Серік Сейітман

Туындылары


ҚОРҚЫНЫШ


Көрінбес апаннан қорқамын
Тағдыр-шал жасырып тастаған.
Енші алған отаудан қорқамын
Еденін еш мейман баспаған.

Оқтаулы қарудан қорқамын
Тентек ұл төрінде сақтаған.
Бұраңбел арудан қорқамын
Ананың ақылын бақпаған.

Сұмжүрек ақыннан қорқамын
Сайтанның балшығын илеген.
Сом білек батырдан қорқамын
Жөн сөзге басын бір имеген.

Армансыз ұланнан қорқамын
Асқарға бармағын созбаған.
Кеңтанау құнаннан қорқамын
Дөненнен бір рет озбаған.

Қап-қара тілектен қорқамын
Қаскөйдің кеудесін кернеген.
Мейірімсіз жүректен қорқамын
Ешкімге ғашық боп көрмеген...