Серік Сейітман

Туындылары


ҚАЛАММЕН СЫРЛАСУ


Кел, қаламым!
Сәлем бер саусағыма,
Күтумен жүр өзіңді ол сағына,
Мәңгі етіп жаз қанша жыр жазсаң – дағы,
Қалсын сенен ұрпаққа сонша мұра.

Жаз, қаламым!
Тұнықтың тұнбасын жаз,
Тілсіз туған мылқауға тіл қатып жаз.
Көзі соқыр зағипқа оқытып жаз,
Естімейтін кереңге тыңдатып жаз.

Жаз, қаламым!
Тың жерді қопарып жаз,
Үшкірленген ұшыңды соқа қып жаз.
Қарымыңнан байқалсын тек мықтылық,
Жалынынан жүректің от алып жаз.

Жаз, қаламым!
Қайнап жаз, бұлқылдап жаз,
Суатынан сезімнің сусындап жаз.
Болғанды жаз
Және де болатынды
Жер астынан жеті қат тың тыңдап жаз.

Жаз, қаламым!
Шың – құздан ары асып жаз,
Саяз жазба, санаммен санасып жаз.
Ірің толып, ауызы беку қалған
Шыншылдықтың жарасын қанатып жаз.

Жаз, қаламым!
Жаза түс, еш ерінбе,
Жата берме жып – жылы төсегіңде.
Бес – ақ күндік бұл жалған дүниеде
Мәнмен өткіз сол күннің бесеуін де.

Жаз, қаламым!
Сырыңды көшпес қып жаз,
Сырың барды сының да кетпес қыс – жаз ...
Әр сөйлемді, әр сөзді, әр әрпіңді
Тақтасына тарихтың өшпес қып жаз.
Сен өйтпесең, өмірден өтпеспін мәз!