Серік Сейітман

Туындылары


АРМАН


Көңілдің көгі күркіреп,
Көкейге қалса мұң түнеп
Сол мұңлықтардың жанарын
Құрғатар ма едім күлкі боп!

Туылған жұқсыз жандардан,
Ғұмыры қысқа жарлардан
Жетімектерге ана боп,
Баурыма бассам бар ма арман!

Төсекте жалғыз бұрала,
Зарланып жатқан жылана
Жесірдің белін жазғаным
«Ер» деген атқа кінә ма?

Көңілі кірбің, шерменде
Қайыршыларды көргенде
Қолына пұл боп түсер ем,
Бірақ, жоқ құдірет ол менде.

Аңғармай өткен шайыр сан
Ақ пенен дақты айырсам,
Ашқарындарға айып па
Дастархан болып жайылсам.

Алатаудан да өр еді
Арманның меңдік көлемі.
Бақытсыздардың басына
Бақыт боп қонғым келеді.

Құтқарып қардан көктемді,
Толтырсам гүлге бөктерді
«Ғұмырым» атты кітаптың
Соңына қоям леп белгі.