Серік Сейітман

Туындылары


КӨРШІ БӨЛМЕ


Түсімізде той толап, таңды атыра,
Пәтер жалдап күн кештік Алматыда.
Анам байғұс: «Тұратын үйің қандай,
Жылы ма?» деп жазады әр хатына.

Бізден сұра ұйқының кереметін,
Жас жанұя қоңсымыз сор еметін.
Сықырлаған үнімен әлдилейді
Сыйлаймыз сол бөлменің кереуетін.

Күйеуіменен алмай-ақ бүтін сыйды,
Тек жатайын демейді-ау, қылымсиды.
Күніменен күңкілдеп жас келіншек,
Түнімене ыңқылдап, ыңырсиды.

Ырғағына асқанда түнда жеңшем,
Ұлт қамымен биіктеп мүлдем еңсем,
Ішей ғана «Бас, аға!» деп жатамын,
«Қазақ санын көбейтер біз бенен сен».

Өзге ұлттікі болған соң мына мекен,
Мазалайды бір сұрақ сірә бөтен:
«Мәскеу жақта орыстар қазақтардың
Үйін жалдап, пәтерде тұра ма екен?!»

Десек те сарт заманды сауып тынды,
Ол бөлмеде сәбилер сауық құрды.
Ойлап көрсем, сол көрші аға-жеңгем
Түнгі кезеңде істейтін зауыт сынды.

Несібіңді жұтса да доп боқ қарын,
Мылтық-кедей, оларға оқты атпағын.
Заманға мен мұң шағам,
Ал сен, аға,
«Түнгі зауыт» жұмысын тоқтатпағын.