Қарауылбек Қазиев

Туындылары


АҒАЙЫН АРАСЫ (ӘҢГІМЕ)


      Дүниеге келген әрбір перзент өзімен бірге қаншама қуаныш әкеледі десеңізші. Міне, босағамыздан Марат аттағалы «ақ түйенің қарны жарылды» демекші, үй-ішіміз қуаныш-шаттықтан бір елі босап көрген жоқ Мараттың мамасы мен осы жолдар иесіне ақ тілеу, жақсы ниет айтып келген дос-жоралар ағыны бір апта бойына созылған еді. Барлығының аузында жарқын сөздер:
      - Адам не ұшқыр ойы, не ұрпағы арқылы мұра қалдырады, егініңді егетін марат келіпті дүниеге, енді сенің не арманың бар, - деп мені көтермелесе, Мараттың мамасын да қошаметтеп қояды.
      Осындай ағыл-тегіл болған үлкен жиыннан бүгін ғана арылып, кең тыныс алғандай жағдайымыз бар еді. Күн жексенбі болатын.
      - Ал, Қаншайым, мен мына дүниеліктерді жинайын да, моншаға түсіп келе қояйын. Ашылып-шашылмай жинақы отыр, терің қатып қалып жүрер, - деп жасы үлкен кісілерден естіген сөздерімді де қоса тапсырып жатырмын.
      - Әлгі Төлегеннің әйелін көрмейсің бе, босанғаннан кейін алақ-салақ жүремін деп белін суық ұстап, әлі күнге дейін шойырылып жүргенін. Тамақты тоя ішіп денені суыққа алдырмасаң болғаны, екі-үш күнде-ақ көтеріліп кетесің...
      Қалай дегенмен бұрынғыдай емес, барлық жақсы сөздерімді айтып бәйек болып жүрмін. Себебі, ол – Мараттың мамасы ғой!
      Үй-ішін жинастырып болып тысқа шыға бергенім сол еді, табан астынан телефон даусы баж ете қалды.
      - Алло, Қауынбаевтың пәтері ме?
      - Иә.
      - Әй, шорт, Жандарбекпісің, танымайсың-ау, ә?
      - Шамалы шырамытып тұрмын.
      - Шырамытып дейсің бе, ей, тойынған екенсің!
      Мына сөз жүрегіме таспен атқандай қатты қадалды. Дені сау адамның қолданатын сөзі емес қой. Дегенмен, сыпайылап бақтым:
      - Апыр-ау, жүзбе-жүз кездессек сөз басқа еді, телефон арқылы танымады деп жазалауыңыз...
      - Ай, шиқаны шыққан қызыл сөздеріңді таста, соншама тілмарлықты үйреніпсің ғой өзің. Мен Одабаймын, танымасаң ал, әні, - деп айтқан сөздерін шеге қаққандай етіп, нығыздап қойды.
      - О, Одабай ағай екенсіз ғой, жағдайыңыз жақсы ма?
      - Жағдайды қайтесің, оны барғаннан кейін көре жатарсың, ана інішектің бауы берік болсын айтайық деп едік, сәндерің бар ма қалай?..
      - О не дегеніңіз, әрқашан да дастарқанымыз даяр емес пе... Иә, жеңгейдің, іні-қарындастардың хал-күйлері жақсы болар?
      - Батыр-ау, сонша не ғып еметайың езіле қалды. Айттым ғой, жеңгеңді де, іні-қарындастарыңды да, мені де барғаннан кейін көресің деп, құр сөзбен майдалағанша жақсылап тұрып даярлана бер, жиырма минуттан соң дік ете қаламыз.
      - Жарайды, біз даярмыз – дегенше болған жоқ, телефон трубкасы «пип-пип» безектей жөнелді.
      Одабай ағайымзыдың әлгіндей сөздері көңілімізге кірбің кілегейін үйірсе де Қаншайым екеуіміз дайындық жұмыстарына кірісе бастадық. «Тойған екенсің, әй» деген сөздері ішімді жалап барады. Дәл осы сөзді айтатын ыңғайы жоқ еді.
      Біздің студент кезімізде екі рет жиырма сомнан ақша салғаны бар болатын. Әлде, сонысын пұлданып тұрғаныма? Жә, адамның ойына әртүрлі пікірлер келе береді екенау. Шамалы қызулықпен інішегім деп айтқан ағалық назы болар. Қызған адамның аузына не кіріп, не түспейді дейсің. Соны да ауыр алуға бола ма, тәйірі.
      - Қаншайым, ақаңнан қанша бар еді?
      - Біржарым бөтелке ғана бар шығар, барлығы бітіп қалды емес пе. Өзіңе де обал жоқ. Үйге келгендердің аузынан құйып, ләйлітіп шығармасаң, көңілің тыншымайды.
      Ертеңіңді бір ойласаң нетті...
      - Ой, Қаншайым-ай, бәрі де Мараттың қуанышы ғой, әйтпесе соншама шашыла беру маған да оңай тиеді деймісің, - деп Қаншайымның тершіген маңдайынан иіскей беріп едім:
      - Жә, көлгірсінбей әрі жүр, сол қалған арақ та жетеді, ертең нансыз отыратын жағдайым жоқ, - деп бет бақтырмастыққа басты.
      - Қанышжан-ау, олар бізге ағайын ғой, жаңағы айтқан сөздерін де естідің, келген кездерінде асып-төгіліп жатпаса, өсек қып кетеді. «Бір екі бөтелке арақ үшін қалтырап отыр» деген сөзге қалу – саған де, маған да лайықсыз ғой. Бір есебін табалық?
      - Қызықсың, Жандарбек, жағдайдың бәрін көріп, біліп отырып жөні жоқ әкіреңдеп кетесің. «Барды-жоқты білмейді, бал тілейді тамағым» дегеннің кері ғой мұның. Бар боп тұрып таршылық етсем сонда айт. Қолыңда бір тиын ақша жоқ боп тұрып «ананы алайық, мынаны алайық» дейтінің не осы...
      - Ептеп қысылып жатқанымыз рас, Қаншайым. Осы күн біздің басымызға қаншалықты орнап қалар дейсің. Анау-мынау деп саудаласып жатуға уақыт тар, ана магазинде істейтін подругаңнан екі бөтелке ақ сұрап әкеле ғой. Мен жақсылап тұрып күріш баса берейін. Айлыққа үш-ақ күн қалды ғой, оған дейін әжетке жарай тұрар.
      - Иә, сенің осындайың бар, әйтеуір айтқаныңды істетесің,- деп Қаншайым теріс қарады.
      Онысы – көнгендігі, келіскендігі. Арақ алу әрекетінің біздің үйге ұрыс-жанжалмен келетіні ежелгі әдет. Арақ келсе, үйімізге оқ жылан кіріп кеткендей-ақ тыжырынып қалу да Қаншайымның ежелгі әуені. Зәрі болмаса да қабақ шытып, бір бұртиып алмаса көңілі тыншымайды. Зәді, арақтан кейінгі лаңнан қашады ғой деймін.
      Сонымен, Қаншайым араққа кетті.
      Палаудың сәбізін, пиязын, етін турап болып, енді ғана қоңырсытып жатқанымда сап етіп Одекеңдер де жетіп келді. Фатима жеңгей маған әзілдеп:
      - Басыңа ақ жаулық орап алсаң, құп келісіп қалады екенсің, - деп жатыр. Байқаймын, қазан-аяқпен араласып жүргенімді ерсі көрген сияқты. Кезінде білмегеніміз ғой, болмаса Жандарбек секілді қаладағы біреудің етегінен ұстап екі қолымызды жылы суға малып отырар едік, қарашы отпен кіріп, күлмен шығып жүргенін.
      - Жеңгей-ай, осылайша күнелтпесек келініңіз ас беруші ме еді, ерке ғой, - деп жатырмын мен де әзілдеп.
      - Әрине, бір-бір шолжаңды асырап отырсыңдар ғой,мына біз сияқтылар болмаса, - деп сөзінің бір ұшын Одекең ағайға да тигізіп қойды.
      - Екеуің кездессеңдер, осылайша ілінісе түсетіндерің не? Балтай-шалтайды қойып мына інішектің көрімдігін шығар, - деп Одабай бәйбішесіне бұрылды. Сосын маған қарап:
      - Қаншайым бір жаққа кеткен бе? – деп сұрады.
      - Келініңіз көршіге кетіп еді, қазір келіп қалады. Кәне, шешініп жіберіңіздер, әй, сен екеуің неғып тұрсыңдар төрлетпей, - деп ағайдың балаларының қолын алдым.
      - Кеше ғана мұрындарының қаспағын тазалай алмаушы еді, қара, бұлардың жігіт болып қалуын, аяқтарыңды шешіп ішке еніңдер.
      - Ойбай-ау, тағы да сонысы бар екен ғой. Әй, Одабай етігіңнің шаңын борпылдатпай шешіп шық, түге. Келін келіп басымызға әңгір таяқ ойнатып жүрер.
      - Жә, таза шаң ғой, ешнәрсе етпейді, - деп Одекең ағайымыз жаңа ғана айнадай ғып жуып қойған еденді батита із қалдырып, түпкі үйге тартты.
      - Ешнәрсе етпейді, оқасы жоқ, - деп жатырмын мен жеңгейдің де аяқ киімін шешпеуін өтініп. Болар іс болды, керзі етіктің шаңының өзі-ақ шешініп кірісетін жұмыс тілейтіндігіне көзім жетіп тұр.
      - Інішек, молодец, тұрмысын түзеп алыпты. Құтты болсын. Гарнитур алғандарыңды естігенбіз.
      - Біз құсап тапқан-таянғандарын құлқынға сала бередіғой дейсің бе бұлар? – деп женгембіз ағайға тағы да шаптыға сөйледі.
      - Мен саған сөзді қой демедім бе, шығар одан да інішектің көрімдігін.
      - Женгеміз сумкасынан үш көк мойынды сурып алды.
      - Інішек үшін әдейі Ташкенттен алдырған едім, кәне бірінің аузын ашып жібер.
      - Одеке-ау, дастарқан даяр болсын да, мен қазір бес-ақ минуттың ішінде жасап жіберейін.
      - «Жаман үйдің қонағы билейді» болмасын, інішек үшін ізін суытпай біреуін тастап жіберейік, бұл біздің өзіміздің үй ғой, арнайы жасақталудың қажеті жоқ. Қалғанын дастарқанмен ішеміз.
      «Кок мойынның» басы менің көмегімді күтпей-ақ, Одекеңнің тоқпақтай жұдырығынан ұшып түсті. Көпіршіген ақ көбік аспанға шапшыды.
      - Стакандарды келтір, айналайын інішектің өмір жасы ұзақ болып, тең құрбысының алдын бермесін...
      Қаншама ыңғайсыз болғанмен бір-бір стақан шампанды тартып алуға тура келді. Ағайымыздың маңдайынан ыстық тер бұрқ ете қалды.
      - Түу, сусынсырап қалыппын ғой, - деді де төсекке гүрс етіп жантая кетті. – Ал енді дастарқан қамына кірісе беріңдер.
      Менің денемді өткір бір нәрсе осып өткендей болды. Ағайымыздың керзі етігінің айшық тағасы қисая бергенінде төсектің ернеуін сырылдата сызып түсті. Бұдан бір-ақ ай бұрын несиеге алынған дүниеліктер еді. Бетінің тілініп түскені ішімді у сепкендей ашытты. Мейлі, енді болар іс болып, бояуы сіңді. Тек Қаншайымның көзі түспесін. Жап-жалтыр гарнитур бетінің қазіргі осылып түскенін көрсе, тұп-тура жылаудан да тайынбас ол сабазың... Ағайымыз бұрыннан да сылқита тойып алса керек, төсекке басы тие беріп-ақ қорылға басты.
      Мен тамақ жабдығына қайта кірісіп жатқанымда Қаншайым келді. Үйдің ішіндегі айғыз-айғыз табан ізін, босаған бөтелке, мыжырайған төсек орынды көрді. Жүзін қанша жылытуға әрекеттенгенімен аржағындағы реніші байқалып тұр. Алайда, ешқандай сыр білдірмеуіміз керек.
      - Қаншайым, ағайлар шаршап келіпті, тезірек қимылдап жіберейік, - депжалпаңдап жатырмын. Бар ойым қонақтарымыз кетер кеткенше ренішімізді білдірмеу.
      - Ішкі үйге бар да жеңгеңнің қолын алып, балалардың бетінен сүй.
      Мен сөзімді аяқтап болмай, ішкі үйдегі екі баланың жанжалдасқан дауыстары шығып қалды.
      - Мынау менің гүлдерімнің барлығын тартып алды, жапырақтарын да бермейді, - деп жыламсырап тұр әлгінің кішісі:
      Мәссаған, керек болса!? Жаңа ғана жайнап тұрған фиалка гүлінен ешқандай ұсқын қалмапты. Жүнін жұлған тауықтай әлем-жәлем.
      - Үйдегі гүлді жұлуға бола ма екен?..
      - Мен емес, мынау.
      - Ии, өтірікші. Сен ғой алдымен алған, - деп екеуі бір-бірін жұлқыласады.
      - Бұл жүгермектер ме, бұл жүгермектерге тас та шақ келмейді, - деп жеңгеміз екі баласын томпылдатып ұра жөнелді. Азынаған дауыстан үйдің іші ұлып кетті.
      - Қойыңыз жеңгей, бала ғой, не біледі дейсің, - деп амалсыздан араға түстім.
      - Ой, бала болмай пәле басқыр, қыршындар өңшең, бір үйге барса өстіп бүлдірмесе, отыра алмайды бұл көктей солғырлар,- деп тағы да тұра ұмтылды.
      Қаншайым екеуіміз екі жақтап жүріп үйлегі жанжалды әзер бастық. Гүлге салауат, бәрінен де айқай-шу мен шаң-шұң өтіп барады. Көршілеріміз де есіктерін ашып, үріккендей шошына қарасады. Жанжал болса, қызықтап қарап тұрудан тайынбайтын сияқты...
      Екі баланы басқа бөлмеге тығып қойғаннан кейін барып жеңгеміздің желігі басылғандай болды.
      - Тіпті осылармен-ақ шашым ағаратын болды, - деп те тынши алмай, анда-санда еліріп қойып отырды.
      Шай даярланып, дастарқан келді. Әлгінде болып өткен шайқастан бейхабар жатқан ағайымызды ояттық. Екі көзі білеудей боп ісіп кетіпті. Қанталағандай қып-қызыл болып тұр.
      - Келін шырағым, кішкенелеріңнің бауы берік болсын, - деп шайға отырды. Ақмағанбет екі айналып шыққанша дастарқан үстін тып-тыныш үнсіздік басты.
      - Бөліп берер ешнәрсеміз болмаса да адам болғандарыңа үйде отырып қуанып жатырмыз. Сендерді жақсы десе біздің де төбеміз көтеріліп қалады. Дендерің сау, балаларың бақытты болсын. Ал, мынаны ақтай алып тасталық...
      Үшінші бөтелке босауға таянғанда дастарқан басы дабырласып қалған еді. Сөзді жеңгеміз бастады.
      - Келмей жатып есімізді шығарды-ау деп сөкпеңдер айналайындар. Келсек, Мараттың қуанышы үшін келдік.
      - Әрине, жеңгей, қуаныш үстіне келгенге не жетсін.
      - Көңілдеріңе келсе де айтайын, мына ағаң екеуіміздің қалап келіп отырған бір затымыз бар. Оны неге сұрамайсыңдар?..
      - Айтыңыз, айтыңыз, - деп көз қиығымды Қаншайымға салып қойдым.
      - Айтсақ, тентек шоқап жинайды дегендей өңшең ағашты қайтесіңдер саудыратып, мына гарнитур дедіңдер ме, соның жартысын қалап келіп отырмыз.
      - Жартысы қалай?-деп аңырап қалдым.
      - Бір басқа бір көз демекші, сендерге бір төсегі де жетпей ме, бір төсек, бір шифоньерін берсеңдер болғаны.
      Қаншайым екеуіміз бір-бірімізге қарастық.
      Келіншегімнен мақұл көрген рең танып отырғаным жоқ.
      Шынында да, ыңғайсыз нәрсе ғой. Мен бұл дүниеліктерді бөлек-салақ ұстамайтынын, барлығының бір болатындығын түсіндіре бастап едім, ағайымыз тұрып:
      - Жә, көмейің белгілі болды, біз сенің бірдеңкеңді алып, жарымай келіп отырғанымыз жоқ. Жеңгеңнің жәй сандалған сөзі ғой, - деп зекіп қалды.
      - Иә, жай ғана қайтер екен деп айтқаным ғой, болмаса, Құдай біреуге күнімді қарата қоймасын, - деп жеңгемізшықты.
      Қараптан қарап отырып ыңғайсыз жағдайға Қаншайым екеуіміз қалдық.
      - Ал, ыстық шайдан алыңыздар, қазір тамақ та даяр болып қалады.
      - Ас-суларыңа рахмет. Енді жүрелік, біз келгелі де біраз уақыт болды, - деп ағайымыз жинала бастады.
      - Одеке-ау, даяр асты аттап кеткеніңіз бе? Тамақ жеп, шәй ішіп-ақ жайланып жүрмейсіздер ме?
      - Көрер сиымызды көрдік қой, енді жүруіміз керек. Әй, қатын, неғып былшиып отырсың, жинал түге. Әлгі балалар қайда?
      - Ана бөлмеде қамаулы жатыр.
      - Қамалғаны несі?!
      - Е, қайдан білейін, шырылдатып сол үйге апарып тастап еді ғой, бағана.
      Сол-ақ екен арғы бөлмеден кіші баласы жүгіріп келіп:
      - Папа, мына үйдің барлық ағаштары айна болады екен.
      Кенжебек оларды сызды, - деп қос танауы пыш-пыш етіп тұр. «Мына бетімен кеткендер тағы бірдеңені бүлдірмесе игі еді», деп арғы үйге кіріп барсам, Кенжебегі тұрып:
      - Мынау менің айнам, мынау Жексеннің айнасы, - деп шифонерьдің бетін сызғылап отыр.
      - Әй, дүниеліктердің бәрін құртып болдыңдар ғой, - депқолыңдағы шегені жұлып алып едім Кенжебегінің мөңірепкеп қоя бергені.
      - Осы үйге келгелі бері жылаудан –ақ көздерің ашылмады-ау. Нелерің бар еді, шиқаны шыққанның дүниеліктерінде. Ойбайламай шық бері, үйге қайтамыз. Ой, желкең үзілгір түйнек, - деп жеңгеміз Кенжебекті дырылдата сүйрей жөнелді.
      ... Тысқа шықсам Одекең де жүруге даярланып қалыпты.