «Ақжалдың ақыры» қандай қасіретпен аяқталады?! Қай жарыста да құстай ұшып алдымен келетін Ақжал құшханада пышаққа ілініп, «малды баққан білетін» Әміртай соның шылбырына асылып өледі. Сол күйінің өзінде-ақ өзекке өрт түсіріп, өр мінезді өмірлердің өнегесі көкейде қалып қояды қаз-қалпында. Боямасыз болмыс осындай.
«Қабылдың әңгелегі» де сондай бір мұңлы үзінді. Күн өткен сайын топырақ тозып, адам азып бара жатқан алмағайып заманда қолына қалам алған жан сол қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардан қалыс күй кеше алмайды.
Ә. Шілтерхановтың еш нәрседен қамықпай. Бүгежектемей, академик Әлкей Марғұлан, прозашы Қалихан Ысқақұлымен пікірталасуы парасатты, пайымды. Кеудеде қылау қалдырмайды.
Шынында да Әдіһам Шілтерханов туа бітті әдебиетші. Оның зерттеулері, әсіресе, «Қамбар батыр», «Мұңлық -Зарлық» жыры, Майлықожа мен Мәделіқожа, Жүсіпбекқожа туралы толғамдары жолайрықта қалдырмай, тұщындырады, иландырады. «Қамбар батыр» жыры, оның бас кейіпкерінің шыққан тегі әлі күнге әдебиеттанушылар әулетінде дау-дамай туғызып келсе, Ә. Шілтерханов дәйегі мен дерегі екі ұшты ой түйгізбейді. Ол халық туындысы ары-бері тартатын, сілікпесін шығаратын көкпар емес екенін дәлелдейді.
1968-жылдың шілдесінде марқасқа жазушы Тәкен /Тәңірбергенов/ Әлімқұлов екеуміз Қызылкөлден бастап, Бүркіттіні басып, Баба түкті Шашты Әзізге Құлдилап құларда, Қаратау қойнауын бір апта бойы емін-еркін аралағанымыз қазір армандай. Сонда Үсіктастың жотасында отырып, оның Қамбар батыр хиқаясын шерткені естен кете ме?! Егер, қарт Қаратау қазақ өркениетінің алтын бесігі болса, оған бірде-бір халық жырының соқпай кетпеуі тегін бе?! Сондықтан, «Қамбар батыр» жырының оқиғасы сол таудың күнгейі мен теріскейінде өтуі таңның атуы, Күннің батуындай ақиқат. Зертеуші бұған келгенде зерделі, ыждаһатты, ынталы. Ол әйтеуір жаза салайын деуден аулақ. Ынты-шынтымен жан-жақты қамтып, ақи-тақи кесіп-пішпейді. Тағы да тұспалымен тұқыртпайды. Майдан қыл суырғандай етіп, ықтиярыңды алып, ықылас қойғызады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғында жол түсіп, БАМ бойымен жүріп өткеніміз көңілге мөр басыпты. Байкал қыраттарының ішінде жүргенде, жергілікті зиялы қауым өкілдері Мұңлық пен Зарлық шыңдарын көрсеткені әлі жүректе жаңғырып жатыр. Ә. Шілтерханов өзінің «Мұңлық-Зарлығында» көкейкесті мәселені басқа қырынан қояды. Нақты-нақты мысал келтіре отырып, жыр жаратылыстарына шүбә қалдырмайды.
Ия, әдебиетші Ә. Шілтерхановтың кеудесі-алтын көмбе. Ол қыршын жазушы Саттар Ерубаев, саңлақ суреткер Мұхтар Әуезов туралы айтқанда да, тың рухы әлем ашып, қаламгерлік қайрат танытады. Сіз құй сеніңіз, құй сенбеңіз, бірақ, ол ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Шабыт шуағымен жылытып, жүректерге шындық шоғын түсіреді. Бәлкім, бүгінгі оқырманға да сол керек шығар.

(Ә. Шілтерхонов шығармаларының қос томдығына жазылған алғы сөз).



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу