Серік Сейітман

Туындылары


АНАМА ХАТ


Ана, сенен өніп-өскен шынармын,
Арман қуып, алыс кеткен шұбармын.
Сағынатын, тосар жайың бар екен,
Онда неге құрсағыңнан шығардың?!

Құрсағыңнан шығармас па ең сен мені,
Бұлқыныс күш шыдатпады мендегі.
Ұйықтап қана жатар едім тып-тыныш,
Кеудемдегі намысым бой бермеді.

Туғам солай намыспенен егіз боп,
Мендік пейіл - шалқып жатқан теңіз көк.
Аспаныңда самғатармын Алаштың,
Беу, бақыт-құс,
Тауып алып, сені іздеп.

Қиналсам да
Күйін кешіп кептердің,
Асқар-асқар армандарым үгіттеп,
Алыс-алыс қанат қағып кеткенмін.

Көз алдымда көлбеңдейді көп елес,
Ана-жаным, тыншу күтпе менен еш.
Тер сасыған төсіңді емген балаңның
Маңдайының терлемеуі - жөн емес!