Серік Сейітман

Туындылары


БҰЛАҚПЕН СЫРЛАСУ


Ей, ақ бұлақ, бал суың таза неткен?
Бұл Жердегі ең көркем ғаламат па ең?
Дәл өзіңдей жаным пәк болса ғой деп
Ойда қалам жүзіңе қарап – ақ мен.

Ей, ақ бұлақ, не деген мейірімді ең?
Сенен кірді талдардың күйі бірден.
Дәл өзіңдей сауапты жан болсам деп
Кемтарларға салдым көз қиығын мен.

Шалыс басқан аяқты тұстарым көп,
Әйтсе де адам қалпынан шыққаным жоқ.
Тауға барып, өзіңе көзім түссе
Тұрады ылғи тек саған ұқсағым кеп.

Бұйра бұлтты әуелі аймаламай,
Жеткізер жұрт бармағын Айға қалай?..
Жерді жарып шықтым деп шаттансаң да,
Құлаудасың биіктен сайға қарай.

Сенен қуат алады аң да, құс та,
Сендей болсам маған да бақ алыс па?
Бірақ, Жерден талпынған өрге қарай
Талаптану жағынан маған ұқса!
Сүйіктеме

Түннен ұрлап құс ұйқымды ұры таң,
Сені ойласам, сол ойымнан нұр ұтам.
Сен жаныма келген кезде, жаным – ау,
Өмірді ұғып, ал өзімді ұмытам.

Мидан жырақ кезіп кетіп аспанды ой,
Мен сенімен оңашада жатсам ғой.
Қуаныштан ағыл –тегіл егіліп,
Жуылсыншы көзден аққан жастан бой.

Жұмбақ күйде дәйегі мен дерегі,
Көңіл саған ауып кете береді.
Мен өзіңді өле жаздап сүйемін,
Ал бірақ та сезбейсің – ау сен оны.

Сенсіз «түнек» билік құрар жүректе,
Бұлтты күнгі түн түнегі – түнек пе?..
Сені сүйген мендей ғашық болмаған
Тарихтағы Төлеген де Жібекке.

Сүйіктім –ау, сүйкімдісің не деген,
Болмысыңды періштеге теңегем.
Жер бетінде жүрсінші бір періште,
Сөнсем, саған ғұмыр тілеп сөнер ем...