Серік Сейітман

Туындылары


КӨҢІЛДЕГІ ТӨРТ МЕЗГІЛ


Көктеммін мен, бұл күнде мен көктеммін,
Жерге түссе көгерер жөргектен кім.
Анам қырға кеткенде тезек теріп
Бесігімді өзім – ақ тербеткенмін.

Мен жаз болам, күні ертең жаз боламын,
Жаз болмастай кеудемде аз ба жалын?
Дәл сол жазда күй кемпей жабырқаулы,
Жөн де шығар от болып маздағаным.

Содан кейін, әттең – ай, күз боламын,
Солғын тарта бастайды жүз – жанарым.
Көктем, жаздың керемет қызытарын
Өзгелерден өлердей қызғанамын.

Ал күзден соң қалтырап, қыс боламын,
Бетім - әжім, тіс – кетік, күс - табаным.
Тәнім жерді жастанып мәңгілікке,
Жанымменен бірге ұшқан құс боламын.

...Көктем, жазда тек жүріп, ұтылыппыз,
Қош айтысты сары гүл ұсынып күз.
Көңілдегі құбылыс қыспен бітті,
Қыстан соң не боларын түсініксіз.

Әй, уақыт!
Басың қайда, соңың қайда?
Құпияң табылар ма, табылмай ма?

Сен бәлкім жеткізбейтін киіксің – ау,
Мойныңды бір бұрмайсың, сүйіктім – ау.

Мен сенің жан сырыңды ұға алмадым,
Амалсыз жем көрсетіп, «қырауладым».

Сонда да үріккенсіп қаша бердің,
Қуумен өкпем өшіп, шаршап өлдім.

Ісін Адам атаның оңдамадық
Лағыңды үйретпеген қолбала қып!