Серік Сейітман

Туындылары


ЖЫР ҚҰДІРЕТІ


Әрбір күні ай емес – ау, жылға тең
Ауылыма оралғанда нұрлы - әсем
Жол үстінде жолығысып қалғаны
Отар – отар түлегі бар бір жәкем.

Ықыласы қос сөмкеме ауды да,
Жанұшыра былай деді даурыға:
- Иә, бала, шалғайдағы қаладан
Не базарлық алып келдің аулыңа?

- Дұрыс, аға, жырақ кетіп елімнен,
Поэзияның әлемінен көрінгем.
Соңғы жазған өлеңімді оқиын,
Базарлығым өлең болсын, - дедім мен.

Шытырлатып қалтасында теңгені,
Қабағымен атып тұрды ол мені.
Өлеңімді жаймен оқи бастап ем,
Тыңдамады, тыңдағысы келмеді.

Тыңдамады, тыңдағысы келмеді,
Жөн болмады асыл сөздің өлгені.
- Сөз баққанша, мал бақпайсың неге сен?
Мендей болып байығаның жөн, - деді.

Қой жайлы жыр оқып едім бір шумақ,
Әлгі жәкем зейін қоя тұр тыңдап.
Аз кідіріп, «Жыр құдірет екен!» деп.
Құшақ жайып, құшты мені ырсылдап...

Ұлылығын ұқтырдым – ау жырдың шын,
Тәңір оның түлігін де мың қылсын.
Егер өлең оқитұғын мал болса,
Малға мен де қызығар ма ем, кім білсін?!