Серік Сейітман

Туындылары


БҰРАЛҚЫ ИТ


Тағдырыңның тоқпағы ма сені ұрған?
Сол тоқпақтан таяқ жеген небір жан.
Көше кезіп, қыңсылаған бұралқы ит,
Бұралаңдап ердің неге соңымнан?!

Дәуір саған соқпағандай кем дүре,
Бармағымды иіскедің телміре.
Саусағымда көк сияның табы бар,
Сен де қу бас ақын болғың келді ме?!

Өмір – қазан апшымызды қуырды,
Шекемізге бақ емес, сор ту ілді.
Барар жерім жатақхана деген жай,
Бізден саған артылмайды – ау жуынды.

Тұрмысымды айта алмаймын ірі деп,
Шала байып қалам тойсам бір рет.
Елді жырмен асыраймын деп жүрсем,
Жырдың мені асырайтын түрі жоқ.

Күә болып әр ойпат пен әр қырат,
Бүтін сормен алысып жүр жарты бақ.
Етегінен тістетер ем заманның,
Ол да етексіз қалған саны жалтырап.

Қара күйе жаққандарға Айға аппақ
Түрің сенің байқалады қай қаппақ?..
Тектілікті танытайын деп едім,
Сен бейбақты түлкілерге айтақтап.

Сөйтсем, сен де қасіретке ұшырап,
Батпан сордың басыпты ғой мысы,.. қап?
Аяғыма оратыла бересің
Құйрығыңды борбайыңа қысып ап.

Асқазанға елес болып пәтір нан,
Сәтіміз көп «пай - пайлаған», «ах» ұрған.
Үріп – үріп, шықпаған соң ештеңе,
Ұлығаның – аумайды екен ақыннан.

Пейілімізге пұл екпедік, жырды ектік,
Сөйтіп, солай жүзімізді мұңды еттік.
Нан іздесең, осы жерден кері қайт,
Бақ іздесең, бірге іздейік, жүр, кеттік!