Құрал Көмек

Туындылары


ТОЛҚЫНДАР


Толқын-толқын тағдырды тоғыстырып,
Жалғандықты жаһанға үғыстырып,
Көк теңізге қарасам, келе жатыр,
Бір толқын, бір толқынды ығыстырып.

Толқындардың толқуын ұғып тұрып,
Толқындарға қараймын күліп тұрып.
Асау толқын келеді басын шұлғып,
Жағалауға тоқтарын біліп тұрып.

Бірімізден біріміз асып бағып,
Бірімізге біріміз төсін қағып.
Адам толқын келеді қарап тұрсам,
Кемерінде тағдырдың тасып ағып.

Тағдырлардың толқуын ұғып тұрып,
Адамдарға қараймын күліп тұрып.
Көкірегін кереді көкке балап,
Бұл фәниден өтерін біліп тұрып.

2009 жыл