Серік Сейітман

Туындылары


ЖАЙЛАУДАҒЫ ЖАҢАЛЫҚ


Төрт түліктің үлгі тұтып
      адам сүйер әдебін,
Ауылдың боз шаңын жұтқан
      томпақ қара бала едім.
Жолдастарым ойнаймыз деп
      келген кезде үйге іздеп,
Мен жайлауда мал бағамен
      қу тірлікпен күйбеңдеп.
«Түлікке емес, тек ғылымға
      толса менің өрісім,
Қара бастың қамы емес,
      іс жасасам ел үшін», -
Деп, дамылсыз армандаушы ем,
      қиялдаушы ем сәт сайын,
Содан соңғы кезекте еді
      сұлу ару, ақ қайың.
Күнде – күнде өңделетін,
      жамалатын арманым,
Армандардан жанданған ғой,
      зор болған ғой әр дарын...
Жаз жайлауда ақ есекті
      мініп алып, мал бағып,
Бір айғырдың қылығына
      қараушы едім таңданып.
Сол тор айғыр ажынап кеп,
      жымқырғанда құлағын,
Ытқитұғын айғырсымақ
      тайларың мен құнаның.
Еш жылқыдан жеңілместей
      көрінетін олмаған,
Шіркін, мен де сондай күшті
      болсам ғой деп толғанам.
Және көрші қарияның
      бар еді боз дөнені,
Жабағы, тай, құнанға да
      ілтипаты зор еді.
Байқаусызда сол боз дөнен
      үзіп кетіп арқанын,
Талап, шайнап шығарғаны
      тор бестінің талқанын.
Мықты деген тор бесті
      жеңілді де жер болды,
Оған деген үмітімнің
      бәрін күдік өңгерді.
Содан бастап кеуде соғып,
      «мен мықтымын!» деп жүрген
Айғырларды
Жылқы деп те санамайтын болдым мен.