Олжабай Сабырбек

Туындылары


БАЯҒЫДА ҰРЛАНҒАН БАҚЫТ
Новелла


       Ақсәуле ақ үрпек баланы есіне алды. Үнемі ол Ақсәулені аялдамада күтіп алушы еді. Кейде аппақ гүлдер сыйлайтын.
       – Қажеті жоқ, неге сонша шығындана бересің? – деп Ақсәуле азар да безер болатын.
       Балаң жігіт қызарып сала береді. Туфлиінің ұшына қарап үнсіз тұрады. Ақсәулеге оның ұялшақтағаны қызық көрінеді. Кейде оны ұрсып тастағысы келеді. Бақыттың көз шарасына тұнған мөлдір шықтарын көрген соң Ақсәуле ішкі толғаныстарын тежей түседі.
       Бақыттың жалғыз ғана шешесі бар-ды. Шиеттей төрт ұл-қызын асыраймын деп күні бойы базардан шықпайды. Ал, әкесі туралы дерек жоқ. Бақыт өзінен кейін өсіп келе жатқан үйелмелі-сүйелмелі іні-қарындастарына қарайласамын деп сабақтан шыға сала шешесіне жүгіреді.
       Ақсәуле бұйра шашы толқынданып, аққұба жүзі алабұртып тұратын Бақытты көз алдына елестетті.
       – Ақсәуле, – деді бірде ол, – сенімен бірге тескентау асып кетуге де бармын. Тек қана “иә” деші.
       Қыздың жыны келді. Мұны кім деп жүр? Ақсәуленің әкесі қаладағы үлкен кісілердің бірі. Шешесінің жеке фирмасы бар. Екеуі де шетелдік әйдік автомашинамен жүреді. Ақсәулеге де қып-қызыл шетелдік машина әперіп қойған. Үш қабатты зәулім үйде тұрады.
       Ал, Бақыт ше? Жесір әйелдің жетім баласы. Көп қабатты үйдің аядай ғана екі бөлмелі пәтерінде тұрады. Салыстырып көр енді?
       Ақсәуле осы жәйттерді ойлап: “Сорлы, шамасына қараса қайтеді?” деп мойынын әнтек бұрып жүзінен балалық табы әлі жоғалып бітпеген Бақытқа жек көре қарады.
       Әрине, қыз тәрбиелі, көргенді отбасының перзенті болатын. Оның әкесіне облыс әкімінің өзі құрметпен қарайды. Ал, осындай отбасыдан шыққан бойжеткен қайдағы бір... Ақсәуленің бойында аппақ гүлдер ұсынатын жігітке жиіркенішті сезім оянды.
       Қыздың әкесі Ақсәулені өзінің досы, облыстағы құзырлы бір мекеменің бастығы Сапар Сейтімовтің ұлына қолайлы көріп жүр. Анасы да құлағының құрыш етін жегідей жейді. Ал, оның ұлы университетті бітіріп білдей бір мекемеге бастықтың орынбасары болып орналасқалы жатыр. Ақсәуле оны Сапар Сейтімовтің үйіне әке-шешесімен барғанда бірер мәрте көргені бар. Кекірейіп қалған біреу.
       Бірақ олар әке-шешелерінің ықпалымен жиі жолығатын болды. Қараш қызды өзінің қымбат автомашинасымен қаладағы таңдаулы ресторандар мен казиноларға, түнгі барларға жиі апарады. Сөйтіп жүргенде той болатын күн белгіленді.
       Бақыт бұл тойға қатысқан жоқ. Оны ешкім де елеп тойға шақырмайтын еді. Тек тойдың алдында Қараш пен Ақсәуле шақыру билетіне суретке түскелі жатқанда ойда-жоқта Бақыт фотостудияға келе қалғаны. Қараш, әрине, қалыңдығына гүл сыйлағыш жігіт жайлы хабарсыз. Сонда да Ақсәуле селк етті. Өзіне әдемі жарасып тұрған қалыңдық көйлегіне аққудың ажарындай көркі қосылып, мына ғайыптан пайда болған періштеге бүкіл келушілер таң-тамаша қарай қалысқан.
       Аппақ жүзіне қып-қызыл жарқыл ойнап шыға келгенде Қараш мұны көпшіліктің сұқ көздерінен деп ойлады. Сонда да өркөкірек жігіт “мен бақыттымын” деп сезім сапырылысына сүңги алмады. Қайта жүздері қарауытып, Ақсәулені білегінен қаттырақ қысып, қалыңдығын асықтыра түсті.
       Сүліктей шетелдік машинаға қол ұстасып мінген екеудің соңынан қарап бір жігіт жылап тұрды...
       ...Айсұлу түн ортасында шошып оянды. Денесі дір-дір етіп көпке дейін өзіне-өзі келе алмады. Рюмкеге азырақ минералды су құйып ішіп еді, көгеріп кеткен еріндері икемге келмеді. Түсіндегі құбыжық мұны жегелі жатыр екен дейді. Ол көзі айқасса болды әлгі құбыжық бас салғалы тұрғандай жүрегі атқақтай түсті.
       Бірақ оның мұндай азапты түндерді бастан өткеріп келе жатқаны бүгін бе? Үйленгендеріне көп болмай бірде Қараш үйге кештеу оралды. Екі көзі құтырған қасқырдың көздеріндей қанталап кеткен. Ақсәуле сол кезде күйеуінен сұмдық қорықты. Қараштың бүкіл денесінен адам баласының жүрегі айнитын жағымсыз бір иіс шығып тұр еді.
       Сол күні Қараш Ақсәулеге білгенін істеді. “Мынадай азап бар-ау” деп ойламаған жас келіншектің балғын денесі бір суып, бір ысып, өзі сандырақтап жатты. Таңертең Қараш келіншегінің тамағына пышақ тақады.
       – Осыдан түндегілерді біреуге тіс жарып айтатын болсаң, малша бауыздап тастаймын. Ұқтың ба? - деді қанын ішіне тартып алған Қараш.
       Ақсәуленің үн шығаруға дәрмені жоқ еді. Ол тек басын изей берді.
       Қараш шығып кеткеннен соң Ақсәуле ваннаға барып әбден құсты. Бірақ бойындағы жиіркенішті сезімнен айырыла алған жоқ. Жылы ванна, енесінің жұмсақ сөздері де оны жібіте алған жоқ.
       Құр сүлдері ғана қалып, екі көзі шүңірейіп жүрген қыздарын көріп әкесі мен шешесі шошып түсті.
       – Қызым-ау, бір жерің ауырып жүрген жоқ па? Дәрігерге қаратайық. Түрің не болып кеткен өзі? – деп әкесі шыр-пыр болды.
       Екі құдағи оңаша ұзақ сөйлесті.
       – Қыздарыңыздың аяғы ауыр. Кей қыздар алғашқы құрсақта осылай болады, – деді енесі.
       Мұнан соң әкесі қызының маңдайынан сүйіп, тез-тез басып шығып кетті. Анасы да әлденені айта алмай тұрған қызына жаутаң-жаутаң қарап үйден зорға шықты.
       Иә, Қараш наркоман болып шықты. Бірде ол түн ішінде Ақсәулені оятып алып, оның білегіне ине шаншымақ болды. Ақсәуле сұмдық шошынды. Арпалысып жүріп енесі мен атасы жататын бөлмеге қалай қашып барғанын өзі де білмейді. Ішкиімшең қалтырап түрған келіндерін көріп атасы мен енесінің де үрейі ұшты. Олар Қарашты әзер дегенде тыныштандырып, келінді басқа бөлмеге жатқызды.
       Ертесіне енесі:
       – Күйеуің әр ұрған сайын атаңның бөлмесіне қашып келуді қой, – деп ұрысты. – Бай болған соң ұрады. Өзіміз де таяқ жеп өскенбіз.
       Анасының осы сөзін естігендей сол күні кешке Қараш келіншегін өлгенше сабады.
       Ақсәуле екі оттың ортасында қалды. Әкесі мен атасы жан берісетін қимас достар. Енді құдалар. Оның үстіне атасы келінін өте қатты сыйлайды. Осындай отбасылар ортасына Ақсәуле қалай сына қағарын білмей аласұрады.
       Кезекті бір азапты түннен соң Ақсәуле “кішкене көңіл сергітіп келейін” деп енесінен рұқсат алып көшеге шықты. Үйден көп ұзамай қаладағы үлкен бастықтардың бірінікі дейтін мейрамхана бар еді. Соған келді. Даяшы жігітке үш жүз грамм вискиге тапсырыс берді. Қою түтінге бөгіп қалтарыста өзімен өзі ұзақ отырды.
       – Кешіріңіз, – деген сөзге Ақсәуле жалт қарады.
       – Сіз Ақсәуле емессіз бе? Мені танымадыңыз ба?
       Санасы семіңкіреп бара жатқан келіншек жігітке аңтарыла қарады.
       – Бұл мен ғой, Бақыт. Осында бармен болып жұмыс істеймін. Бағанадан бері сізге “осы Ақсәуле ме, жоқ па?” деп қарап отырмын. Денсаулығыңыз қалай? Қайда қызмет істейсіз? Ендігі балаларыңыз да бар шығар. Үлкен жігіт болып өсіп келеді ме?
       Ақсәуле сан сауалмен бастырмалатқан жігітке сүзіле қарап, санасы жарқ етті. Баяғы өзіне аппақ гүлдер ұсынудан жалықпайтын жігіт. Еш өзгермепті. Баяғы қалпы. Аңқылдақ мінезі де.
       «Мен сенің сезімдеріңді таптап кеттім. Бірақ бақытты бола алмадым» дегісі келді Ақсәуленің. Бірақ айта алған жоқ.
       – Мен сізді әлі ұмытқаным жоқ, – деді жігіт тағы да.
       – Ал, мен баяғыда ұмытқам.
       Келіншек жігіттің ескі жарасының бетін аршып алмайын деп өтірік айтты.
       – Білемін.
       – Нені білесің?
       – Мені ұмытқаныңызды.
       – Ә-ә.
       Келіншек рюмкедегі вискиді сарқып ішті де даяшымен есептесіп сыртқа беттеді.
       – Мен сізді шығарып салайын.
       – Қажеті бола қоймас. Өзім-ақ...
       Келіншек орнынан тұра бергенде шайқатылыңқырап кеткендей болды. Бақыт әбжіл қимылмен оны сүйеп қалды. Келіншек жігіт құшағында ұзағырақ тұрды. Жігіт келіншектің маңдайынан иіскеді. Ақсәуле жігіттің өн бойынан айтып жеткізгісіз тазалықты сезінді. Жігіт кеудесіне мұрынын тығып жіберіп ұзағырақ иіскегісі келіп кетті. Алайда, көпшілік орында бұлай етуге болмайтын еді.
       Тазалыққа шөліркеген Ақсәуле тысқа талмаусырап шықты.
       Такси оны жұлқи тартып ұзатып бара жатты. Ақсәуле барлық бақытынан тоналғандай артқы терезеден соңына телміре қарады.
       Ақсәуленің Бақытқа: “Мені мына азаптан құтқар. Екеуміз ешкім естімейтін алыс жаққа қол ұстасып бірге кетейік” дегісі келді. Бірақ баяғыда ұрлатып алған бақыты қайта оралмайтыны есіне түскенде еріндерін өкінішпен тістеді.