Серік Сейітман

Туындылары


ЖАПЫРАҚТАР (Ұлт тағдыры үшін бас тіккен боздақтарға)


Жасыл, сары Жапырақ – Жапырақтар,
Тапталуда солармен атырапта Ар.
Бәрінің де жұлынын жұлып түскен
Боран, Дауыл, Жел дейтін ақымақтар.

Талайлары қиылып күз келместен,
Тас үстінде, жерде емес, күндер кешкен.
Әне, тордың ішінде бірі жатыр,
Көремісің, әлде сен дым көрмес пе ең?!

Тым құрыса бір жақсы түс көрмеді,
Аямады аяусыз күштер легі.
Жер бетіне қайтадан шықты ма екен
Сорқұдықтың түбіне түскендері?!

Ұран етіп бұлбұлдың үнін бақта,
Оқытқанда теңдіктің жырын жақта
Көктей қиып бұтақтан, әкетті жел
Талайлардың ұшырып «Сібір» жаққа.

Төнсе – дағы басына қандай дүрмек
Түнек емес, арманы Айдай нұр боп,
Талайының сағағы жас қиылды
Қара Орманын өзінің қорғаймын деп.

Мен де оларға туыспын, жат емен –ді,
Бірін аға, ал бірін тәте дермін.
Өртенбесін өрт шалып тұла бойын,
Теңселмесін тамыры Ата Еменнің.

Өзге Орманнан қуаттап озар бағын,
Ала таңның көріп бозарғанын,
Жапырақтарға жыр – аят бағыштады
Құлай сүйген бір Жапырақ өз Орманын.