Әселхан Қалыбекова

Туындылары


АЙТТА АЙТАР АҚ ТІЛЕК

Исламға жүгініп, шындап айқын,
Алды-артыңа кез келді бір қарайтын.
Мұсылманның мүбәрәк мерекесі,
Құтты болсын, бауырлар, Құрбан айтың.

Құдайға атап көк қошқар шалатұғын,
Пайғамбардың үмбеті болатұғын.
Айтыс, көкпар теңелтіп бай-кедейді,
Ақырды ойлап, пақырлық қалатұғын.

Өз ғұрпыңның жетпесең қадіріне,
Өзгелердің иландық жәбіріне.
Адал дәмнің орынын арақ алып,
Жылап кеткен дәстүрдің жазығы не?!

Басымызды шақ қылып бөркімізге,
Ажар беріп жайнатып көркімізге.
Асты-үстін нан қылып қара жердің,
Қойған жоқ па Жаратқан еркімізге.

Терімізді тырситып теріс амал,
Жаһаннамға айдайды пері самал.
Ығай менен сығайға бәрі жомарт,
Қайырымды Құдайға бәрі сараң.

Жұрт қатарлы жүрмін деп ұйғарарсыз,
Сыбыр еткен сайтанға иланарсыз.
Шемен буған кеудеңді бұрқ еткізер,
Басы жарық шоқпардай иман әлсіз.

Әзіреті Сұлтандай асылдарға,
Тамсанумен өтеді ғасырлар да.
Құрбан шалсаң көтерер көкке сені,
Қияметтің пердесі ашылғанда.

Мәңгіліктей көреміз күн жарығын,
Бір Құдайдың сезбейміз мырзалығын.
Құрбан шал деп шарт қойған құрбан айтта,
Қан шығарып сұрайсың ырзалығын.

Бабаларым ең асыл тапқан үлгі,
Жат ниеттер кезбесін бақтарымды.
Өз дініне, тіліне салғырт қарап,
Опасыздық қылғаннан сақта бізді.