Серік Сейітман

Туындылары


СҮЙІСПЕЙМІН!


* * *


Біз ғашықтар деген ел – осындаймыз,
Айтшы мұңын мән – жайын тосылмай, қыз.
Күйіп тұрып, күйік боп өртенсек те,
Сүйіп тұрып, неліктен қосылмаймыз?

Қырдың гүлін қанша рет жиып – тердік,
Ақ сезіммен бірге ұшып, биікке ендік.
Бірімізді – біріміз қызғансақ та,
Басқа – басқа жандарға қиып бердік.

Өз басыңа түнекті кім тілейді?
Шуақ сүйген адамға бұлт үрейлі.
Күн боп күліп тұрса да жүрегіміз,
Жаңбырдай боп неліктен сіркірейді?!

Нан сұраған адамға қан ұсынар
Мына өмірдің қандай бір мәнісі бар.
Тағдыр дейтін, бәлкім бұл, тылсым күштің
Ғашықтарға енгізген заңы шығар.

Той туралы толғаныс
Бауырым бар қос жалқау, алты пысық,
У құсатын мен емес бал сүт ішіп.
Жұбайлардың еліне жұп боп барам,
Жатырынан анамның жалқы түсіп.

Жүрші, сәулем, жүре бер жетегімде.
Мәнін ұғар сәт туды некенің де.
Құбыламның білемін Мекке екенін,
Жайнамазым бір сенің етегің бе?!

Кім түсінер жайымды, сен білмесең,
Қара бұлтты төбеме төндірме сен.
Жиырмадан асып та кетіппіз ғой,
Миымды анам несіне жеп жүр десем.

Бақытымды іздемен жат жандардан,
Талай ару жырымды жаттар болған.
Қанша қыздың үміті бар ғой менде
Қашан алып қашады деп толғанған.

Сан жігіттің түсіріп көңіл – күйін,
Мені тосып жүргені қиын –қиын.
Біздің үйге келін бол,
Сол қыздардың
Маған деген үмітін сейілтейін.

Сәтін тілеп осынау барша жәйттің,
Бұлбұл қонып бағына, қарға қайтсын.
Жырларымды жатқа оқып жүрген қыздың
Жалпылары жиылып жар – жар айтсын.

Тойбасшы боп ауылдың серкесі алда,
Жеңгем қырық қазанға ет асар ма.
Інішегім «Алақай, сүйінші!» деп,
Жұртты жиып келеді – ау беташарға.

Тым жайсаң ғой әкемнің жан әлемі,
Жүрегі де дерттілеу жаралы еді.
Ауыр соғып осынау думанды сәт,
Сәл қылжиып қалмаса жарар еді.

Біздің тойды күтумен ауыл тұр бек,
Жүрші, сәулем, тілеулес бауыр тым көп.
Маңдайыңнан иіскеп,
Ақ анамның
Қос көзінен қос бұлақ ағылсын кеп!