Олжабай Сабырбек

Туындылары


МҰХИТ АСЫП КЕЛГЕН ҚЫЗ
Әңгіме


       Көзінің ағы мен қарашығындай, еліктей ерке, сүмбілдей сұлу, балдай тәтті, жандарының жартысы Тәжікүл табан астынан тосын шешім айтқанда Ермек пен Түймекүл кәдімгідей тосырқады. Әуелі таңданды, сосын қорықты. Тосырқайтын да, үрейленетін де себебі бар еді. Өйткені Тәжікүл олар түгілі ата-бабаларының табаны тимеген, атын естігені болмаса ғұмырында көрмеген мұхиттың арғы жағындағы алып та алпауыт елге барып, білім аламын деп отыр. Шүкір, Тәжікүл оқуда қамшы салдырған жоқ. Сәтін салса, мектепті «Алтын белгімен» бітірмек. Өзінің ізденімпаздығы мен білімқұмарлығы арқасында қосымша сабаққа барып жүріп ағылшын тілін еркін меңгеріп алды. Орыс тіліне мектепте оқып жүргенде-ақ жүйрік еді. «Боламын деген баланың жолын байлама, белін бу» деген бар. Бірақ екі ұлдың ортасында еркін өскен қарашығын қалайша дәті шыдап, алысқа жібермек. Сағынады ғой. Онсыз да Тәжікүл аз ғана уақыт болмай қалса, үйдің сәні мен салтанаты тоналғандай сұрықсызданып сала береді. «Алтыным», «Күнім», «Жарығым» деп күніне мың қайтара айналып-толғанып емініп отыратын Ермек қызын бір сәт көрмесе жүрегі жарылып кетпейді ме? Осындай әрі-сәрі күйде жүргендерінде үйге сынып жетекшісінің өзі құдай айдап келе қалғаны.
       – О, несін айтасыз, Тәжікүлдің мектепте бәсі де, орны да бөлек. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Мықты спортшы. Күміскөмей әншіміз де. Сіздердің қыздарыңыз. Осындай таңшолпандай атып, жұлдыздай жарқырап тұрған баланы аяғынан тұсап қоюға бола ма екен? Жер көрсін, ел көрсін. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқып келгендердің алдынан ертең даңғыл жол ашылады. Біреулердің оған қолдары жетпей жүр. Ал Сіздер тартынасыздар. Түсінбеймін. Төрт-бес жыл деген не тәйірі, көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Тәжікүлді сағынсаңыздар, бүгінде ғылым мен техниканың дамыған заманы емес пе, күн сайын сөйлесіп тұрасыздар. Тіпті, ауызба ауыз сөйлескендей түр-тұлғасын көріп отыруға да мүмкіндік бар. Реті келіп тұрғанда қыздарыңыздың бағын байламаңыздар, – деп Күлпән ата-ананы қамшылай түсті.
       Орайы келейін деп тұрған оң іске ешнәрсе де тосқауыл бола алмайды екен. Тәжікүлдің шетелге оқуға жолдама алуына ықылас танытушылар да табыла кетіп, сәті түскен күні Тәжікүл Астананың халықаралық әуежайынан ұшып шықты.
       Содан бері Ермекке күн бір орыннан жылжымай тұрып қалғандай көрінді. Жұмыста да, үйде де ойлайтыны қызы. Күнде мойнына асылып бір иіскемесе, бетінен сүйдірмесе тұра алмайтын Тәжікүл жатжұртта жатырқамай қайтіп жүр екен? Айналайынының құлыншақ үнін сағынды ғой.
       Сөйтіп жүргенде шалғайдан сүйінші хабар жетті. Қоңыраулатып тұрған өзі.
       – Папа! Мама! Оқуға қабылдады. Мұнда тым керемет. Алған әсерім одан да ғажап. Табиғаты да, қаласы да бөлек. Адамдары да мүлде басқа. Уайымдамаңыздар, бәрі жақсы, – деді үні алыстан анық жеткен Тәжікүл.
       Байқайды, жүрегі лүпілдеп тұр. Қуанышты. Жаратқан осы қуаныштан жазбағай. Құдайдан перзент сұрағанда олардың қызықшылығын көруге жазғай деп сұрамаушы ма еді? Құдайға тәубе! Көрсеткеніне шүкір! «Ермек пен Түймекүлдің түймедей қызы сонау алыста, мұхиттың арғы бетінде әлемдік деңгейдегі жоғарыоқу орында оқиды» деген атағының өзі қандай?! Бәрінен бұрын сол оқуын аман-есен бітіріп келсінші. Содан кейінгісін көре жатар.
       Сол күні Ермек елжіремелі күйге еніп, түні бойы дөңбекшіп шықты. Тәтті түс көрді. Тәжікүлдің бастауыш сыныпта оқып жүрген кезі екен дейді. Шашы жалбырап, бір жапырақтай болып ұшып келіп әкесінің мойнына асылады. Сағынып қалыпты. Кішкентай нәзік қолымен әкесінің мойнынан құшақтап алған. Жібермейді.
       – Папамның алтын қызымын ғой, иә, – дейді еркелеп.
       – Иә,алтын қызымсың.
       – Кімді жақсы көресің? Жолтайды ма, әлде Ертайды ма?
       – Жолтай да, Ертай да тентек. Сені жақсы көремін, – дейді Ермек жорта.
       Бұған қуанған құртақандай қызы әкесінің мойнынан қыса түседі.
       Жыбыр-жыбыр етіп бүйрек тұсын жылытқанының өзі қандай сүйкімді. Кейде осылай қарадай сағынып әкесі мен шешесінің ортасында тұратын еркелігі болушы еді. Ермек қызының шашынан иіскеп, арқасынан қаққанды жаны сүйеді.
       Таңертең құлағына Тәжікүлдің үні келгендей болды. Атып тұрып шамды жақса келіншегі Түймекүл екеуі ғана. Ермек басын ұстап, мең-зең күйде біраз отырды. Қызын ойлап әрі сағынып, түнімен дөңбекшіген күйеуінің қазіргі жан тебіренісін, жүрек лүпілін Түймекүл де түсінген. Желеңін киіп, ас бөлмеге қарай кетті.
       Ермек қызын ұзақ уақыт сағынып жүрді. Интернет арқылы күн сайын сөйлеседі. Бірақ болмыс бәрін де бағындырады. Қызының соңынан ұшып кетердей болып жүрген Ермек те күндер өте сабасына түсіп, салқынқандылық танытты.
       Кезекті демалысына келген Тәжікүлді барлығы сағына қарсы алды. Шетелдің шебер де шеңберлене ортасына тартар ұйықтай иірімі Тәжікүлді де уысынан шығармапты. Бойжеткен шашын қысқа қидырған, тар шалбар, көкірегін ажарландыра әрі кері теуіп тұрғандай көрсететін лямка киіпті. Қара көзілдірігі өзіне ерекше жарасады екен. Ермек қызыныңбойынан бұрын-соңды байқалмаған өгейлікті танып іші қылп ете қалды. Көңілі күңгірттеніп, жаны жабырқады. Көкірегінен көктем көшіп кеткендей жалғызсырады. Әйтсе де Тәжікүлдің әкеге деген сағынышы іштегі іркітті үркітіп, бірте-бірте секем-сезігі сейілген.
       Сағыныш болып самғап жеткен Тәжікүл уақыты келді де жылы жаққа қайтқан құстардай көкке қайта өрлей берді. Жанарына қимастықтың шығы қонақтап, әкесі мен шешесі, бауырлары, туған-туыстары, құрбылары қол бұлғап қалды. Қоштасудың қиын екенін адамдар қимас жанды алыс сапарға шығарып салғанда біледі. Көздері кіреукіленген шығарып салушылар топтаса түсіп, тұтас бейнеге айналып кеткендей. Өйткені барлығының да жүрегіне қимастық деген сезім – шоқ қонақтаған. Олар осы жұбы жазылмаған күйі қалаға қайтты. Ермек пен Түймекүлдің дәмін татты. Тәжікүлдің тәтті қылықтарын, айтқан сөздерін, мінез-құлқын, алғырлығы мен бауырмалдылығын елжірей отырып еске алды.
       ...Отбасының шаңырағын ортасына түсірердей оңбағандай озбыр хабар келіп жеткенде Ермек қара жамылғандай ауыр азап астында қалды. Көмейіне бірдене тығылғандай жұтына алмай қалған ол отбасына көз жасын көрсете алмай үнсіз булықты.
       Күз сұрланып тұр еді. Желдің азынаған үні өлген жанның өксігіндей естіледі.Бүкіл отбасының иығына зілмауыр батпан жүк түскен. Бір-біріне «е» десіп қалған жандай қарай алмайды. Бірін-бірі жұбатудың да ретін таппайды. Үйдің шамы ымырт үйірілсе де жанған жоқ. Қара түнекте әлде бір мыстан ойнақ салатындай.
       «Тентек Тәжікүлдері» қазақтың жігіттері құрып қалғандай жердің қияндағы бір түкпірі – Аргентинаның бір еркегімен көңіл қосыпты. Енді әлгі жігітпен қол ұстасып сонда кетпек. Сұр жыландай сумандаған «сүйіншісі» де ілесе жеткен. Сәтін салса жақында олар немерелі болады екен.
       Ермектің жүрегін ұстаған себебінің сыры осындай. Соншама аялап өсіргенде «әкесі мен шешесін жерге қаратып кет» деп пе еді? Бұл қызда ұлттық намыс, ұлттық ар-ұят қайда? Ата-баба салтында көлденең көк аттының соңына ілесіп кету деген бар ма еді? Көз алдында жүргенде көлдеңен қылығы жоқ қызының шетелге барған соң өзгеріп сала бергені қалай? Әлде мәпелеп өсірген әке-шешесінен тегі бөлек, тірлігі жат елдің тентегі артық болды ма? Қалай дегенде де Ермек осы сауалдардың жауабын таба алмай сарсылған. Өлік шыққан үйдей отбасының да берекесі кетті. «Қалған көңіл – шыққан жан» демей ме? Тәжікүлдің осы тірлігінен соң жаны да бірге шығып кеткендей. Терісін сүйретіп тек құр сүлдері жүр.
       Әйткенмен, адам өз қолын өзі кесе алмайды екен. «Іштен шыққан шұбар жыланның» амандық-саулығын тілеген. «Қызыңыз көп аялдап қалды-ау шамасы» деп жымысқылықпен сұрастырып көргендерге «Иә, оқуын бітірген соң сол жақта жұмысқа қалып қойды» деп жалтара жауап беретін.
       Дуалы ауыз қазақтың айтқандарының барлығы айнымай келетіні жаман. «Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады» деп көрегенділікпен болжаған-ау шамасы.Ермек ел көзіне көрінуге қорынып жүргенде «Тәжікүл күйеуімен ажырасып келе жатыр» деген хабар төбесінен жай түсіргендей болды.
       – Тәжікүл елге келмесін. Отаны мен отбасынан жеріген қыз кімге опа бермек? Ала қарғадай бізге де көзтүрткі болары анық. Сол барқадар бақыт тапқан жерінде қала берсін, – деп Ермек тұлданды.
       – Е, немене! Балаға тойып қалып па едің? О, несі-ай? Сонша долданып. Өз қағынан өзі жерініп . Саған керек болмаса ол қыз маған керек. Ішіме сыйған қыз,сыртыма да сыяды. Немене бір рет аяғын шалыс басты екен деп қызымызды қаңғыртып жібереміз бе? Ата-бабаң айтпаушы ма еді «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деп. Жас болды. Басқа елдің, танымайтын жұрттың ортасында жүріп жаңылысты. Қазір кім сүрінбей, кім бүлінбей жатыр? Сөйтті екен деп баласын өзектен тепкен ешкімді көргенім жоқ. Сандырақтамай жөніңе көш. Қызы қайтып келгенжалғыз сен емес. Бүкшигеніңді қой, еңсеңді тікте. Жұрттың көзіне тіктеп қара. Ертең Тәжікүл келгенде аузыңа келгеніңді көкімей тыныш отыр. Кемеріңнен шыққан қызың емес пе? Табалама! Сенсіз де басқасы табалар! – деген соң лықсып келген ашуы көктемнің бұлтындай ыдырай бастады.
       Қатарластарынан қорынды ма, басқа да есебі бар ма кім білсін Ермек қызын екі баласымен ауылдағы әке-шешесінікіне апарып тастады. Немерелері қазақша түгілі орысшаны да білмейді. Бірдеңе деп былдыр-былдыр еткен құйтақандай немерелер оларға бөтенси қарайды.Шаштары бұйра, терілері көкшілдеу ме қалай өзі? Қазаққа ұқсап тұрған еш жері жоқ.
       – Аргентинадағы ақымағыңның есі кірсе келіп, екі ұлы мен өзіңді алып кетер. Әзірге ауылда тұра тұр. Қалада дайын қызмет жоқ әрі мына кішкентайларыңа қарайтын да адам керек қой, – деген шешесі.
       – Ол келмейді. Баладан да садаға кетсін, – деп шорт кесті Тәжікүл.
       – Өздерің біліңдер. Бұл өз тағдырың қызым. Елде оқығаныңда бәлкім мұндай күй кешпес пе едің?
       – Мама! Онсыз да жұқарып тұрған жүйкемді жұлмаламашы, ә!
       – Қойдым, қызым, қойдым!

* * *


       Қытымыр қарттың бірі Нұртай еді. Сөзіне кекесін, мысқыл араластырмаса бойына ас батпайтындай. Өзінің білмейтіні де жоқ. Қайдағыны қазып айтады. Соны білетін былайғы жұрт одан қашып жүруге әрекеттенеді. Әйткенмен, ауыл ақсақалдары кемпіршуақты көктемеде қыр басында насыбай атысып, аракідік карта ойнап жиі кездеседі.
       Өрістен мал қайтқан уақыт. Қой маңырап, сиыр мөңіреп, ауыл азан-қазан. Мал тұяғымен шаң көтеріліп, біреуді біреу танымастай ауа бозамықтанып тұр. Тәжікүлдің екі ұлы дәл осы кезде өзгелермен бірге ойын қызығына кіріскен-ді.Онсыз да түсі басқа немерелер беттерін шаң қапқан соң келіссін бе, жағал-жағал болып шыға келсін. Мұны тыңдайтын бала ма, мәз-мәйрам күйде шапқылап жүр.
       Сәлден соң сиыр сауылып, қой қораланып та бітті. Ас-суын ішіп болған қарттар үйреншікті әдетімен қайтадан жинала бастады. Осы кезде Білістің екі шөбересі шапқылап келе қалмасы бар ма? Оларды көрген Нұртай тыжырынды. Ол тыжырынды дегенше бір нәрсені дүңк еткізіп айта салады.Соны білетін үлкендердің іші қылп етті.
       – Оу, Білісеке, – деді Нұртай насыбайын ерніне асықпай салып, - осы шөберелеріңнің аты кім?
       Білістің сасқан жері осы болды. Өйткені, екі шөбересінің де атына тілі келмейтін.
       – Мынауысы Топен, ал мына немені не дейтін еді? – деп айналасына алақтап жөн сілтеп жіберер жан іздеді.
       Мұндайда шөберелерінің атын ауызға салып жіберетін қасында басқа немерелері немесе кемпірі қайдан таптыра қойсын. Біліс қипақтады. Оның осы қипақтағына қыбы қанғандай Нұртай масаттанды. Себебі, екеуі көптен бері ит жығыс келе жатқан бел құрдастар еді.
       – Е, қартайған екенсің, құрдас. Қаладан келген немереден туған шөберелерінің атын тапа-тал түсте ұмытыпсың. Топен дегенше Темен деп неге қазақшалап айтпайсың? Ал мына шикі сарының есімі Дүрегей болсын, – деді Нұртай ыржың-ыржың етіп күліп.
       Нұртай тектен тек ыржақтамайды. Білістің тілі келмейтін шөберелеріне өзінше неге ат қойып тұр?
       Осы сәтте Нұртай қатарласы Алданның құлағына бір нәрсе деп сыбырлады. Алдан тізесін тоқпақтап қарқ-қарқ күлді. Бұл екеуінің бір нәрсені бүлдіргелі тұрғанын сезген Біліс жоқ жерден сылтау тауып үйіне қарай жылыстады.
       Енді міне, құс жастығы денесіне тастай батып, екі көзін төбеден аудармай ойланып жатыр. «Қыршаңқы Нұртай жаңа не деді өзі? Шөбелеріңді Темен және Дүрегей деп ата» деді-ау тегі. Бұл нендей мағына беретін сөздер екен? Ол арам текке шатпайды. Алдан да босқа ыржаңдамайды» деген ой санасын саңсыратты. Сәлден соң ойына бір нәрсе түскендей басын оқыс көтеріп алды.
       – Бақыт, а, Бақыт, – деп мұғалім ұлын шақырды.
       – О не, әке?
       – Бері кел деймін.
       – Ал келдік.
       – Келсең, сен осы қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бермеуші ме едің?
       – Иә, әке.
       – Онда – Темен және Дүрегей деген сөздердің мағынасын түсіндірші маған.
       – Батырлар жырында «Темірдей етігі темендей, әлде тебендей болды» дегендей сөз тіркесін оқығаным бар. Бірақ, мағынасын дәлме-дәл білмеймін. Дүрегей дегенді де алғаш естіп отырмын. Бәлкім, батырдың аты шығар.
       – Онда сөздікті әкел.
       Әкелі-балалы екеуі сөздікті ұзақ ақтарды. Ақыры тапты. Оны тапқан Бақыт еді.Сазарып төбесінен тас түскендей түнеріп, булығып отырып қалды. Мұны секемшіл әке тез аңғарды.
       – Оу, жаман хабар естігендей түрін боп-боз болып кетті ғой, балам, – деп Біліс қараптан қарап отырып үркектеді.
       – Әке, қаралы хабардан да жаман.
       – Қайдағыны қопсытпай айтшы жөндеп. Не деген сөз екен?
       Бақыт «айтсам ба, айтпасам ба» дегендей біраз уақыт қипақтап тұрып қалды.
       – Оу, енді қашан?
       Баласының енді шегінер жері қалмады.
       – Әке, міне, былай деп жазыпты. «Темен - әлдекім, көкала атты біреу. Теменнен туған бала – ойнастан туған, жолдан тапқан, заңсыз туған бала» депті. Мына «Диалектологиялық сөздіктің» 234 бетінде «Дүрегей – тазы мен қораға айналатын иттің арасынан туған дүбәра» деп жазыпты.
       – Не дейді, ойбай!
       – Естідіңіз ғой, әке.
       – Көріңде өкіргір, тозақы, көрдемше демегеңіне де шүкір. «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деген осы, – деп Біліс түлен түртіп тұлданды.
       Білістің кемпірі ұршық иіріп отыр еді. Баласының сөзін естігенде қолынан ұршығы түсіп кетті. Намыс пен қорлықтан ішіне шоқ түскендей болған Біліс ауыр күрсініп сыртқа зыта жөнелді.

* * *


       Ауыл балалары өздеріне түр-түсі келіңкіремейтін кішкентай туыстарының үлкенін «Темен», кішісін «Дүрегей» деп атап кетті. Мұны естіген Біліс шал бұл қорлыққа қатты қапаланып, төбесін жұдырығымен тоқпақтап ойбайлады да қалды.
       – Сүйегіме өшпес қара таңба салды-ау, – деп жер тоқпақтап жылады.
       Әжім-әжімін қуалай аққан тарам-тарам ыстық жас сақалына құйылды.
       Біліс шал ертесіне таң қараңғысында немересі мен шөберелерін қалаға жүретін бірінші таксиге салып жіберді.