Серік Сейітман

Туындылары


МЕЙІРІМСІЗ ЖҮРЕКТЕН ҚОРҚАМЫН... Бәтіңке


Бәтіңкем-ау, қанықпын хал-жайыңа,
Үн бітпеген тілің мен таңдайыңа.
Табаныма кіретін шөңге-тікен,
Сенің барып қадалды маңдайыңа.

Аяқ дейтін аянбай қос ағаға,
Иілесің маңдай тер жоса бола.
Мен төріне шықсам да талай үйдің,
Қаңтарылып тұрдың сен босағада.

Бірде жылдам, бәсеңсіп бір жәй жүрдің,
Жігеріңді солайша құмдай қылдың.
Аяқ бастың бұйрығын бұлжытпады,
Сен аяқтың ақылын тыңдай білдің.

Ақылына сәні сай бір көрікті
Үйленуге аруға біз жерік-ті...
Бір бақыты сол бейбақ бәтіңкенің -
Әу бастан-ақ жұп құрап үлгеріпті.

Аяқкиім бөленбес сая-нұрға,
Ей, бауырым, сен оны аядың ба?!
Ешкімге ешкім бәтіңке болмасыншы,
Мен тозайын қазақтың аяғында!

Қара қанден


Арменен әппақ жуынған денем,
Ақтық жоқ жерде жүрмеген.
Ит жылы өзім туылғанменен,
Иттікті жаным сүймеген...

Көзінен көріп тамшыны тұнық
Өтінген інім - кенженің,
Ауылдас қарттың қаншығы туып,
Күшігін әкеп бергемін.

Арман боп таудай елестің бәрі,
Кем болды ойын-сауығым.
Інімді сүйіп мен өстім-дағы,
Күшікті сүйді ал інім.

Ас-ауқаттарын інімнің берген,
Күшік те тынбай ақтады.
Сәттері болмай тыным бір көрген,
Шәуілдеп, түнде жатпады.

Біздерге адал махаббатымен
Қиындық көріп қаншалық,
Жамбастамай-ақ жатарда кілем,
Қорғады үйді жан салып.

Тіленер болса Тәңірден жілік
Ауланың қамын күйттер ме?..
Шейіт боп кетті шәуілдеп жүріп,
Таланып төбет иттерге.

Сондықтан тақтық біз айдар оған
«Иттердің қаһарманы» деп.
Болсақ та он, жүз, мың айға бодан,
Алармыз еске әлі көп.

P.S:
Оқ атып мендік Отанға нұрлы,
Енер жау болса қақпадан.
Қанден де болса, қаһарманымды,
Үлгі етіп, қарсы аттанам!