Әбдінағым Көшер

Туындылары


ЖЕҢГЕЙДІҢ БҰЙРЫҚТАРЫ НЕМЕСЕ «КӨРМЕГЕНГЕ КӨСЕУ ТАҢСЫҚ»
(Юморлық әңгіме)


       Базарға бара қалсам, тауық павильонында бір-бірімізден сыр бүгіспейтін Бүкшің бүкірейіп отыр. Алдында жеті-сегіз мекиен, үш-төрт қораз.
       – Ау, Бүке, көпес болайын дегеннен саусың ба? – дедім оның жұп-жұмсақ саусағын сығымдап тұрып.
       – И-ии, шырағым-ай, амалсыздан ғой әшейін, – деп, кем иегін иегіне қосып жіберіп кемсеңдегендей болды.
       – Оу, әйтеуір қызметіңіз аман ба?
       – Оны қай ит жейді дейсің?!
       – Ондай қызметті итке тастап қайтесіз, ойбай-ау? Тыныштық па?
       – Үйдегі жеңгең ғой...
       – Ойпыр-ай, ә, тірі ме өзі? «Семіздікті тек қой көтереді» дейді ғой, қазақ!
       – Тауықхананы осы аптаның ішінде босатып, ішін әктеп қой дейді...
       – Оу, сонда жұмыртқаны қайдан алып отырады екен?
       – Қайдам, өзінің зауыты бар шығар.., бұйрық солай, шырағым!
       – Імм-мм...
       – Оны қойшы, енді моншасыз қалатын болдық.
       – Ойбай! Неге?
       – Жеңгең «оның да ішін тазартып, әктеп қой» дейді.
       – Астапыралла! Жын қаққан шығар оны? Дәрігер-сәрігерге көрсеттіңіз бе, өзін?
       – Атама, ойбай! Дін аман! Әйтпесе Үшкірік молдаға тамырын бастырғым келіп еді. «Молдаңның мұртынан жетектеп апарып, өзіңмен бірге қосып мілисаға тапсырамын» дейді, сайтан.
       – Імм-мм...
       – Моншасы құрсын, қойшы... «Отынхананың ішін де жып-жылмағай етіп, босатып, еден төсеп, сылап, әктеп қой» дейді. Ал қайтесің, бұйрықтың аты бұйрық...
       – Ии-и-ее, сонда қыс бойы пешке не жағады, өзінің қиын жаға ма, «Арық малдың тезегі көп болады» дейді қазақ, бірақ жеңгеміз арық емес ғой! Бүкең бүкірее түсті:
       – Әлі сәл-пәл шыдай тұр да, тыңда! «Анау алақандай огородтың үстіне төрт бөлмелі үй саласың, тура осы айдың ішінде!» деп, тағы бір бұйрықты бекітіп берді.
       Мен жеңгеміздің мына қылығына шындап кейі бастап едім, ағамыз шыр-пыры шығып кетті:
       – Айналып қана кетейін, нервіңді құртасың! Қоя-ақ қой... Мәгәрки бүйтіп ашулана берсең әрмен қарай жақ ашпай қоямын.
       – Тағыда бұйрық па?!
       – «Туалет-ыборныйды бұзып көшеге орналастыр. Орнына времянка сал!» дейді.
       – Тпп, кәпір...
       Кенет осы Бүкшің ағам менімен қалжыңдасып отырған жоқ па екен деп, көзіне қарадым. Жоқ, мұрты жыбырламайды, көзі күлмеңдемейді. «Ол аз десең жеңгеңнің тағы бір бұйрығы бар» дейді.
       – Сіз қо-о-оя... тұрыңызшы, – дедім ойыма әлде не сап етіп келе қап, – Әуелі маған қарап ауызыңызды ашып үрлеңізші?
       – Ауф, у-уфф! Уфффф! Ал...?!
       – Тап-таза, сап-саусыз!!!...
       – «Бес бөлмелі үйдің бір бөлмесінен басқа бөлмелерді ішін дүние-мүліктерден тазартып, сыртқа қарай, әр қайсысынан есік шығарып, әктеп қой!» дейді.
       – Масқара-ааа!, Бүке-ау, осы Сіз жеңгейдің ішегінің түбінде жатқан түлкі ойының мәнісін сұрадыңыз ба? Пілдің бүтін етіндей болған іркілдек бөксесі бар қатын сіз сияқты шидей күйеуімен бір бөлмеге сияр ма екен?
       – О-оо, міне міне мәселе қайда жатыр? Гәптің бәрі осы түпкі ойда! – деді Бүкең рахаттана масайрап, – Бүйтпекші ол...
       Бүкең жаңағы мүсәпір қалпынан тез арылып, құнжың-құнжың күліп алды.
       – Кәйтпекші?
       – Барлығына квартирант жібермекші!
       – Барлығына?!
       – Йә, йә! Әр бөлмеге орта есеппен үшеуден.
       – Сонда?
       – Сен тек ешкімге тісіңнен шығарма! Үш адам көбейтілген он екі бөлме. Отыз алты адам. Отыз алты көбейтілген отыз сом. Болады бір мың сексен сом! Бір айдың ішінде! Мен әшейін ешкім білмесін деп, мүсәпірсіп отырмын. Жеңгең жынды емес, жеңгең – гений! Данышпан! Мэр! Отыз алты адамның мэрі!
       ...Ойпырмай, ә?... Келесі жексенбіде мен де үйдегі тауықтарды базарға шығарсам ба екен, ә?!