Әбдінағым Көшер

Туындылары


ҚЫЗЫЛ ЕТІК НЕМЕСЕ «АДАМ ТУА ЖАМАН ЕМЕС, ЖҮРЕ ЖАМАН»
(Юморлық әңгіме)


       Алғашқысында: «Туған күн кешінің ашылу салтанаты үшін, мұны ішпегендер менің бұл дүниеге келгеніме риза еместігін, тіпті қарсылығын ашықтан-ашық білдіргені», – деп осы кештің иесі Егеуәлі сөйлегенсоң дымын қалдырмай тартып тастағанбыз. Мен Егеуәліден басқасын танымайтын болғандықтан, «мынау бөтендердің алдында әдеп сақтау керек, арақты әдеттегідей сілтемей-ақ, аз-кем тартыныңқырап, шертіңкіреп отыру парыз» деп ойлаған болдым. Содан Егеуәлінің құрметті қонағы, қалада бірге оқып, бірге тәлім-тәрбие алған, қыздардың жатақханасына талай бірге барған, бірі-бірінсіз жүре алмайтын досы – мына маған сөз берілді.
       Өзің сөйлеп, өзің ішпеген соң бола ма?! Әрине ол көзсіз әдепсіздік. Оқымағандық. Тәрбиесіздік. Сондықтан тартып жібердім.
       Сызылып отырып Сырғалықыз сөйледі тостты. Сөз шебері-ақ екен. Тек Егеуәліні ғана емес, оның жан досы – мына мені де қосты сөзіне. «Алыстан ат арытып келген, мінекей, осындай дос болуы керек-ақ», – деп, мақтады.
       Керемет, маладесс! Қыздың мына сөзі мені өте көңілдендіріп, қанат бітірді. Қыздың мына тамаша сөзі оның тостын жерде қалдыруыма қарсылық көрсетіп тастады. Алып тастадым.
       «Әй, енді осымен бәсдүр, болар, жетер, қой тартынып отырайын, бүйте берсем қазір-ақ етпетімнен түсермін. Қой-қой, әсте-әсте...»
       Әнебір қыз сонша сүзіле қарайды-ай, ә! Мықты шыбыш... Ең дұрысы, сонымен шартта-шұрт тіл табысып, танысыңқырап алайын да. Бұл ойыма тамада жігіт табан астында қарсы тұра қалды. Сөзді дәл жаңағы Сүзеген қызға бере қалғаны.
       Ол тостты қысқа қайырды. Ішуі де тез болды, лақ еткізіп шелекке құйғандай мұрнының астына төге салды. Сол-ақ екен ыстақан дастархан ортасына төңкеріле құлады. Жұрт цирк көргендей қол шапалақтап жатыр.
       – Әне, әне Сүзеген қызға ұқсап ішіңдер, ішкіш болсаңдар, көрдіңдер ме, тамшы қалдырмай ішті-ау! Ал, алып жіберіңдер! – деп, тамада жігіт сөзбен қамшылап жібергесін төртінші стақан да әлгі үшеуінің соңынан қуалай кетті...
       Жатқызу керек дей ме-ау біреуі, қой отыра берсін дей ме-ау екіншісі... Есімде жоқ.
       Автовокзалда тұрмын ба қалай, әлде автобустың салонында келемін бе, ол да түсініксіз...
       Оянсам, түсім емес екен. Автобуста келеді екенмін. Көршім ояу. Күн көтерілген. Менің оянғанымды көріп, бір езуі құлағына қарай қашқандай болды, көршімнің.
       Кеше не болғанын, кештен қалай шыққаным туралы ойландым. Сол он-он бірінші стақанға дейінгілер болмаса, қалғаны тұман...
       Автобус біздің ауылға келіп, тұмсық тіреп тұр екен. Шайқала түстім. «Мені көрдіңдер ме!» дегендей, көшенің қақ ортасымен келемін. Қарсы жүргіншілер маған қарап жымың-жымың күлген сияқты болады. Мән, сыр бермеймін оларға.
       Топ-топ бойжеткен қыздар өтті. Ұзай бере сыбыр-сыбыр сөйлесіп, сылқ-сылқ күлісті. Тіпті кейбіреуі жырқылдағанын доғарар емес. Мән бермедім. Бірақ ішімнен «маған ғашық болып қалып жырқылдап барасыңдар ғой, мендей мәдениетті және әдемі жігіт сендерді қайтсін..., адам өзі басы ауырып келе жатқанда...» деп қоямын.
       Үйге келіп, туфлиімнің бауын шешпекші болып еңкейсем, бір аяғымда қара туфли, екінші аяғымда қонышы ұзын қызыл етік екен... Өлә-әә, масқара мәдениетті жігіт!...