Тұрсынай Оразбаева

Туындылары


АСЫЛ АРМАН


Бозторғай әнге қосып бұла таңын
Тіршілік қызған шақты ұнатамын.
Көз тоймай туған жердің келбетіне
Тамсанып гүлдерге өскен тербетіле.
Кеудемде күй күмбірлеп, тасыған жан,
Соларды жырға қосу – асыл арман.

Аралап кең өлкемнің атырабын,
Беу, жастық! Дүрліктіріп жатыр әнің.
Жазира дархан далам, сырға тұнған –
Аумайсың дихан қыздың сымбатынан.
Жалының қайрат беріп, тасынар жан,
Өзіңді жырға қосу – асыл арман.

Паш етіп ұлы еңбекпен асқақ атын,
Өркен жайған ұрпағы – жас қанаты,
Адамдар – замандастар, армандастар,
Сендермен мақсатым бір алға бастар.
Даңқыңнан шабыттанып тасынар жан,
Сендерді жырлап өту – асыл арман.