Олжабай Сабырбек

Туындылары


«Гүл мен шеңгел»

Қайдан көргені есінде жоқ, осы бір сурет оның көз алдынан кетпей қойған. Ұзын да епетейсіз шеңгелдің түбіне майысып гүл өсіпті. Гүл болғанда қандай шіркін. Үлбіреген қыз ернін елестетер қауызы дөңгеленген қызыл гүл. Лүп етіп соққан самал желге тербетіліп, сабағынан үзілгелі тұр. Бейне әне-міне қош айтысар қыз-ғұмыр секілді. Қасындағы әлгі шомбал шеңгел нәзік те сұлу гүлдің қасында өзінің сұрықсыздығынан қымсынатындай, төменге көз қарауға ұялып, аспандап тұр. Кейде тәкаппарлығына салып, нәзік гүлді басынып, паң қарайтындай. Табиғаттың мына әділетсіздігін қарасаңшы, егер сол гүлді ол орнынан алып қойса, мынау жер тым суық, көріксіз болып қалар еді. Ал, гүлдің тамырына зақым келіп қалатындай. Тағдыр оларды бір-біріне осылай теліп кейде еркелетіп қойған. Осы көрініс есіне түскен сайын жан-жағына алақтап, белгісіз әділетсіздікке араша түскісі келіп, аласұратыны бар. Жайдары жаздың тамылжыған әсем бір кеші еді. Астананы алып құшағына алған Алатау баурайында сүйіктісі Әсем екеуі серуендеп жүрген. Ол бір базары тарқамаған ажарлы күндер еді ғой. Әттең, Әсемі бұл дүниеден ерте кетті. Екінші баласына босанарда кенеттен ғұмыры ұзылды. Топырағың торқа болғыр, жүзінен мейірім табы кетпейтін мейірімді жан еді. Әсем десе әсем еді-ау өзі де. Сол күндерді ойласа Дәуреннің өзегі өртенеді. Амал қанша, енді... Иә, сол бір жаздың жайдары кеші... Әсемі - қасында. - Дәурен, а, Дәурен, мынаны қарашы, - деп дауыстайды ол, - мұнда келші. Гүл іздеп ұзап кеткен Әсемнің үні өзгешелеу естілді. Жылан көріп қорқып тұр екен деп жүгіріп жеткен. Әсем бір үлкен шеңгелдің түбіне таңырқап, сүйсіне қарап қалыпты. Қанша жігіт болғанымен, жыланның түсі суық емес пе, бұл манағы ойым шындыққа айналды-ау деп әуелгіде абдырап-ақ қалды. - Қане, не ол? Жылан ба? - Жыланы несі? Гүл! Кәдімгі тау гүлі! Өзі қандай әдемі еді?! - Кәне? - Міне, шеңгел түбінде тұр ғой.... Дәурен шеңгел түбіне майыса өскен қызыл гүлді енді ғана аңғарды. Күн көзіне үмтылған нәзік гүлге шомбал шеңгел көлеңкесін түсіріп тұр. Аяп-ақ кетті. - Әсем, мына гүлді қазып алып, өзге бір күн көзі түсетін жерге отырғызайықшы, - деген бұл ғашығына қарап. - Жоқ, болмайды, Дәурен. Мен болашақ биолог емеспін бе? Егер бұл гүлді түбінен қазып алар болсақ, жаңа жерде ол өспей қалуы да мүмкін. - Неге? Дәурен асығыс сұраған. - Өйткені, біз оның тамырын үзіп алуымыз мүмкін. Оның тамыры да нәзік. Ал, тамырына зақым тиген өсімдік өспейді. Бұл табиғаты солай, орнынан қозғағанды сүймейді. Сондықтан оны бұл жағдайдан ешкім де енді құтқара алмайды. Әсемнің даусы дірілдеп екі жас қол ұстасып ауылға бірге аттанған. Әсем орта мектепке мұғалім болып орналасты. Дәурен - мал дәрігері. Көбінесе алыс отарларда жүретін Дәурен араға екі-үш күн салып үйіне әзер оралады. Мұндайда олар сағынысып қауышады. Сөйтіп жүріп, өмірге алғашқы ұлдары Арман келді. Сәбилері еңбектей бастаған шақта бұлар басқа совхозға көшті. Қызығы мен қуанышы мол күндер мұнда да жалғасқан. Жастықтарынан ба әлде кісі жатырқамайтын мінездерімен бе олар жаңа ортамен, көршілерімен етене араласып кетті. Көрікті келіншек Назыммен көрші болып шықты. Ол Әсем орналасқан мектепте орыс тілінен сабақ береді екен. Бұл әсіресе, Әсемге жақсы болды. Таңертең екеуі жұмысқа бірге кетеді, кешке бірге келеді. Сөйтіп жүріп екеуі бір-бірімен сырлас та болып алған. Назымның жолдасы Тойлыбай шопыр болып еңбек етеді екен. Жұмысқа ерте кетіп, кеш қайтатындығынан үйінен шығып, көрші араламайды. Дәурен оны ерулікке шақырғанда бір-ақ көрген. Неге екені белгісіз Тойлыбай әуелгіде-ақ тұйық жан сияқты әсер берді. Көршілерді Жаңа жыл қарсаңында бұлар үйіне шақырған кезде Тойлыбай қызып қалды. Сөзге сараң көрінген Тойлыекең ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген. Ерінің мына қылығынан қысылды ма, Назым әнтек қызарып, үнсіз отырып қалды. Ақыры Әсемге көмектесуді сылтауратып бөлмеден шығып кетті. Кейіннен осы Тойлыбайдың араққа тойып келіп, машинадан сүйретіліп әзер түсіп жатқанын да талай мәрте көрді. Арақ ішіп келгенде ол тым мазасыз. Ит, құсты үй айналдыра қуып, балағаттап жүріп алады екен. Бұл күні Назым далаға шықпайды. Дәурен кейде сол бір көрікті келіншек ебедейсіз, содыр Тойлыбайға неге тұрмысқа шықты, қай қылығын ұнатты, шын сүйіп қосылды ма екен деп те ойлайтын. Шын сүйіп қосылды дейін десе, келіншек күйеуіне біртүрлі құлықсыз сияқты. Оның үстіне келіншек тым көрікті де, Тойлыбай бұған керісінше. Әрине, көрікте тұрған не бар, адамгершілігін, мінезін қалап қосылды дейін десе, тағы да үйлеспейтіндей. Тойлыбайдың оғаш істерін байқап қалып жүр ғой. Арада бір сыр жатқандай. Назым мен Әсем жақсы араласып тұрды, тіпті, жақсы достасып кетті. Қайда барса да екеуінің жұбы жазылмайды. Мінезі жібектей Назым келгенде Дәуреннің өзі де үйіне ерекше бір жылылық кіргендей сезінеді. Сол күні Дәурен жұмысынан ерте оралады. Әсем үйде екен. - Ерте келгенің жақсы болды ғой, Дәурен, бүгін кинотеатрға үнді фильмі келіпті. Барайықшы, - деді еркелей сөйлеп. - Барсақ, барайық, - деген бұл киімдерін ауыстырып жатып. Кешке олар киноға үшеу болып келді. Әсем қасына Назымды ерткен. Тойлыбай алыс сапардан кешіккен. Қашан оралары белгісіз. Содан Арманды Назымның енесіне табыстап, үшеуі «Махаббатым менің - қасіретім менің» атты фильмді тамашалауға шықты. Қайтарда қос келіншек қолтықтасып бірге жүрді. Әсем мен Назым кинодан алған әсерлерін айтып келе жатқан. Сөйтіп олар үйлеріне жеткенін де аңғармай қалыпты. - Ей, ветврач, қос келіншекті қолтыққа қысып, кинолатып келесің бе? - деген ызғарлы үннен үшеуі де селк еткен. Тойлыбай есік алдында бүйірін таянып тұр екен. Назым ыңғайсызданып: - Тойлыбай, не болды саған? Біз Әсем екеуіміз бүгін киноға барайын деп... Дәурен бізді жігіттерден қоып жүрді, - деп күйеінің ызғарын қайтарғысы келгендей назды тіл қатқан. - Білемін, оның кімді кімнен қорып жүргенін? Жүр үйге. Киношылыңды көрейін сенің. Тойлыбайдың мына оспадарсыздығына қызынып келе жатқан Дәуренді Әсем сөйлеткен жоқ. Дәурен ауыз ашса болды, ұрыс шығатынын білген есті келіншек күйеуінің қолтығынан демеп, үйіне қарай бұрылған. Үйге келген соң: - онымен ілінісіп қайтесің, бәрібір түсінбейді, - деді Әсем. - Сонда да орынсыз тиіскеніне ызаланамын да. - Мейлі, айтса айта берсін. Сен бірақ оған тиіспе. Өзі-ақ қояды. Әлден соң Әсем Назымның үйінен Арманды алып келді. Дәурен сұраулы жүзімен әйеліне телміре қарады. Одан Назымның жай-күйін білгісі келді. Бірақ Әсем тек жатар алдында ғана: - Назым байғұс жылап жатыр, - деді, - күйеуі ұрса керек. Енесі арашалап қалған болуы керек, әйтпесе нәзік келіншекті жүндей түтеді ғой ол дүлей. Келіншегінің оны «дүлей» деп ызалана атағанына бұл іштей қосылды. Тіпті бар ызасын сыртқа шығарғандай жеңілденіп қалды. Сосын Әсемді сөйлете түскісі келіп: - Әсем, не үшін оны «дүлей» дедің? Соншалықты неге жек көресің? - деді. - Назымды Тойлыбай кінәсізден-кінәсіз ұрады екен, - деді Әсем ауыр күрсініп, - Көбіне орынсыз қызғанатын сияқты. Байғұс келіншекті аяймын. Мектепте ғой, ешнәрсені білдірмей гүлдей жайнап жүреді. Үйге қайтарда: «Осы, Әсем, білсең үйге қарай аяғым тартпай келеді. Қасымда сен болған соң әрі бүлдіршіндерімді ойлап қана құр сілдерімді сүйретіп үйге әзер келе жатырмын» дейді. Байғұсты аяп кетемін. Тойлыбай дүлей добалдай қолымен нәзік Назымды оңдыртпай ұрады-ау деймін. Сонда да төзіп жүр ғой ол. «Балаларымды, енемді қимаймын. Апам жақсы кісі» дейді ол. Жоғары оқу орнын бітірген Назымды орыс тілінің мұғалімі жетіспейді деп осы совхозға жіберіпті. Байғұс қызды әлгі дүлей бірде кинодан қайтқанда тосып алып машинаға еріксіз отырғызып, жайлаудағы нағашысінікіне алып қашып кетіпті. Содан, үш күннен соң бір-ақ оралып, той өткізіпті. Назымның институттың соңғы курсында оқитын жігіті бар екен, іздеп келіп қатты жылады дейді. Амал не, сүймейтінінің есігінде бұл да жылап қала берген. Назымның ағалары да оның қайтып барғанын ұнатпапты. Қиын, ә, Дәурен? - деп тағы да терең күрсінді Әсем. Сол Назымның ішкі сыры ашылған кештен кейін екі үй бір-біріне қатысуды қойды. Кейде Тойлыбай ұзақ іс-сапарға кеткенде ғана Назым бұлардың үйіне келеді. Онда да бұрынғыдай көп отырмайды. Әртүрлі сылтау айтып қалады. Дәурен мен Тойлыбайдың да арасы қашықтай түсті. Назымның жүрген жолын аңдып, бұлардың үйімен қатыстырмай тастады. ...Әсем перзентханаға түскенде тәй-тәй жүре бастаған ұлын көрші үйге табыстап Дәурен жұмысына кеткен. Ойында ешнәрсе жоқ-тын. Қуанышты хабар қашан келіп қалады деп елеңдеп жүрген. Олар Мыңжылқы баурайындағы шопанның үйінде болатын. Таңертеңнен бері отардағы қойларға түрлі ауруларға қарсы дәрі егіп болып, енді ғана шаң басқан. Дүрілдеген машина даусы естілді. Келген ферма басқарушысы Әнуар екен. - Дәурен, сен мен келген машинамен ауылға қайт, - деді ол. - Келініңізден хабар бар ма? - деген бұл бастығынан жақсылық хабар күтіп. - Білмедім. Бірақ сені үйіңде күтіп отыр. Тез қайт, - деді бастығы қатқылдау үн қатып. «Кім күтіп отыр, әлде ауылдан апамдар келді ме екен?» деп ойлады Дәурен. Бірақ, бастығының қабағына қарап, онысын сұрай алмады. Машинаға мініп ауылға қайтты. Жолай әлденеге жүрегі дүрс-дүрс соқты. Шопыр жігіт те жол бойы жақ ашпады. Арадағы жол Дәуренге таусылмай кеткен сияқты болып көрінген. Үй алдына жиналған көпшілікті көргенде Дәуреннің жүрегі шаншыды. Жүргізушінің иығынан салып қалды: - Кім, а, кім? - деді асығыс сұрап. - Әсем! - деді ол кенет атылған мылтықтай үні жарықшақтанып. Бұдан әрі не болғанын Дәурен білмейді. Бәрі де елес сияқты. Назым сол күні аянбай қызмет етті. Ошақ басында да, дастархан жайғанда да осы үйдің күңінен бетер, тізе бүкпеді. Әсемнің алдындағы достық, сырластық, бауырмалдық парызын осылайша өтегісі келген шығар. Кейде көздері ұшырасып қалғанда Дәурен Назымның өзіне елжірей, аяй қарайтынын аңғарды. Өзінің де жетісіп тұрмағаны белгілі. Тек көрші келіншектің қас-қағым сәт тұрып қалып, көздерін тез тайдырып әкеткенінен жетім жүрегі одан бетер езілумен болды. Бір-бірін іштей аяп, бірімен-бірі іштей тілдесіп, мұңдасты сол күні. Әсемнің жылын бергеннен соң да Дәурен осы ауылдан кеткісі келмеді. Ол баста жолдамамен келіп түскенмен, бауыр басып қалған сияқты. Олай да емес. Дәуреннің жан баласы былай тұрсын, өзінен де жасырып жүрген бір сыры - ол Назымды қимай жүр. Сондай бір жабырқау кеш еді. Жұмыстан кештеу келіп, машинадан түсіп жатқан. Тойлыбайға жолықты. Масандау екен. Тура алдына кесе-көлденең тұрып алып: - сен өз әйеліңді жалмап, енді Назымға көзіңді сатып жүргеніңді мен білмейді дейсің бе? Кет, бұл жерден. Әйтпесе, соңы жақсылық болмайды, - деді тістене сөйлеп. Аузынан арақ иісі мұңқ еткен. Дәурен томардай болып алдында тұрған оны ұрып жібергісі келді. Енді бірнәрсе десе, бұл да дайын-ды. Қаны тасып, басына шапты. Сол кезде бұларға қарай келе жатқан Тойлыбайдың анасының үні естілді. - Ой, жетесіз неме! Не әкеңнің ақысы бар жазықсыз балада. Қайт бері. Анасының үні әмірлі естілді. Тістенген Тойлыбай Дәуренді қаға-маға үйіне қарай бұрылды. Үйіне жеткенше бұны балағаттап-ақ бақты. Ертесіне Дәурен көзі қып-қызыл болып ісіп кеткен Назымды көрді... Назымға деген аяушылықпен бірге оған деген әлдебір тұнық сезімнің де оянғанын Дәурен енді анық аңғарды. Жанын жегідей жеп жүрген ащы шындықты ол еріксіз мойындады. Ол күш, аңғал махабаттан да күшті сезім еді. Әр бұлқынысы кеудесін тесіп шығардай орнында отыра алмады. Өзін-өзі «Назым тек Әсемнің досы ғана, соның елесі ғана. Әсемді еске түсіретін болғандықтан да ол маған ыстық» деп көндіргісі келді. Алайда, күннен-күнге Назымға деген жүрек түкпіріндегі әлдебір тұнық сезім ырқынан шығып бара жатты. Оның ойына баяғы Әсем екеуі қыдырған ормандағы шеңгел түбіне өскен гүл қайта оралатын болды. Жай еске алады. «Нәзік гүлді шеңгелдің ащы уысынан құтқару керек» деді оның жүрегі. Иә, құтқару керек. Нәзік гүл көлеңкеде қалтырамай күн көзін сүйіп еркін өсуі керек. Қанша өрекпісе де Әсемнің: - Мен биолог емеспін бе? Ол гүлді орнынан қозғауға болмайды. Өйткені нәзік гүл шеңгелдің уысында тұрып-ақ тамырын тереңге жіберіп үлгерген. Егер оның бір тамырына зақым тисе солып қалуы мүмкін, - деген сөзі құлағында жаңғырып, бар тәуекелінен шегіндіріп жібереді. Үйін жинап, көшіп бара жатқан Дәуренді сыртынан көргендер: - Қос қимасынан айырылып, шөптей болып қалыпты-ау. Қалың шеңгелдің көлеңкесінде қалған гүл секілді, - деп аяп жатты.