Серік Сейітман

Туындылары


АЛМАТЫЛЫҚ АРУ


Аруы айдай сұлу Алматының,
Сен десем, жүрегімде бар ма тыным?
Сөздерің шекер ме екен, шырын ба екен,
Ерінің шәрбат па екен, бал ма тілің?!

Қалың мұң ішіндемін күліп жүре,
Сезгейсің кеудемдегі дірілді де.
Кездескен күні кеше жаңа таныс,
Қалғаның қимасым боп бүгін міне.

Сырласайық, сары қыз


Бәріміз де жердеміз ғой,
      пендеміз ғой бәріміз,
Келші бермен,
      жақын келші,
            сырласайық,
                  сары қыз.
О дүниеде кездесерміз,
      кездеспеспіз – кім білсін?
Бұ дүниеде бір болсыншы
      мұңы басым әніміз.

Біріміз де жердеміз ғой,
      пендеміз ғой бәріміз,
Қара емес, сара жолды
      дұрыс таңдап алыңыз.
Өткен күндер қайта келмес,
      білесіз бе келмесін?
Алақанға соғылып қап
      жүрмесінші саныңыз.

Бәріміз де жердеміз ғой,
      пендеміз ғой бәріміз,
Періштедей пәк емеспіз,
      таза емес қой арымыз.
Күні ертең – ақ жастанады
      топырақты тәніміз.
Сырласайық, сары қыз!

* * *


Өмірімнің тірегісің,
      баға жетпес қазынам,
Көңілімнің кеселінен
      қалай ғана арылам?
Ынсап мені құмар қылды
      тек өзіңе неліктен?
Бір сәт сені көрмей қалсам
      сарғаямын, сағынам.

Ақ гүлімсің қырда өскен,
      аққуымсың көлдегі,
Ай, Күнімсің, өзге қыздар
      өзен болса Жердегі.
Бәрін айтшы сырларымның,
      жасырмашы ешбірін,
Жаным,.. айтшы,.. сүйесің бе,
      сүймейсің бе сен мені?!

Бір тұйғиық ой түбінде
      адасып жүр ақылым,
Шертетіндей сергелдендеу
      сезімімнің жасы мұң.
Мен көзімді түнде бір сәт
      іліуді де ұмыттым,
Тек өзіңді ойлау болды
      ең бір басты кәсібім.

Жанарыңнан байқалады,
      сен сүйесің мені шын,
Арамызда болған жоқ қой,
      бірақ, әлі келісім.
Бір иеме тілек айтам
      Қоса гөр деп біздерді,
Дүниеге келгендеймін,
      Жаным,жалғыз сен үшін.

Жырымның басты кейіпкерісің

Лүпілдеп соққан
      жүрегім сенсің.
Төлеген болсам,
      Жібегім сенсің.

Түсінші мені,
      күй - әнім сенсің.
Болайын Қозы,
      Баяным сенсің.

Арайлы Таң, Күн,
      Ай, Жұлдыз сенсің.
Мен сорлы – Мәжнүн,
      Ләйлі қыз сенсің.

Сенсіз күн жоқтай,
      арманым сенсің.
Болайын Естай,
      Қорланым сенсің.

Аяулым , жаным,
      құрметтім сенсің.
Мен – Ромеомын,
      Жульеттам сенсің.

Сымбатты сарай,
      қорғаным сенсің.
Мен – ақын Абай,
      Тоғжаным сенсің.

Қанатың қақшы
      биікке, құсым.
Жырымның басты
      кейіпкерісің!