Әселхан Қалыбекова

Туындылары


АЛАҚАН (АЛЛА ХАН)

Он саусақты икемді еткен Алла хан!
Бесік қозғап, күй тербеткен Алла хан!

Жұдырықты жұмылдырған Алла хан!
Бірлік күшін ұғындырған Алла хан!

Масайраушы еді қылығымен ханға тән,
Алақаным тік көтерсе жан ботам.

Ассалаумаағалейкум деп қысқанда,
Қарымыңды байқатасың дұшпанға.

Тайғақ құздан құтқарады жалғасаң,
Құдыретті қанат болар самғасаң.

Жанарыңды сүртіп алыс қараған,
Қанша керек қызметіңе жараған.

Тәрбиеші тұла бойға, денеге,
Алақансыз адал тірлік өне ме?

Дастарханға толтырып ақ пейілін,
Алақаннан анаң төгер мейірін.

Ғылым іздеп, тарих көмген топаннан,
Қалам алып ақ қағазға қотарған.

Шым еткізер жүрегіңді аңсарың,
Ғашығыңа тиіп кетсе саусағың.

Алақансыз беріле ме оң батаң.
Алақансыз көркейе ме жер жаһан.

Көңілін күндей ашасың ғой жасыған,
Бір жетімнің сыйпай салсаң басынан.

Қос алақан сүйеу болса сәл ғана,
Маңдайыңды тигізесің сәждаға.

Алақаның жоқта қолың қу томар,
Таңдайыңа қайтіп сенің су тамар.

Алладағы екі л-нің біреуі
Түсіп қалып ала болған тілеуі.

Алла ханнан еш ұлық жоқ аса алған,
Алақаннан жауыздық та жасалған.

Алла хайым! Алақай боп жетіпті,
Алла ханым! Алақан боп кетіпті.