Тұрсынай Оразбаева

Туындылары


САХА ҚАРИЯЛАРЫ


Талайдан аңсаған менің,
Әкемді болдым көргендей.
Бір әсем ән салсам дедім,
Сіздерге қуат бергендей.

Шешейлер – биязы пішін –
Анамнан аумағандарым.
Қараймын елжіреп ішім,
Бауырдай баурағандарым!

Аялап арқамнан қақсаң,
Еркелеп, балаға ұқсадым.
Бақыт қой – ортаңнан тапсам,
Ойға – өріс,
Бойға – күш, жалын.

Бақ тілеп Қыдыр бабам да,
Тұрғандай шаттана бердім.
Ғажайып ғұмырнамаңа
Сусындап, мақтанам енді.

Тарихтың өткелдерінен,
Нық аттап тірлік көшінде.
Қоштастың көктемдеріңмен,
«Тар жолды, тайғақ» кешуде.

Сіздермен биіктедім мен,
Тапқандай қазына аралын.
Көргенді түйіп көңілге,
Жүрекке жазып аламын.