Малқаров Омарбай

Өмірдерек


Ақын Омарбай Малқаров 1908 жылғы 3 желтоқсанда Алматы облысы Шу ауданының Кеңес ауылында дүниеге келді. Жастайынан жетім қалып, байлардың жалшылығында жүрді. 1930 жылдан бастап теміржолда, Шоқпар бекетінде жұмысшы болды. Мұғалімдер даярлайтын курсты бітірген соң Балқаш ауданының мектептерінде ұстаздық етті. 1932 жылы Алматыдағы жұмысшылар факультетіне түсіп, оны бітіргеннен кейін екі жылдық мұғалімдер институтында білім алды. Қазақ КСР Ғылым академиясында қызмет істеді, көп жылдар бойы Қазақстан облысындағы өкілі болды. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде журналистік жұмыстың қиындығы мен қызығын қаламдастарымен бірге бөлісті.
Әдебиетке ақын ретінде келген Омарбай Малқаров – «Оңтүстік жырлары», «Қаратау әуендері», «Менің ізім», «Мен ат үстіндемін», «Өтсе де күндер», «Оңтүстік аспаны», «Қайнар», «Өмір өткелдері», тағы басқа да жыр жинақтарының авторы. Оның шығармашылығы облыс тұрғындарының тыныс – тіршілігімен тығыз байланысты болды.
Омарбай Малқаров облыстық қоғамдық өміріне белсене араласты, көптеген медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазығұрт ауданындағы «Қызыл таң» колхозының құрметті мүшесі, Алғабас ауданының және Шымкент қаласының құрметті азаматы болды.
Омарбай Малқаров 1993 жылы қайтыс болды. Бейіті Шымкент қаласы маңындағы зиратта.