Захардин Қыстаубайұлы

Туындылары


ҒАШЫҚТАР


       Екі жолаушылар поезы іркесе – тіркесе келетіндіктен, перонда адам көп екен. Ығы – жығы. Сендей соғылысады. Үп еткен жел жоқ.. Қапырық.. Тынысы тарылып бара жатқан соң, алқым түймесін ағытып, шетке ығысты. Сонан ойыса – ойыса ақыры аспалы көпірдің үстінен бір – ақ шықты. Қанша дегенмен жерден көтеріңкі емес пе, анда – санда әлдеқайдан үйіріліп – үйіріліп жанға жайлы самал желпиді. Жүргінші де сирек. Жігіт енді жақтау ағашқа сүйенген қалпы төменде ерсілі – қарсылы сапырылысқан жұртқа самарқау көз салып, ауық – ауық ойға шома берді... Кенет...
       Мың – сан жолаушының бірі көзіне оттай басылды.
       «Сол ғой! Сол!» Көпірдің қиюы қаша бастаған жұқалтаң тақтайларын тарсылдата төмен қарай жүгірсін. Бір рет сүрініп барып тіктелді, тіпті бағананы баспенсоға да жаздады – ау, Мойнына бос байлай салған қызыл орамалы ала бұлт аспандағы жалғыз жұлдыз іспетті аннан бір, мыннан бір жылт ете түседі. «Сол ма, әлде... Тек адасып қалмасам болғаны...»
       Вокзал ғимаратының есігі алдында қуып жетіп, алдың орағытты. «Дәл өзі!» Қапелімде аузына сөз түсе қойды. Сәлемдесу ойына келмеді. Барып – келіп ентігіп түр. Жүрегі тым қатты соғады. Жүгіргеннен емес, әрине. Шырай да мұндай кесдесуді мүлде күтпесе керек, көздері боталап, жігіттің бетіне жаутаң –жаутаң қарайды. Ал Арынның тамағына бір ыстық тас кептелгендей, қанша жұтынса да не әрі, не бері жылжымайды.
       Үнсіздік ұзаққа созылып бара жатты.
       Мұнда не үшін келгенін Арынның өзі де білмейді. Әйтеуір бүгін демалысы болса да, құлқын сәріден оянып алып, үйге сыймады. Содан соң біраздан бергі әдеті бойынша бір соқыр үміттің жетегімен осылай қарай тартып кеткен. Сөйтсе... Жүрек шіркін бірдеңені сезіпті ғой.
       Шырай күйеуін күтіп алуға келген – ді. Алғаш оның «Оныншы поезбен келе жатырмын, алдымнан шық» деген телеграмасы қолына тигенде ашуы бұрқ етіп, тілдей қағазды умаждап – умаждап, көз алдынан былай ысырып тастады. Артынан қалай киіне бастағанын өзі де аңғармады. Тіпті біраздан бері ұмытылғандай болған сәнқойлығы ұстап, сыланып – таранып, айна алдында көлбеңдеп тұрып алды. Барлық көйлегін иығына бір – бір іліп шыққан шығар. Киінген соң уақытты болдыра алмай, өз -өзінен дегбірі қашып, сағатқа қараумен шаршады. Вокзалға да поезд келуге тиісті уақытынан көп бұрын жетіпті. Соны білгенде «Қырық жыл аңсай күткен адамымды қарсы алатындай сонша желіккенім не?» – деп таңданған. Сөйтсе... Жүрек шіркін бірдеңені сезіпті ғой, Сезіпті...«Жолаушы азаматтар! Оныншы жүрдек поезд төрт сағат кешігіп келеді!».
       Директордың күтпеген жерден құлақ түбінен саңқ ете түскен үні әлдеқайда, алыста жүрген екеуін мына дүниеге қайта әкелгендей болды.
       «Төрт сағат». Ұмытып қалмайын дегендей, Шырай осы сөздерді іштей әлденнеше рет қайталады да, бұрылып жүре берді. Жігіт оған ерер – ермесін білмей, аз – кем дағдарды. «Үйіне асықты – ау» деген ой келгенде ішіне кесек – кесек көк мұз түскендей тұла бойы түгел қалтырады. «Бар! Бар. Мен де жөнімді табайын!» Десе де орнынан қазғала қоймады. Қыз болса қалаға емес, рельсті бойлап әлдеқайда кетіп барады. «Мұнысы?». Жігіт көңілінде үміт оты жылт етті.
       Аздан соң темір жолды екі жақтан қапталдай жүрген қыз бен жігіт вокзалдан ұзай берді. Әне міне дегенше қаланың шеткі үйлері де бұлдырап артта қалды. Алда... мидай жазық сардала. Сол даланы көктей түсіп жатқан қос рельс таспадай қарауытады. Оның өзі көз ұшына жеткенде бір сызыққа айналып барып, көгілдір мұнарға сіңіп кетеді. Кей – кейде Арын мен Шырай қос рельстің ортасына түсіп, нық түйістіреді де, алыстан бір нүкте ғана болып бұлдырайды. Бірақ көп ұзамай – ақ, бір – бір жапырақ бұл екеуі түгілі, қара жердің өзін солқылдатып келе жатқан жүк поезы екеуін жолдың оң мен солына шығарып жіберді. Сөйтіп қашан мынау елу – алпыс вагоннан тізілген өте ұзын состав өтіп таусылғанша қыз – жігіт бір – бірінің көрініп барып жоғалатын, жоғалып барып көрінетін бейнелеріне телміре қарап тұрғандары. Мұндайда олар жолдың бір жағына шыға салмағандарына іштей өкініп, бірін – бірі көп жыл көрмегендей сағынышты күйге түседі. Содан шығар, соңғы вагонның ұйтқыған желі басылмай –ақ, қайта нық түйістіріп, қол ұстасып, алға асығады. Сонау көкжиектің күмбезіне тезірек жетіп, дамылдағылары, бәрін –бәрін ұмытқылары келетін сияқты. Бірақ Енді шпалдан шпалға шоқалақтап жүрістері өнбейді. Сұрақтан сұраққа сүрініп, ойлары өрбімейді. Бір – бірінің бетіне тіктеп қарауға жүздері шыдамайды.Жақ ашу, тіпті, қиынның Қиыны... Тек... жүрек байғұс қана қашанғы елгезектігінен айнымай, баржауапкершілікті, бар ауыртпалықты, бар өкінішті... баршасын бөле – жармай көтеріп, дүрсілдей соғып келеді... Ауыр – ақ. Соның өзіне қос жүрек шүкіршілік етіп, «осылай қатар жүре берсек екен, тағы бір поезд екі айырып кетпеген» деп тілейді. Бәріне шыдауға, көнуге пейіл, тек...жұтары жазылмаса болғаны. Тек...беріш болып қатқан өкпе тараса болғаны. Тек...
       Ұзаққа созылған ауыр үнсіздік ақыры бұзылды. Жүректерге тіл пітті.
       «Шырай! Беу, Шырай! Не – дейін саған не, дейін?!
       ...Біздің кішкене мектебіміз темір жолға тым жақын еді. Ауыр составтар ары – бері өткенде қабырғалар кәдімгідей діріл қағатын. Кейде, сабақ ұстінде қол созымда кетіп бара жатқан көгілдір вагондардың біріне қиялмен мініп алып, алыс өлкелерге сапар шегетінмін бар – ды. Ондайда қоңырау соғылып, балалардың ор%