Әселхан Қалыбекова

Туындылары


БҰТАДАН СЫҒАЛАҒАН БІЗ БІР ҚОЯН

Нәпсіні тәтті тамақ жалаңдатар,
Бұрылсаң көрмейін деп алаңдатар.
Су болып сілекеймен у боп сіңіп,
Дегенін жасаған соң жамандатар.
Өзіңе өз денеңді ауыр қылып,
Түрғызбай орыныңнан табандатар.

Жей берсең тұлыптай боп семірерсің,
Тойсаң да тиыла алмай емінерсің.
Аранның емпең қаққан есегі боп,
Ақылдың ықпалынан шегінерсің,
Сайтанның суатынан сылқия ішіп,
Ары боп хайуаннан не білерсің?

Ұялсаң адамдықтан намаз оқы,
Өткеннің өсиетін ойға тоқы,
Жүргенде кекірейіп кеш қаларсың,
Қырына алмай қоймас ардың соты,
Нәпсіңе құрық салып, құлшылық қыл,
Құдайдың бәрімізге бұйрығы осы.

Өтелмес қияметсіз ардың құны,
Жұмсайтын секілді емес бардың пұлы.
Көзіңді қарай берсең бұлдыратар,
Таулардың алыстағы тарғыл шыңы.
Қаншама ойланғанмен бізге көмес,
Өзіңе ғана аян Жардың сыры.

Адам аз ала жіптен аттамаған,
Енді оның атын қайтіп ақтап алам.
Өзімде сол күнәкар көптің бірі,
Қайтпайтын алған беттен ақпа надан.
Күні-түні Иллалланы қайталадым,
Жәрдем бер қысылғанда Хақтағалам.

Әркімнің өз бәлесі өзіне аян,
Ермейді періштеге өсек аяң.
Қумаңдай қуға сенген кездерім көп,
Тұрғандай ауызын ашып бақа шаян.
Жүзімнің шарабы деп ат қойыпты,
Жаратқан нұрына елтіп Омар Хаям.
Аңдасам оның бәрі әулие екен.
Жанымды енді апарып қайда қоям.
Ібіліс қырық саққа ойды әкетіп,
Намазды таза оқуға бермейді аял.
Үстінде жайнамаздың тілің сырғып,
Қызықтап отырасың бейне баян.
Жеңілген көрінеді бұл майданда,
Аузымен құс тістеген небір ноян.
Аңшының хабарынан зәре кетіп,
Бұтадан сығалаған біз бір қоян.