Әмзе Қалмырзаұлы (Хамза Көктәнді)

Туындылары


Түркілер бесігі - Түркістан.
Бісміл-лахир-рахманир-рахим - Шапағаты мол, ерекше мейірімді Алланың атынан бастаймын. Өң мен түстің арасындай жүргендей күйден оянғанымда көргенім - қағаз, ұстағаным - қалам болды. Санам сергіп, көңілімнің көзі ашылған сол бір көктемнен бері он сегіз жыл өтіпті. Он сегіз жыл бойы өлең деп ұйықтап, өлең деп ояндым... Уақыт-көсем «Өмір - шектеулі, өнер - мәңгілік», таулар мүжіліп шөгеді, өзендер сарқылып, бұлақтардың көзі бітеледі. Бірақ адам баласы айтқан асқақ ойлар көнермейді» деп үйрете бастады. Ақыры, алмасып жатқан мезгілдер бірінде мынау дүниеге тектен-тек, себепсіз келе салмағанымды, адамзат балаларының игілігіне үлес қосатын өте бір жауапты жұмыс атқаруға тиісті екенімді түйсіндім. Ия, адамдар ешқашан тектен тек туа салмайды екен! Көкірегіме осындай ой түскелі атқаратын міндеттерімді жоспарлап, жүйелі жолмен жүре бастадым. Алғашқы ретке алты томдық шығармаларымды жинауды қойдым. Бұл алты кітаптың жалпы атауын «Өмірдің он сегіз жылы» деп атадым. Өйткені бұл осыған дейін жазғандарым еді - үлкен өнердің алғашқы баспалдақтары-тын. Бірінші томына жазғандарымның бағы ашылсын, асығы алшысынан тұрсын деген тілек-ырыммен «Алшы» атты есім бердім. Ой үстінде жүрген күндерде көкірегіме «азан шақырып қойған атымды осы кітаптардан бастап өзгерту керек» деген пікір келді. Іштей ниеттеніп жүргенімде, тал түсте «Мұңтегін» деді... тіксініп қалдым - ұнамаған еді. Дегенмен, кейін ойласам, халқымның өткен тарихы - мұңды, әні - зарлы екен. Ежелден түркі халықтарының тарихи қасиетті мекені саналатын Түркістан өңірі ерте заманда Саха-Тұран, кейіннен Түрік-Тұран аталыпты. Бұл географиялық атауға қазіргі күнгі Сырдарияның басы мен ортасы, Арал теңізі, Алакөл, Балқаштан сонау Алтайға дейінгі аймақ кірген. Егер грек тарихшысы Аррианның дерегіне сүйенсек, осынау киелі Түркістан біздің дәуірімізге дейінгі ІV-ші ғасырдың өзінде-ақ екі үлкен аймақтан тұрған. Ол екеуін қазіргі Шу өзені бөліп жатса керек. Ал орталығы Сайрам, немесе Шымкент қалаларының бірі болуы мүмкін. Тағы бір грек тарихшысы Гекатейдің жазбасында біздің дәуірімізге дейінгі VІ-шы ғасырда осы маңайда сақтардың парикан атты үлкен хандығы дәуірлеген. VІІ-ші ғасырда өткен қытай саяхатшысы Сюань Цзянь өзінің жазбасында Сайрамды - Нучигянь деп және оның Талас аймағының оңтүстік батыс жағындағы ең бай өлке, әрі ірі сауда қаласы болғанын атаған. Сайрам - алдымен Испиджаб, соңынан Ақшаһар аталып, Х-шы ғасырдан бастап Сайрам болып өзгерген. Себебі парсыша Сарям - бас кент, яғни астана қала деген сөзден шыққан деген пікір бар. Өйткені сол кездері маңайындағы Шымкент, Қарабұлақ, Манкент, Түлкібас сияқты кішігірім қалалардың орталық астанасы болған. Ал жасыл қала Шымкентке келсек, сол уақыттардың өзінде-ақ бұл аяулы мекен халықтардың көп шоғырланған кең өлкесі болғаны тарихтан анық. Белгілі археолог-ғалым Г.В.Григорьев ескі Қауыншы қаласынан табылған заттарды зерттеп бұл өлкенің тұрғындары тек мал шаруашылығымен ғана емес, сондай-ақ отырықшы ел болып, диқаншылықпен, егіншілікпен айналысқанын да дәлелдеген. Әрі қолөнері де қатты дамығанын айта кетеді. Сөйтіп біздің жыл санауымыздан бұрынғы VІ-шы ІІІ-ші ғасырда өмір сүрген сақтардың өткеніне үңіліп, оны тарихи негіздермен айғақтаған. Ал Александр Македонский Самарқанға енгенде де осы көшпелі сақ жауынгерлері Сырдариядан өтіп барып, грекше Политамент аталған Зарафшан өзеніне жетіп, әйгілі қолбасшының әскеріне ойсырата соққы береді. Ұлы Түркістан аймағына жататын осынау аталған жерлер арқылы өткен тарих керуені сонау есте жоқ ескі заманнан шеру тартып, сан түрлі құпиясымен, жұмбақ тылсымымен, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан шындыққа бергісіз аңыз-шежіресі және ұлттық рухани мәдениетімен біздің ғасырымызға жетіп ат басын тіреді. Осы аралықтағы уақытта бұл өлкеде кімдер болмаған? Сонау Ескендір Зұлқарнайынға жалғаса шыққан Шыңғыс хан - Темірге дейінгі тарих - өз алдына бір дастан. Мысалы Сыр бойындағы қираған Отырар (Фараб) қаласы Әбу-насыр әл-Фарабидің туған шаһары ретінде дүние жүзіне белгілі. Бұл бабамыздың оқу-білім іздеп сол кездегі Араб халифатындағы ірі білім орталығы болған Бағдатқа кетіп, өзінің ана - түркі тілінен бөлек араб, парсы, көне грек тілдерін жетік біліп, жүзден астам еңбек жазып қалдырған. Түркі тілдес халықтардың қасиетті астанасы саналатын бұл Түркістан уәлайатында ХІІ - ХІІІ-ші ғасырларда да алып ойлы адамдар дүниеге келіпті. Соның бірі - оқырманын қанағаттылық пен имандылыққа шақыратын «Диуани хикмет» атты кітап жазған - Ахмет Йассауи. Түркі тілдес халықтар арасына сопылық поэзия дәстүрін мықтап орнықтырған бұл кісі бүкіл Орта Азия мұсылмандарының рухани ұстазы болды. Өзінің жоғарыдағы атақты шығармасын түркі тілінде жазды. ХІІ-ші ғасырдың аяғымен ХІІІ-ші ғасырдың басында өмір сүрген түркістандық Ахмед Иүгінекиді замандастары білімпаз оқымыстылығы үшін «Әдиб Ахмад», яғни, «оқымысты, жазушы Ахмад» деп атаған. Жасынан зағиптық михнатын тартқан ақын-ғұламаның «Ахихат сыйы» атты кітабы дүние жүзіне тарады. Лақап есімі «Хакім ата» болып аталатын Сүлеймен Бақырғани - Ахмет Иассауидің мүрит-шәкірті. Ол ұстазы үлгісімен өмірдің жалғандығын айта отырып адамдарды мейірімділікке, қанағат пен имандылыққа үндеді. Мұсылман діні аңыздарының негізінде сюжетті өлеңдер жазып, қисса-назира жанрының көшпенді түрік ел ақындары арасына қалыптасуына бастау болды. Оның «Бақырғани кітабы» («Ақырзаман кітабы») дидактикалық сарында жазылып, таң сәріден тұруды, Алладан ақ ниетпен тілеуді, еңбекті сүюді ғибраттады. Бұл үш адамның есімі тікелей Түркістан тарихына байланысты айтылады. Жерлестеріміз Шымкент қаласынан көрініп тұрған Қазығұрт тауын Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған, Адам ата - Хауа ана ұрпағы қайта тарқаған жер ретінде киелі тұтып, топырағы мен тасын теберік көріп тау етеді. Осы таудан онша қашық емес жерде - Ордабасы тауында - 1726 жылдың мамыр айында қазақ даласының түкпір-түкпірінен үш жүздің баласының басы қосылып, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билер жалынды сөз сөйлеп, елдің игі жақсыларын ынтымақ-бірлікке шақырған. Қазақ жерін жоңғаар басқыншыларынан азат ету үшін, ортақ жауға жұмған жұдырықтай түйіліп аттануға ежелгі дәстүр бойынша ақбоз ат сойып анттасқан. Кейбір деректер бойынша бұл ұлы жиынды Болат хан ашып, Қазыбек бидің ұсынысымен Әбілхайыр хан бас Қолбасшы болып сайланып, символикалық ұрыс туын қарт Бөгенбай батыр көтерген. Сондықтан осы қасиетті жерде 1993 жылы Қазақстан Республикасы егемендігінің туы көтеріліп, ұлан-асыр той өтті. Сол жылы қазақ, өзбек, қырғыз елдерінің тұңғыш Президенттері болашақта ынтымақтаса-бірлесе жұмыс істеу мақсатында көптеген өзара саяси хаттамаларға қол қойды. Бұл жер бүгінгі күні ²әдени-тарихи қорыққа айналдырылған. Шымкент қаласынан жиырма шақырым келетін Ордабасы тауы, міне, осындай тарихи жер. Дегенмен бұл тау бағзы замандардан қасиетті мекен болғанын да айта кету керек. Ордабасы биігінің шығыс беткейінде бір сызық бойымен қойылған көне молалардың орны әлі күнге көрініп жатыр. Археологтардың айтуына қарағанда, бұл қорымдар біздің жыл санауымызға дейінгі VІ- V-ші ғасырларға жататын сақ дәуірінің ескерткіштері, яғни, бұл тау өте көне заамандарда да қасиетті саналған. Ру мен тайпа көсемдері, атақты адамдар жерленген... Қазақстанның археологиялық картасында орта ғасырдың тарихи жазбаларынан есімі белгілі Сүткент, Сауран, Қарашық, Қарақорун, Ақсүмбе, Созақ, Отырар (Фараб), Сайрам (Исфиджаб) сияқты ғажайып қалалар қатарында Шымкент қаласының да тамаша тарихы барлығын жазады. Соңғы жүз жыл ішінде де қазақтың бұл көне өлкесінен ұлттық рухани мұра тудырушы талай талантты саңлақтар шықты. Оңтүстік қазақстандықтар жиырма үш жасында өмірден өткенімен соңына өшпес із қалдырған түркістандық ақын-жазушы, мемлекет қайраткері Саттар Ерубаевты, қарт Қаратаудан самғаған қыран жазушы Тәкен Әлімқұловты, ақын әрі мемлекет қайраткері Мұхтар Шаханов сынды көптеген жерлестерімізді жоғарыдағғы ғұлама бабаларының өнер мен өмір жалғасы ретінде мақтаныш етеді. Түркі елдері тарқаған қара шаңырағы ретінде қасиет тұтатын осынау Түркістан өлкесі бүгінгі күні Қазақстан республикасының саяси әкімшілік картасында Оңтүстік Қазақстан облысы деп белгіленген. Бұл қасиетті аймақтың жер басып жүрген қанатты, дарынды перзенттерін әдеби кейіпкерге айналдыруым - жақсы жандар өмірін болашақ ұрпақтарымызға үлгі-өнеге етіп нитінен туды... Өйткені қасиетті туған жер аталған кезде арғы жағында оның текті ел-жұрты, асыл азаматтары барлығы анық. Әрине, әрекет - адамнан болғанымен, көздеген мақсатқа жетуің - құдайдың ісі. Сондықтан жаратушымнан күш-қуат, өмір, сәттілік тілеймін. «Көп тілегі - көл» деген, Сіз де тілектес бола жүріңізші, қадірлі оқырманым!