Серік Сейітман

Туындылары


БЕУ, ӨЛЕҢ! Өмірге анықтама


Өмір шырын деймін бе,
      өмір шәрбәт десем бе,
Теріс ... Өмір бал емес,
      Жетпейді оған шекер де.
Өмір тоғай деймін бе,
      өмір әлде орман ба
Лаулап жанып кететін
      бір сәтте өрт болғанда?
Мұхит па екен бұл өмір,
      теңіз бе екен, көл ме екен?
Мағынасы олардан
      тар ма әлде кең бе екен?
Өмір ару деймін бе,
      десем бе әлде періште?
Жо – жоқ, мұның бәрін де
      шығарамын теріске.
Жөнсіз жауап айта алмас
      бөтен жақтан бөтен ой,
Адуынды ағысты
      өмір өзен екен ғой.
Өмір жайлы ойлансақ,
      өзендегі балықпыз,
Өрге қарай жүзе алмай,
      барамыз ау ағып біз!
Екпініңді, уа, өмір,
      тоқтатуға негіз жоқ,
Жаралмапсың о баста
      ағыссыз көл, теңіз боп!