Әбдінағым Көшер

Туындылары


«БИПЫЛ – ВЫПИЛ» НЕМЕСЕ «ҚОТЫР АТҚА – СОҚЫР АТ»
(Сатиралық әңгіме)


       – Әлгі, түрің құрғыр Егеуәлі дегенді білетін шығарсыздар. Сол бар ғой, әлгі «Дүңкілдек даусы» кәзитінің жүлдесін жеңіп алыпты.
       – Қойшы-ей, қалайша?
       – Қалайша дерің бар ма? Алғашында Егеуәлі махаббат турасында өлең жазды. Сөйтіп, бір беделді кәзиттің редакциясына жөнелтті. Ал редакциядан мынадай жауап келді: «Әй, құрметті Е. М. Қайрақов!, Сіздің шабытыңыз шулап-тулаған теңіздей болмағанымен, өлеусіреп өңезденген өзендей-ақ бар екен. Шіркін-ай, өлең-сөлеңді ойланбай сүйкейтініңізге қарағанда, арғы бабаларыңыз тегін болмады. Бізге аз-кем ұнаңқырады, бірақ та, бір титімдей ғана, биттің кө... тойыс, көзіндей кішкене шикілеу жері бар екен. Соны қайта пісіріңіз. Тері илегендей илеп, иін қандырыңыз. Майда торлы електен өткізіп, қылқан-қылтанақтарынан тазартыңыз. Сізден түбінде бір мықтылау ақын шығыңқырап қалады-ау, сірә. Сәлеммен бас ірдәктр – Киізов Дөң».
       Мынадай мақтау сөзді өмірінде естімеген Егеуәлінің енді шабыты қотырдың қышымасындай қозбай ма? Сосын іске кірісті. Иледі. Пісірді. Електен өткізді. Болды -ау деген кезде әлгі ірдәкцеге почтамен қайта ұрды. Бірақ... болмады.
       Содан Егеуәлі арада біраз уақыт өлеңнен беті қайтып жүрді де, бір күні ойына бір идея орала кетті. Түн жарымында жәйімен түрегеліп, кітап сөреге барды. Ақтарды. Әр кітапқа үңілді. Сосын әлгі «Горбач» секілді при... прихват... тойыс, меншіктеуге ниеттенді. Жекеменшік өлеңдерді «приватизациялауға», әрине, болмайды. Мемлекеттік өлеңдерден «әнұраннан» басқа ештеңе қалмапты. Иесізі өткен ғасыр ақындары мен халық өлеңдері. Олары тіпті көп екен, бұл сол ескі ақындар мен халық әндерінің ішінен таңдап отырып бірнешеуін «жекешелендіріп» алды да, ірдәкцеге ұрды да жіберді.
       Ірдәкцеден тағы да жауап хат келді:
       «Құрметті Қайрақов Егеу-Бек Тасқайрақ-тархан Малтатас мырза! Өлеңіңізді алдық. Бірақ Сіздің творчествоңыз күннен-күнге жоғарыламай, қайта құлдырап, төменшіктеп бара жатқанын қинала-қинала айта кету міндетіміз деп білеміз! Себебі, мынаң қараңызшы:
       «Күміс құмған-ай,
       Отта тұрған-ай...
       Айналайын көзіңнен,
       Ашып, жұмған-ай...
       Бипыл, бипыл, бипыл-ай,
       Тартшы, құрбым, бір күйді-ай!!!»
       – депсіз. Кешіріңіз, сонда сіз күміс құмғанды қалай көзіңіз қыйып отқа қақтап қоясыз?! Күміс құмғанды отқа балқытып не істемексіз? Сіз ақын емессіз бе? Егер пұл керек болса, сол күміс құмғаныңызды ломбардқа-ақ өткізіп ақша қылмайсыз ба? Бұл – бір. Екіншіден, кімнің көзі ашылып-жұмылып тұр? Себеп не? Ол біреуден қорқып тұр ма? Сол жағы көмескі. Сосын үшінші қатардағы «Бипыл» деген не сөз, түк түсінген жоқпыз. Бәлкім «выпил» деген орыстың сөзін келтірген шығарсыз? Сонда арақ ішкеніңіздің бұл жерге не қатысы бар? төртінші қатардағы «тартшы, құрбым, бір күйді-ай» деген жолдар тіпті айдалаға лағып кеткен әумесердің сөзіндей, біртүрлі. Оны «тартшы қолымнан, құрбым, ішім күйді-ай» деп өзгертсең сәл келіңкірейді. Мына қайырмаңыз да адамның күлкісін келтіреді екен:
       Дегенде Шапибай-ау,
       Шапибай-ау,
       Атымды талға байлап келдім жаяу...
       Бипыл, бипыл, бипыл-ай,
       Тартшы, құрбым, бір күйді-ай!!!
       «Шапибай-ай» да «Бипыл» сияқты өте күдікті есім екен. Бүкіл түркі, араб, славян сөздіктерін ақтарып қарап «Шапибай-ау»-дан гөрі анағұрлым заманауи ат қою керек шығар, мысалыға «Шварцнегір», «Шибұт», «Шмотки», «Шалтай-балтай» - тізе берсек көп қой... Сіз өзіңіз қызықсыз, қазіргі кезде ат мініп жүрген жігіттер бар ма өзі? Иномарка десеңіз бір сәрі. Атыңды не үшін талға байлайсың да, өзің жаяу келесің? Жаяу жүргің келсе ат мініп нең бар? Сосын «выпил» деген сөзіңізді тағы қайталапсыз. Ішкеніңізді жұртқа жариялай бергеннен не ұтасыз? Жариялаған жағдайда да қандай арақ ішкеніңізді көрсетуіңіз қажет. Мысалы «Hoyum», «Tau» арақтарын іштім, өте керемет екен деп мақтасаңыз, жарнама ретінде сол фирмалардан сыйақы алып қаларсыз. Ал біз ондай жарнамаларды жарияламаймыз!
       Мына бір өлеңіңізде: «Жайдарман, жақын кел.. қолың бер» – дейсіз. Тағы да түсініксіз. Жайдарман деген есім қазір «модада» емес. Сіз көп қолданыстағы есімдерді қолдансаңызшы, мысалыға, Кауфман, Борман, Найман... Бәлкім, Жайдарман емес, Жандәрмен дегіңіз келген шығар. Сонда өлеңіңіздің мағынасы да келіңкірейді, «Жандәрмен қуып жеткенімде қолыңды берсейші-ей!» дегіңіз келген ғой. Ал мына өлеңіңізге тіпті түсінбедік: Тақырыбын «Сегіз аяқ» депсіз де «Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым, жалма-жан» деп, өлең жазған болыпсыз! Сегіз аяқ деген не нәрсе? Сегіз дөңгелекті көлікті көргеніміз бар, ал сегіз аяғы бар тірі нәрсе көргеніміз жоқ. Жәндіктердікі алтау, жануарлардыкі төртеу, адамдыкі екеу. Төрт балдақ сүйенген ақсақ сиыр болмаса де. Олай болса ашығын жазбайсыз ба? Көмескілегеннен не ұтасыз? Мазмұны айдалаға лаққан, ақсақ туралы сөз жоқ. Сосын Сіздің бетіңізді басқаныңыз, қатты сасқаныңыз кімге керек? Сөйте тұра, тұра қашасыз, неге? Қазір ұялатын заман ба? Әне анау қыздардан үйренбейсің бе, жартылай жалаңаш жүрген?! Осындай майда-шүйдені жазып ұлы ақын болғыңыз келеді. Ақын болу үшін Абайды көп оқуың керек. Вот, айтпақшы сол кісінікін оқи беру керек, оқи беру керек. Өзіміз де жаттап өстік ғой. Оның әлгі «атамыз алтауын, анамыз төртеуін, бәріміз оншақтымыз» деген сөздер жазылған өлеңі бар ғой, вот сол өлеңді тауып алып оқып көр. Әй сен ондай классиктерді оқымағансың ғой. Егер оқысаң, ұлы ақындар «састым-қаштымға» бара бермейтінін білер едіңіз!
       Жалпы өтіңіз жарылып кетсе де айтайық сізден ақын шықпайды! Сәлеммен ірдәкце»
       Содан бастап Егеу республикалық ірі басылымдарға өлең жіберуін тоқтатты. Ол әрі-бері сандалып жүріп-жүріп, бір күні «әй, осы жергілікті жекеменшік баспаларға ақындығымды танытып, бағымды сынап көрсем қалай болар екен?» - деп ойлайды. Сөйтті де, баяғы республикалық кәзит жарамасыз деп тапқан «Күміс құмған» деген көшірме өлеңдер топтамасын облыстық болғанмен жекеменшік «Дүңкілдек дауысы» атты қағазға, тойыс үнқағаз, тойыс дауысқағаз... тойыс кәзитке қорқа-қорқа апарып тапсырды. Тапсырды да минут санап, секунд санап, жүрегі дүрсілдеп күтіп жүрді.
       Ертеңіне жергілікті теледидардан аузы жалпақ, әрі сәл-пәл қисықтау, танауы талпақ, әрі сәл-пәл пұшықтау, көзі сығыр, әрі сәл-пәл қилылау бірақ «приятная», «симпатичная» диктор қыз бет-ауызын жыбырлатып, саусақ-қолдарын сілтеп отырып, «Дүңкілдек даусы» кәзитінің бүгіңгі шыққан «свежий» нөмірін таныстырып, көпшіліктен сүйінші сұрағандай ентіге таңқаларлық жаңалық айтты...
       ...Сөйтсе, өнер әлеміне тағы бір талант келіпті. Ол – Қайрақов Егеуәлі-Бек Малтатасович екен. Әлемге тағы бір таңқаларлық, тап-тамаша туынды келіпті. Ол – оның «Күміс құмған» өлеңдер жинағы екен... Әне!