Құрал Көмек

Туындылары


ШАБЫТ, ӨМІР...


Жаралғанда жалын жырлар жақұттан,
Шерім менің шөлін басқан шабыттан.
Жалғыз шумақ өлеңменен өмірдің,
Төсіндегі түймелерін ағытқам.

Дүлділ емес жыр ғой менің пырағым,
Аттақырға ұқсап кетті тұрағым.
Күнмен күліп, аймен мүлгіп жүрегім,
Ақша бұлтпен келер менің жылағым.

Алдым құз боп асау арна тұр ағын,
Жан дауасы қайда екен деп сұрадым.
Желдің әнін жырға теңеп тындаған,
Түріп алып тал жапырақ-құлағын.

Қарлығаштай қанаты бар жыр әнім,
Жарық-жалған, мәңгі емес құрағың.
Шуақтарға айналғанда шумақтар,
Оятады таудың мөлдір бұлағын.

Шабыт, шабыт, сәйгүліктей тосылма,
Ол жоқ жерде сен де жырға қосылма.
Бір шумағым бір-ақ жұтым ауадай,
Өмір сүру, өмір сүру осы ма.