Серік Сейітман

Туындылары


ӨМІРГЕ ҚҰШТАРМЫН


Нәресте көрсем, жас болғым келеді,
Ана сүтіне мас болғым келеді.

Балуан көрсем, күрескім келеді,
Қажымұқанды пір еткім келеді.

Қыран құс көрсем, самғағым келеді,
Жыртқыш жандарды жалмағым келеді.

Арғымақ көрсем, мінгім де келеді,
Қыз қуып, теңге ілгім де келеді.

Гүл көрсем, теріп, жинағым келеді,
Сүйген сәулеме сыйлағым келеді.

Тау көрсем, заңғар, алып болғым келеді,
Бүкіл жер жүзін танып, көргім келеді.

Ажалдай сұммен достасқым келмейді,
Думан дүниемен қоштасқым келмейді.

Өмір деген – қыз қуу, бәйгі, салым,
Көк тіреймін, бір сәтте лай құшамын.

Жоқ болса да астымда ғарыш кеме
Өз күшіммен мен әлі Айға ұшамын.

Шоқ жұлдыздай бір күні сөнем – дағын...
Мекен етем қара жер төмен жағын.

Сонда ғана бір тыным таба алармын,
Сонда ғана тағдырға көнер жаным,
Оған шейін көз жұмбан, көрем бәрін.

Жұмсалса да тыншыман текке күшім,
Жүрем, тұрам арманда кетпес үшін.

Тірлік барда – даму да бар, әйел бар,
Әйел барда – жігіттікке сай ер бар.

Сылдыр су да деп бөлінер «Лай», «Тұнық»,
Өмір іші тұнып тұрған қайшылық:

Бір жерлерде жайқалып тұр шөп өсіп,
Бір жерлерде байқалып тұр төбешік.

Бір аулада түрлі – түсті гуүл өсіп,
Бір аулада наша шылым тұр өсіп.

Әлсіздер бар бос белбеуі, тақымы,
Мықтылар бар жер жаратын атомы.

Жоқтар да бар шама – шарқы, салт атты,
Сотқар да бар жал байлаған ауқатты.

Қастар да бар болмашыға керіскен,
Достар да бар тең бөлісіп, тең ішкен.

Жарлалар бар тиын терген арба айдап,
«Алғылар» бар ішкен асы бал – қаймақ.

Дүниені қарсылықтан құраған
Бір Құдайдың құдіретіне таңдай қақ.