Әселхан Қалыбекова

Туындылары


АНА

Жерге түсіп шыр етсең, кесіледі кіндігің,
Іңгәлаудан басқаны ол заматта білді кім?

Тыншығады әйел де солай болу тиіс деп,
Ауырсынып жатса да шаранасын иіскеп.

Омырауын идіріп, уызына жарытып,
Аялайды елжіреп, махаббатын дарытып.

Бөбегінің талпынған әр қылығын жыр етіп,
Жетілдірер қанатын сылап-сипап түлетіп,

Тілек тілер Алладан әр күн дала таңынан,
Дүниеде қымбат жоқ ана алақанынан.

Жан-анаңның жанкешті еңбегімен өсесің,
Бейнетінің ешкім де қайтара алмас есесін.

Ана болу бақыты – дүниенің ұлы ісі,
Жалғастырып келеді Хауа ананың жынысы.

Әйел – ана, Жер – ана, Көктем деген бір-ақ сөз,
Соны ұғар бітеліп қалмасын тек құлақ, көз.

Сатылады бәрі де, заманның тар пейілі,
Сатылмайтын анаңның ақ сүті мен мейірі!

/p