Серік Сейітман

Туындылары


БАЛАЛЫҚ ҚАЙДА?


Соқпай нүкте, үтірге,
Заман желдей көшеді.
Қосылмасаң пікірге,
Күндер қайда кешегі?

Жалаңаяқ ойнайтын
Шаңға көміп көшені,
Қызығына тоймайтын
Күндер қайда кешегі?

Сабын, судан қашатын
Маңдай кірі бес елі,
Таңға жуық жататын
Күндер қайда кешегі?

Тап күмістей тастары,
Ақ күріштей кесегі,
Күліп атар ақ таңы
Күндер қайда кешегі?

Бал – бұлақтай әр сәті,
Арғымақтай есегі,
Таусылмайтын шәрбәті
Күндер қайда кешегі?

Ойнайтұғын үй қылып
Тозған қора, кепені
Кетті – ау есті жидырып
Балалық шақ кешегі.

Тағдыр – тұлпар тым асау,
Көнсе ырыққа, ол несі?
Өткен күннің рас – ау
Қайта айналып келмесі!