Әбдінағым Көшер

Туындылары


ИЛЛЮСТРАЦИЯ
(Сықақ)


Таңдандырар әлемді,
Өте үлкен көлемді,
Қалың тысты,
«Біртүрлі» түсті,
Түптеуі мықты,
Бір кітап баспадан шықты.
Бірақ тиражы сылыңғыр екен,
Иллюстрациясы вообще бұлыңғыр екен.
Себеп, суреттегі адамның да,
Басты герой – «Мадам»-ның да,
Түр-сипаты анық емес,
Бояулары қанық емес.

Мыстан кемпірдің тісіндей,
Шимай-шатпаққа түсінбей,
Нербіміз тозып, қыңырайсақ та.
Сығыркөзденіп, сығырайсақ та,
Түк ұға алмадық,
Танып-жыға алмадық.
Содан, көзіміз талып,
Қолымызға лупа алып,
Әрі үңіліп,
Бері үңіліп,
Адамды малдан,
Құйрықты жалдан,
Бұтаны талдан,
Безеуді қалдан,
Көпірді салдан,
Тосапты балдан,
Гайканы валдан,
Испанды галдан,
Байронды Дальдан,
Балконды залдан,
Гандиді Лалдан,
Арақты «пал»дан,
Жағдайды халдан,
Бартерді «нал»дан,
Серіні салдан,
Кемпірді шалдан,
Айыра алмаған соң,
Тағы үңіліп,
Тіпті бір суреттен,
Шошып кетіп, түңіліп,
Тілімізді «кәлимаға» қайыра алмаған соң,
Тура бас суретшіге тартып кеттік,
Сұрақтарымызды, арқамызға артып кеттік.
– Сатпақты ажырата аласың ба, суреттен,
Осы сені художниктікке кім үйреткен?
Міне мынау біреуі есек пе,
Әлде жаюлы төсек пе?
Ал мынауың ше,
Тізіліп тұрған арақ па,
Немесе тістері бөтелкедей тарақ па?
Мынауың кірпіш пе, парақ па,
Қасында қытай ма, арап па?
Түсініп бірден жайытты,
Сонда суретші айтты:
– Тура сюжеттен көшірдім,
Көрпеге қарап көсілдім.
Орды да кінәсіне қарап қазушы болар,
Баттасқан суретке,
Мен емес, кінәлі жазушы болар.