Ерсін Қойбағарұлы

Өмірдерек


Ерсін Қойбағарұлы 1946 жылы 23-сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданындағы Құрлық ауылында туылған. Ленгір қаласындағы N2 қазақ орта мектебін күміс медальмен бітірген ол, одан соң Алматы Мемлекеттік Медицина институтын тәмамдаған. Мамандығы медпсихолог, психотерапевт.

Ерсіннің үлкенді-кішілі 14 кітабы жарық көрген. Оның ішіндегі бір кітабы (“Яшлигим-бебошлигим”) өзбек тілінде Ташкенттен және (“Адам асырайтұғын арза”) қарақалпақ тілінде Нөкістен шыққан. Біршама әңгімелері орыс, түрік тіліндегі басылымдарда жарияланды. Оның туындылары 10 ұжымдық жинақтарға енді.

2006 жылы Ерсіннің 2 томдық таңдамалы шығармалары Алматыдағы “Жедел басу баспаханасында” басылып шықты.

“Мың бірінші құпия” сатиралық кітабы жарық көрген Ерсіннің біршама интермедиялары сахналанды.

Соңғы жылдары ол драматургия тақырыптарына қалам тартып жақсы нәтижелерге жетті. “Қасірет қақпаны” трагедиясы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда, “Бала мен Қайыршы” драмасы облыстық Ж. Шанин атындағы драматеатрда, Жетісайда, Таразда көптеген халық театрларында, мектептерде қойылып, көптің көңілінен шықты. “Қызғалдақты жұлмаңдар” пъесасы 2008 жылы республикалық конкурста жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Орыс тілінен аударған Костинскийдің “Тосын сыйы” қуыршақ театрында, өзбекшеден аударған Дзиндзу Киноситоның “Тырна ұлпалары” облыстық драматеатрында қойылды.

Е.Қойбағарұлы Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі.

1999, 2001 жылдарда облыс әкімінің стипендианты, 2000 жылы ҚР Мәдениет комитетінің “Құрмет грамотасымен”, 2001 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған.

1972-1974 жылдары Карелияда әскери бөлімінің медицина қызметін басқарып жүріп, (шені медицина қызметінің капитаны) әскери тақырыпқа жазылған үш повесінің орысша нұсқаларын Мәскеуге жіберіп конкурсқа қатысқан Ерсінге 2006 жылы “А. Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты” дипломы мен “А. Фадеев” алтын медалі, “Адмирал Нахимов” төсбелгісі тапсырылды.

Ереванда, Харьковте, Мәскеуде (2 рет), Тәшкенде, Алматыда білімін жетілдірген Е.Қойбағарұлы дәрігерлік мамандығы бойынша да көптеген марапаттар алған.

“Сайрам ауданының Құрметті азаматы” Ерсін Қойбағарұлы бұл күндері Шымкенттегі “Шипагер” медициналық орталығының жетекшісі.



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу