Сәрсен Бек Сахабат

Лебіз


Сырт қарағанда бұзып-жарып бара жатпағанымен Сәрсеннің өзгешелігі – өлеңді ойға құратыны. Оның өлеңіне үңіле түссеңіз жаны құштар, пәктік үшін табан тірей алатын азаматтықты аңғаруға болар еді. Жас адамға бұл айтылғандар аса қажет қасиеттер.

«Табиғатқа жаны ашып қараған адамнан тек қана жақсылық күтер едім» – депті Э. Хемингуэй. Менің де осыны қайталағым келеді. Өйткені, Сәрсеннің лирикалық кейіпкері суық сорған өсімдік үшін жүрегі езіліп тұрса да оның бойынан адам сүйінетін қайсарлық тауып қуана біледі, табиғаттың дірілін жүрек айнасына түсіреді. Мұның баршысы – оның адалдық позициясын айқындайтын факторлар. Басқаны қайдам, тап сондай азаматтардың көбірек болуын қалаймын.

Қуандық Шаңғытбаев,
халық жазушысы



Сәрсен өлең жазумен біраз жылдан бері айналысып келе жатқан жас ақын. Оның жырлары әрлі де нәрлі, тілі кестелі. Айтар ойын нақыштап, астарлап жеткізеді. Сәрсеннің тұшымда поэзиялық туындылары аудандық газетте жиі жарияланып жүр. Жас ақынның сәтті қадамы болашағынан үлкен үміт күттіреді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей біз оның өлеңдерінің жақсы жақтарын ғана сөз еттік. Көркем туындының төрешісі – оқырман өз бағасын бере жатар.

Жас ақын ініміз Сәрсенге поэзия асуларын алуда қадамың сәтті, қаламың жүйрік болсын деп ақ тілегімді айтамын.

Манап Көкенов,
халық ақыны



Жамылып түнді қаракөк, жамырап жұлдыз барады – деп жырлайды жас автор. Ширақ. Аяқ алысы еркін. Өзіне сенімді екендігіне қуанып қаласыз. Ортаға салғаны талай ақын айта-айта таптаурынға айналған ой ғой. Жақсы мағынасындағы қарапайымдылық, шынайылық па екен, қалай десек те, осында біртүрлі жылылық бар. Ақындық жүрек бұлқынысын көреміз. Ал:

Басылды ыстық күйдірген,
Тағы бір күнім ұзады.
Сүйсіндірген де сүйдірген,
Тәтті екен тірлік тұзағы – дегенді қайтесіз.

Бұл шын поэзия ғой! Образдылық та, ой да тұнып тұр – ау...

Есенбай Дүйсенбаев,
ақын



Өлең...

Өлең өлкесіне дендеп қанат қаққан сайын оның құпия сырлары, қалтарыстары мен иірімдері өзінің жұмбақ құшағын айқара бастайды. Поэзияның осынау бір көңілге жылы, көктемнің алтын күрегіндей саумалынан сусын қандырған сайын ақын көкірегі ләззатқа бөлене бермек. «Өлеңге әркімнің – ақ бар таласы...» деп ұлы Абай айтқандай, өлең анау-мынауға шағыла салатын оңай жаңғақ емес. Сондықтан да өлең табиғаты шамырқаған сайын, пәлсапасы, айтар ойы қалыңдаған сайын оқырманын бей-жай күйге түсіреді... Сәрсенбектің өлеңдерінен менің ұққаным – ақынның халқымыздың ауыз әдебиетінің уызынан нәр ала білгендігі еді. Таптауырын болған сөздер мен ұйқастар кездеспеген өлең ғана асыл тастан шыққан сәуле секілді жылтылдайды...

Орал Бек-Болат,
ақын



АҒАЛАР МЕН ҚАЛАМДАСТАР ПІКІРІ

Түркі әлемі, Таным жағалаған ғалымдарды білуші ек. Ақындардың арасынан Сәрсен Бек Сахабат осынау нәзіктікті нысанаға дөп алыпты. Дегдар тым намысқой. Қайтер екен деп ақырын күттік. Шайырымыз алқына қоймапты. Керісінше көптеу таңырқатты. Түркіге тым бойлап тіл ұстартқаннан көбіне түсіне де қоймадық. Қаріп қуалайды, жаңылтпаш па дедік. Сөйтсек, бұл да түркілік үрдіс, бүгінде ұмытылған дәстүр екен.

Түркіні әркім өзінше қабылдайды, өзіне икемдейді – өзгеге қимайды. Сахабат ешкіммен салғыласпайды. Қисын қуалап шығыстың, Батыстың дәлел – дәйегін өз өресімен өлшеп таразылағаны әуесіңді келтіреді. Өгей өреге бағынбайды, өктемді басындырмайды. Түркіні тарының қауызына сыйдырған қараулыққа жан-тәнімен қарсыласқан пайым-парасаты бөлек.

Поэтиканы ақылға бағындыру, ғылыммен ұштастыру елеңдетерлік еңбек. Көк Тәңірі көсегесін көгерте алмаған өгей өремен таласқа түскені де өнеге. Сахабаттың өлеңде өретіні де, этномәдени пайымдауларында пәлсапаның буына бөгетіні де – Көк Тәңірінің осынау танымы. Ересек естіге – ойлы оқырманға берері мол. Сондықтан оны оқитындар әсте өкінбесе керек.

Тұран (Түпкістан) – жақ тартқан жауынгер елдің садағын кезегеннен сағымда көрінгенді мүлт жібермейтін мерген ерлердің атақонысы. Түркістанның төл перзенті Сахабат та сағымға садағын ілген, сөз өнерінде жақ иген бір бейнеткіш. Төл атасын төбесіне көтерген кішіпейіл ұл.

академик,
Рахманқұл Бердібай



Мың адамның арасынан Сәрсен Бек Сахабатты жазбай танып алуға болады дер едім. Қалыптасқан қолтаңбасы, өзіндік ой-өрісі бар. Қазықтыра біледі. Елдің бағына көп жасағыр бала!

Өйткені сөз таныған әмбебап әдебиетші. Оның әуесқойлардан ерекшелігі де осында. Әр сөйлемі жанын қинаған қырық қатпарлы ішкі ұйқас. Әркімді ойландырып қоятын мәнері, әрине, қиын. Алайда жоғалтқанымызды табуға септесетін керекті сөз. Қарыс – қарыс қартасын аударып оқығанда Сырдың ызаға біткен қауынынан тоя жегендей шөл басар едіңіз.

Әбдіхан Шілтерханов, жазушы,
соғыс және еңбек ардагері



Жақсы ақындардың арамызда көптеу жүргені дұрыс, өйткені қазақ ақынжанды халық. Ойламаған тұстан біреуі болмаса біреуі бой танытып шыға келеді. Сәрсен Бек Сахабаттың өз басы елеусіз жүре бергенімен тұтқиылдан, күтпеген жерден ой салып кететін қолтаңбасы қанық қаламгер. Маған оның өлеңдерімен қатар «Шәмшіғұмыры» да қатты ұнады.

Қалаубек Тұрсынқұлов,
жазушы



Сәрсен Бек Сахабат – артымыздан ерлікпен ерген Қаратаудың қара баласы.

Аян Нысаналин,
ақын



Сәрсен Бек Сахабат – ойын сөзбен өре білетін өзіндік болмысы бар ақын. Алматыдағы әдеби ортадан шет жүргенімен ізденісі ілгері, өрісі озық, өзі де ойлана сөйлеп, өзгені де ойға қалдыратын қалыптасқан қаламгер.

Исраил Сапарбай,
ақын



Көненің көмбесін қопарып, тіліне тұщынып ұмытулы сөздерін, мағыналық мәйегін, даңғыл көкірегін бүгінге қайтарып жүрген бір ақын бар. Көбіне «түсінбей қалдық» деп оның өзін кінәлаймыз. Бұл дүрыс емес, әлде кім ескінің бірер есті сөзін әлде қалай қолданса оның шашбауын көтере жөнелеміз. Міне, парадокс!

Күтпеген тұстан ойландырып кету Сәрсен Бек Сахабатқа тән машық. Қаратаудың рухани қазынасын қазып, күніне тотыққан қара бала өз жолын дұрыс таңдапты. Ең бастысы, қазақтың қолынан бәрі келетінін дәлелдей алған.

Нармахан Бегалыұлы, ақын,
К. Симонов атындағы алтын медаль иегері



Дүние-әлемнің діріл-дүрсілін күллі табиғатымен түсініп, құлай қабылдап, бар-барша құйылыс-жаратылысы – айрықша жаратылыс. Әрине, өлермен өлеңшілерді емес, арда ақындарды айтып отырмыз біз.

Сәрсен Бек Сахабаттың сөз қадірін терең түсініп, ерен қолдана білетіні, сөз өнері осынау қара баланың сүйегіне біткендігі оның «Үркер таққа тоғайды» атты қоңыр кітапшасынан – ақ анық аңғарылған еді. Бүгінде адамдардың, оның ішінде оқырманның, әсіресе әдеби қауымның түрлі-түрлі ыңғайларда құбыла өзгеріп бара жатқандығы соншалық, шын пейілмен қуану дегеннің өзі қиынға айналғанын байқағанда, шошынбасқа лажың қалмас... Сәрсенбектің жырларында да, тәржімелеріне де қуанудың, шуақ шаша мейірленудің орнына кейбіреулердің тіксіне-тітіркене қалғаны да «түсінікті» деп білеміз.

* * *

Оңтүстік өңірінде де тәкентанушылардың төбе көрсетіп қоятыны қуантады. Бұл ретте ақын, түркітанушы, мәдениеттанушы Сәрсен Бек Сахабаттың ізденістері мол. Түстіктегі тәкентанушылардың бірегейі десек, артық емес. Тәкенді ту етіп көтеріп, талмай насихаттайтындар қатарынан қара үзген осы «қара бала» екенін айтқанын абзал.

Мархабат Байғұт, жазушы,
халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты



... Кез келген ақынның еңбегі лайықты бағалануға тиіс. Артық та, кем де тартпасын. Әдебиет үшін әлі құрығанша күресіп келе жатқан жансебілдердің еңбегі – ұлтымыздың рухының алтын діңгегі. Сәрсен Бек Сахабат солардың бірі де бірегейі. Ол мәдениетті, білімді де ерекше ақын. Өлеңдері мен тәржімесінің тәрбиелі келетіні сондықтан. Жеңіл – желпі ауызекі тілді місе тұтпайды, көп оқиды, көп біледі, түбіне үңіледі.

Кейбір ақын-жазушыларымыздың қолынан бұлай еңбек ету келмес те еді.

Әбілда Аймақ, ақын,
Физули атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты