Серәлиев Нәсредин

Шығармашылығы


Нәсіреддин Серәлиев – Сыр өңірінің өз перзенті. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының Қашқансу деген ауылы – оның кіндік кесіп, кір жуған жері. Алғаш есігін ашқан мектебі де өз аулының Абай атындағы жетіжілдіқ мектебі. Сол мектеп қабырғасында жүргенде – ақ әдебиетке бейімділілігі байқалады, қабырға газетіне үзбей өлең жазып, тіпті «ақын бала» аталады. Он үш жасында аудандық ақындар айтысына да қатысады, бірақ өзі жеке айтысқа түспейді, Үбісұлтан деген ақынның хатшысы болады, ол кідіріп қалғанда, жанынан бірер ауыз қосып жіберіп, айтар өлеңін өңдеп – жөндеуге атсалысып, кәдімгідей шалымдылық та көрсетеді. Шамасы, қаршадайынан – ақ Сыр сүлейлері атанған – Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп сияқты ақындардың өлеңдерін жинап, дәптеріне жазып алып жаттап жүретіні әдебиет табалдырығынаттауына бір себеп болғанға ұқсайды, Қанша айтқанмен, халықтың өлең – жыры бала бойына ана сүтімен бірге дарыса, ол тегін кетпеске керек.
Нәсір жетінші класты бітірісімен, үй іші Сырдарияға салынып жатқан Тасбөгет плотинасы басына көшіп келуіне байланысты, жақын жерден Қызылорда педагогтік училищесіне түседі. Оны тауысқаннан кейін, сол ауданның Калинин атындағы колхозына барып, бастауыш мектепте мұғалім болады. Ол мұнда өмірдің ащы – тұщысын татып, жақсылық пен жамандықтың жарық пен көлеңкедей қойындасып жүретінін көріп, оны өз басынан өткереді. Нәсір кейін мұны өзінің «Мен баламын ба?» повесінде мейлінше шынайы көрсетті.
Қызылорда педагогтік институтының тіл және әдебиет факультетінде оқып жүрген кездері Н.Серәлиевтің әдебиетке, қаламгерлік өнерге деген құштарлығы арта түседі. Оған, сірә, А.Тоқмағамбетов, Ә.Оңалбаев сияқты ақын – жазушылардың институтке жиі келіп, студенттермен кездесіп тұрғаны біраз әсер еткен тәрізді. Институтты бітіретін 1952 жылы «Пионер» журналында Нәсірдің «Кішкене үйшілер» атты әңгімесі басылады. Оның әдебиетке келу жолындағы алғашқы жемісті қадамы осы шағын әңгімеден басталады. Бірақ іңкәр көңілмен балалық бал дәурен қызығын өз творчествосына өзек еткен талантты жастың алғашқы шағын жинағы шығам дегенше де арада ұзақ төрт жыл өтеді. Қазақ көркем әдебиет баспасынан шыққан бұл жинақ «Ұшталмаған қарындаш» деп аталды...
Институттан кейін Н.Серәлиев облыстық «Ленин жолы» газетінде, «Үгітші блокнотында», сосын республикалық «Пионер» және «Балдырған» журналдарында еңбек етті. «Оңтүстік Қазақстан» өлкелік газетінің меншікті тілшісі болды. Мұның бәрі оның өмірмен, халықтың күнделікті тіршілігімен жан – жақты танысуына, журналистік шеберлігін аттыра түсуіне себін тигізді. Бірақ редакция жұмысы – кісінің күллі күш – жігерін, білім – қабілетін сарқа пайдалануды қажет ететін аса қиын жұмыс. Дегенмен Нәсір осынау жылдары балалар үшін жазуды әсте ұмытып көрген емес. Ұдайы көңілінің бір түпкірінде аяулы бір қазынасындай болып, бала әлемі өздігінен өмір сүріп жатар еді. Үй ішінің абыр – сабыры басылып, сәбилері ұйықтағасын, бұқпа шамын жағып, стол басында оңаша отырар кезі оның ғұмыр-тірлігінің ең бір ыстық сәттері болатын. Кейін алпысыншы жылдардың аяқ кезінен бастап, қашан ақтық демі үзілгенше, Қазақстан Жазушылар Одағының Шымкенттегі облысаралық бөлімшесінде секретарь болып істеп жүрген кезінде де ол осы әдетінен бір айнып көрген емес..
Елуінші жылдардың екінші жартысында, Нәсірдің бірінші жинағына ілесе шыққан «Намыс (1959), «Ақ лақпен қара лақ» (1961), «Әңгелек» (1964), «Ақбөпе» (1966), «Ақ қайың» (1967), «Ыстық күлше» (1969), «Қаңтар (1971) секілді жинақтарын қалың жұртшылық жылы шыраймен қарсы алды.»
Әрине, жоғарыда аталған кітаптарының кейін де Нәсір әдебиетіміздің ең бір шұрайлы беттерінен саналатын «Зеңгір аспан», «Махаббат туралы хикая», «Құм адамдары» сияқты тамаша туындыларын жазды. Тіпті «Көлбақа мен еңлікгүл» телефильмінің сценариі де Нәсірдің талантты қаламынан туды.
Нәсірдің «Ыстық күлше» мен «Қаңтар» повестері бал дәурен балалық шағын таршылық-тораппен, қайғы-қасіретпен өткізген балалар мен жасөспірімдер жайындағы, өн бойы нәзік лиризмге, адам көңіл-күйінің мұңына шүпілдеп толып тұрған туындылар.
Жазушының «Ыстық күлшемен» тетелес туған повесінің бірі - «Қаңтар». Мұнда ол Алданыш, Айман, Балабек, Дүйсен атты жас өспірімдердің «жарты бидайды жарып жеген, бүтін бидайды бөліп жеген» қимас ыстық шағын суреттейді.Шығарма өзегі – достық. Және ел ішін қайғы – қасірет, аштық – жалаңаштық жайлаған қатал да қаһарлы жылдардағы достық. Дүниеге көзін ашып, оңсолын енді ғана тани бастаған жас жеткіншектердің жан берісер нағыз достыққа өресі жете қоя ма?Жазушы бұл арада да өзінің қарапайым реалистік жазу мәнерінен айнымайды. Оқиғаны қолдан қоюландырып, кейіпкерлеріне «жасанды ерліктер» жасатпайды. Сол жаралы жылдардың өз қиындығы да жетіп жатыр. Бас көтерер ер – азаматтардың бәрі майданда. Үй-ішінің хал-ахуалы нашарлағасын, шиеттей бес іні-қарындасының қам-қарекетін реттеуді шешесі Қарашашпен бірге қолына алған Дүйсен қатты ауырып, төсек тартып жатып қалған. Сонда достары оны көз қырынан таса етпейді. Солардың бірі Балабек: «Дүйсендікіне біз қол ұшын бермесек болмас... Қырман қақсақ та, аң ауласақ та, бір нәрсе етіп тарықтырмаспыз...» дейді. Олар уәделерінде тұрады да. Не керек, әйтеуір, жазушы шағын ғана повеске сол қатал кездегі ауыл өмірінің, іске адал, дос-жарандарына мейірімді жастардың нанымды бейнелерін жасады. Повестің «Қаңтар» деген ызғарлы атынан соғыс ызғары анық сезіледі.
Н. Сералиевтің «Жеңешем, жорға және мен» повесі де соғыс жылдарындағы халық тұрмысынан хабар береді. Әдетте біз соғыс елдің – елдігіне, ердің – ерлігіне сын болады дейміз. Рас Ол кісінің қадыр-қасиетін де безбендейді. Сонда жақсының – жақсылығы, жаманның – жамандығы анық көрінеді. Колхоз бастығы Оқас майдангер әйелі – Ақзирадан күйеуінің көзіндей болған жорғаны алғысы келеді. Повеске арқау болған осы тартыс бірте-бірте ширап, шиеленісе түседі. Өжет мінезді, өрттей лапылдап тұрған әйел мен өзімшіл өркөкірек Оқас. От пен судай шарпысқан екі характер қақтығысы. Бірі – қарапайым колхозшы әйел, екіншісі - әкім. Әрине, әмір жүргізу әкімшілік қолында. Ақзира еркінен тыс еңбек майданына жөнелтіледі., бір кездегі тыныш күндер бейнесіндей болған жорға озбыр Оқас тақымының астында зорығып өледі. Міне, осындай қым-қиғаш тартыс арасында шымшықтай шырылдап, кішкентай да болса қиянатқа төзбейтін намысышыл, пысық Кәрім жүреді. Қатыгез кездің қатал шындығы осындай. Осының бәрін Нәсір шынайы шеберлікпен, кмеліне келтіре бейнелейді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Н. Сералиев қазақ балалар әдебиетінде өздері өмір сүрген кезеңнің шындығын көрсетіп, балалар мен жасөспірімдердің қайталанбас характерлерін жасаған жазушы

Әбілмәжін Жұмабаев. .



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу