Әселхан Қалыбекова

Туындылары


АЛЛАХАЙ!

Туа сала анаңа жабыстырған Аллахай!
Алақайлап далада жарыстырған Аллахай!

Біреуді әлсіз, біреуді мықты қылған Аллахай!
Бір жаман, бір жақсыны жұпты қылған Аллахай!

Он сегіз мың ғаламды жаратушы Аллахай!
Орын орнын белгілеп, таратушы Аллахай!

Сынақтамыз өлгенше, ерікті емен Аллахай!
Жазмышыңнан оза алмай көріп келем Аллахай!

Әже болып алпысқа көтерілдім Аллахай!
Әдіптедім қысқасын етегімнің Аллахай!

Тәуекелшіл болсам да жүрек шерлі Аллахай!
Біссіміллам байытар бір өткелді Аллахай!

Иллалла деп зікірмен таң атқыздым Аллахай!
Дидарыңды көруге талап қылдым Аллахай!

Жақсылардың орын бер қатарынан Аллахай!
Өзің сақта шайтанның шаһарынан Аллахай!

Ұлық ием алғанда кеңдігіне Аллахай!
Ғибадатым жабылар кемдігіме Аллахай!

Иманыма ұйыған періштелер Аллахай!
Рухымды аялап, ғарышқа енер Аллахай!