Серәлиев Нәсредин

Туындылары


Торы ат

Көше – көшені аралап, бос бөтелке жинайтын ала тақиялы, мысық мұрт, қарасұр кісі машинаның резина дөңгелекті салған шағын арбасына жеккен торы атын шу – шулеп, біздің үйдің алдынан күніне екі мәрте өтеді. Сәскеде бір, түс қайта бір. Зәулім үйлердің алдымен асықпай, әр жерге бір тоқтап: «Бө-ө-тел-ке! Да-а-ва-й, бө-ө-тел-ке!» - деп даусы қарлыққанша айқай салады.
Осындайда тұс- тұстағы үйлерден бос шөлмек ұстаған ірілі-уақыты балалар жүгіре шығады. Олар бөтелке өткізгеніне мәз, ал шал әр түрлі ойыншық, шар, тәттітоқаш, конфет беріп қуантқанына мәз.
Шалдың қарлығыңқы даусы шыққан сәт біздің үйден жүгіретін адам- кішкентай қызым Ақбота. Ол жүгіргенде шөлмек алмайды, құтақандай алақанына үш – төрт түйір қант қысып кетеді. Басқа балалар дуылдап шалмен алыс – беріс жасап жатқанда, ол торы аттың жанына барады. Уысындағы қантын аттың аузына тосады. Тоқпақ жалды торы ат қантты күтірлете шайнайды. Өзіне тәтті берген кішкентай қызға алғыс айтуға тіл жетпей қиналғандай үлкен көздері жасаурай қарайды. Ақбота да торының жыбырлаған барқыт ернінен сипап, төмен ұмсынған мойнынан құшақтайды.
Бір кезде шалдың Ақботаға көзі түседі де:
- Е, досыңды сағынып қалдың ба? – деп күлімсірейді. Сонан соң Ақботаны арбаға мінгізіп, ауланы бір айналып шығады да: - Ертеңге дейін хош, балам! – дейді.
Ақбота торының тоқпақ жалынан сипап, бір түрлі қинала қоштасады. Торы ат та қоштасқандай, құлағын қайшылай қағып бара жатады.